Knigionline.co » Казахские книги » Кочевники II. Борьба / Көшпенділер ІІ. Жанталас

Кочевники II. Борьба / Көшпенділер ІІ. Жанталас - Ильяс Есенберлин / Ілияс Есенберлин

Книга «Кочевники II. Борьба / Көшпенділер ІІ. Жанталас» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Роман «Жанталас» повествует о борьбе Казахстана с иноземными захватчиками в XVII-XVIII веках и о завоевании Абулхаир-ханом западной части Казахстана Российской империи. В книге упомянуто вероломное нашествие Калмыцкого ханства на народ Казахстана, описаны бои под Алаколом, в районе Ордабасы, личные переживания Абулхаира, который попал под власть Российской империи.

Кочевники II. Борьба / Көшпенділер ІІ. Жанталас - Ильяс Есенберлин / Ілияс Есенберлин читать онлайн бесплатно полную версию книги

— Әй, қалай болар екен?! Менің жігіттерім Көкжал Бараққа татымайды ғой. Оған қарсы ұрыс ашуға кімнің батылы барады...

— Церен-Доржиды қасында Барақ жоқ кезде өлтіреді.

— «Барақ жоқ кездеңіз» қалай? Бәрі бірге аттанады ғой.

— Барақ сұлтан ымырт үйіріле, осы біздің ауылдың тұсына қарай кейін қайтады.

— Неге?

Әбілқайыр жүдеу ғана езу тартты.

— Иә, Барақ кейін қайтқан соң, сендер Қанды жартас түбінде андып тұрып Церен-Доржидың тобын басуларың керек. Бірде-бірін тірі жібермеңдер. Біздің ордадан аман кеткені бүкіл жұртқа аян. Сонан кейін елшісінің қанынан Барақ сұлтанның өзі ақталып көрсін.

Әңгіменің ар жағы күбір-сыбырға айналып кетті. Бұл кеңес біткеннен кейін, сүт пісірімдей мезгіл өтер-өтпесте, қасында қару-жарақты елу жігіті бар Тайман батыр хан ауылынан күншығыс жаққа қарай қиялап шыға берді.

Әбілқайыр үйде оңаша қалды. Бейуақта берілген әмірінен бөтен ешкімнің хабардар еместігіне сенген хан енді тағына сүйеулі тұрған үкілі домбырасын алып, бір асау күйді безілдетіп ойнай жөнелді. Осының алдында ғана ашу, ыза, әдіс, қулық секілді неше алуан сезімді басынан өткізген ханның домбыраны осыншама құшырлана қағуы — жүрегін өртеген бар азапты ұмытып, бір мезет көңіл қобалжуын басуы еді...

Ал Барақ сұлтан болса, Әбілқайыр айтқандай, хан ордасынан әжептеуір ұзап барып, ымырт үйіріле Церен-Доржи тобынан өзінің сенімді екі жігітін бөліп алып, кейін кайтқан. Қас қарая хан ауылының тұсындағы терең сайға келіп, атын жігітіне беріп, өзі бергі жағаға шықты да, көзін хан аулынан алмай етпетінен жатты да қойды.

Қара шапан жамылған Нұрбике тек ауыл ұйқыға қатты кеткен кезде ғана, уәделескен жеріне жетті. Шыдамы таусылған Барақ сұлтан орнынан атып тұрды.

Баласыз әйел қанша сұлу, еріне қанша ыстық болмасын, ол тек жас кезінде ғана жарына қымбат! Бұл қазақтың ескі дәстүрі. Әсіресе бұл заңды қартайғанша жас иіс құмар төре тұқымы мықты ұстаған. Осыны білетін жеңгелері «Егер хан күйеуің суып кетпесін десең, оған күлге аунасаң да бір перзент тап» деген ақылдарын жүрегіне мойнындағы тұмардай сақтаған ерке тоқал қара мақпал шапаны бозаң үстіне қалай жайылғанын екеуі де түсіндегідей ғана сезінді... Бие сауымындай өткен кезде, орнынан созыла түрегелген Нұрбике Бараққа ерінің Церен-Доржиды өлтір деп әмір бергенін айтты.

Барақ атына қарай жүгірді. Әне-міне дегенше тыныш түнді үркіте оятып, жазық даланы дүбірлете күншығысқа қарай шаба жөнелді. Ашу қысқаны сонша, ат дүбірінен ауыл оянып, Нұрбикенің қылмысы ашылып қалар деп ойлаған да жоқ.

Бірақ бұл қылмысты Әбілқайыр онсыз да біледі. Сай жағасындағы қалың талды жападан-жалғыз бағанадан бері аралап жүрген көлеңке — бұл Әбілқайыр хан еді. Әттең, дүние-ай, Барақты ол тек атына мінген кезде ғана көріп қалды.

Сол күні ол көрер таңды көзімен атқызып шықты. Тек таңертең ғана нөкерлеріне ең жақсы көретін тоқалы Нұрбикені бар жасауымен Сыр бойындағы әкесі Қойсан байдың аулына апарып салуды бұйырды. Нөкерлері де, Нұрбике де «неге?» деп сұраған жоқ.

Сәскеден ауа, Нұрбикенің көші ұзап, жаңа көтерілген сағыммен араласа, көкжиекте бұлдыр тартып кеткен кезде ғана ол үйден шықты. Кетіп бара жатқан көштің сыртынан ұзақ қарап тұрды. Әлден уақытта барып, жүрегінің бір нәзік қылы үзіліп кеткендей, қинала күрсінді. «Асықпа, Барақ сұлтан, күнім туса сені өз қолымнан бауыздармын» деді тістене күбірлеп.

Осы мезетте күншығыс жақтан құйындата шапқан салт аттылар көрінді. Бұлар Тайман батырдың жігіттері еді. Көп ұзамай олар аттарын ауыл сыртындағы кермеге байлап, бері қарай жүрді.

Тайман батыр өзгелерден бөлініп кеп, Әбілқайырға сәлем берді.

— Жолың болды ма, батырым? — деді хан.

Тайман батыр төмен қарады.

— Сәті түспеді, хан ием.

— Қалайша?

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий