Knigionline.co » Казахские книги » Кочевники II. Борьба / Көшпенділер ІІ. Жанталас

Кочевники II. Борьба / Көшпенділер ІІ. Жанталас - Ильяс Есенберлин / Ілияс Есенберлин

Книга «Кочевники II. Борьба / Көшпенділер ІІ. Жанталас» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Роман «Жанталас» повествует о борьбе Казахстана с иноземными захватчиками в XVII-XVIII веках и о завоевании Абулхаир-ханом западной части Казахстана Российской империи. В книге упомянуто вероломное нашествие Калмыцкого ханства на народ Казахстана, описаны бои под Алаколом, в районе Ордабасы, личные переживания Абулхаира, который попал под власть Российской империи.

Кочевники II. Борьба / Көшпенділер ІІ. Жанталас - Ильяс Есенберлин / Ілияс Есенберлин читать онлайн бесплатно полную версию книги

Қыз болып көзге түскелі өзін елемеген еркекті бірінші рет көріп, Нұрбике ақ боз үйде ызаланып тұрғанда, хан қонақтарын бастап ішке кірді. Нұрбике жайнап сала берді. Бұлар жас құлынның балбырап піскен, уыздай дәмді етін жеп, балдан тәтті сары қымызды рақаттана сіміріп, ит жүгіртіп, құс салу жайын әңгіме етіп, бие сауымындай мезгіл отырды. Содан кейін қайтадан хан сарайына келді. Тек хан Ордасының есігін аша бергенде, Барақ сұлтан қонақ үйде шақшасының ұмыт қалғаны есіне түсіп кейін қайтты да көп ұзамай қайта оралды. Басқа адам бұдан ештеңе аңғармағанмен, Әбілқайыр қас жауы Барақтың езуіндегі болмашы ғана күлкіден оның олжасы тек «ұмыт қалған» шақша емес екенін ұқты.

Хан төрдегі орнына отырғаннан кейін, байсалды үнмен сөзін бастап кетті.

— Россия қарамағына кіреміз дегеннен бері менің қасым көбеюде, — деді ол. — Қай халыққа болса да басқа жұртқа бағынышты болу өте қиын. Бірақ біздің жағдайымызда басқа жол жоқ. Жоңғарды жеңсең, ар жағында Қытай бар. Қытай боғдыханына бағыну — тіліңнен де, дініңнен де бірдей айрылу деген сөз. Ал Россия оған қарағанда әділ де, адал да жұрт. Жеріміз де, тағдырымыз да бір. — Кенет ол даусын көтере сөйледі. — Жоқ, не десеңіздер де Россияға қосылу — бізге қалған жалғыз жол!

Күндікке үндемей отырған Церен-Доржи кенет шіңк ете қалды. Алпамсадай денесі мен тұнжыраған түріне қарамай, үні қанден иттің даусындай жіңішке, ащы екен. Аузынан көбік ата, сөйлеп қоя берді.

— Тақсыр хан, қазақ еліне Россияға қосылудан бөтен жол жоқ дегенің бекер, — деді ол астындағы атлас көрпе жамбасына батып отырғандай, қозғалақтап. — Батыр адамның бәрін өзімізге қосып аламыз. Сені де! Сені де! Қатын патшасын ат құйрығына байлап өлтіреміз! Сосын орыс жерінен де асып, әрі қарай барамыз! Арғы бабаларымыз жеткен жерге біз де жетеміз! Одан да әрі кетеміз! Жолымыздағы қала біткеннің бәрін қиратып жоңғар мен қазақ малына жайылым етеміз. Адам біткеннің бәрін қойдай көгендейміз! Саған бұдан артық қандай жол керек?

Бөгенбай батырдың Церен-Доржиға жеркене қарағанын көзінің қиығымен шалып қалған Әбілқайыр:

— Сонда қазақ жерін қайтесіңдер, құрметті ноян? — деді ананың бар ойын білгісі келіп, — қазірдің өзінде жеріміздің тең жартысынан айрылдық... Ол жерді бізге кім қайтарып береді?

— Шын батырларды өзімізге қосып аламыз дедім ғой, — деді Церен-Доржи қайтадан шіңкілдеп, — оларға жер береміз. Ал қара халыққа жер неге керек? Өлсін! Қырылсын!

— Жарайды, сенің айтқаныңдай-ақ болсын, — деді Әбілқайыр. — Бірақ өзің орыс зеңбіректерінің қалай атылатынын көрдің бе?

— Көргем жоқ. Көргім де келмейді.

— Жерін тартып алмақшы болып жатқаныңда, орыстар сенің «көргім келмейді» дегеніңе көнер ме екен?

— Мен одан қорықпаймын, — деді Церен-Доржи, — маған боғдыхан ондай зеңбіректің мыңын береді.

Қызба қанды Жоңғар нояны, ашу үстінде бұл сөзді қалай айтып қалғанын өзі де білмеді.

Церен-Доржиға енді Барақ та тұнжырай қарады. Найман тайпасы жоңғарлармен көршілес отырғандықтан, бұл екі елдің арасында ұрыс-керіс ғасырлар бойы тынбай келген. Жоңғардың жеңіл-желпі шабуылдарына Найманның батыр ұлдары әрқашан да тойтарыс бере алған. Сөйтсе де, көп жылдан бері қатар көшісіп жүргендіктен, бұл екі жұрт кейде қыз беріп, қыз алысып та жататын. Әсіресе, мұндайда жоңғарлықтар қазақтың төре тұқымынан шыққан адамдармен жақындасуға құмар келетін. Бірақ Наймандар қазақ еліне жоңғарлар тиіссе болғаны, құдалығын да, көршілігін де ұмытып, қолына найзасын алып шыға келетін. Найманның бүкіл қазақ еліне әйгілі осындай батырының бірі Қаракерей Қабанбай еді. Барақ қызын Церен-Доржиға бергеніне Қабанбай батыр қатты ашулы дегенді де сұлтан естіген-ді. Сол себеп болды ма, әлде қытай боғдыхандарының мәңгі қастығы есіне түсті ме, ол Церен-Доржиға:

— Маған шүршіттің жәрдемін айтпа, — деді кейіп, — шүршіттің зеңбіректерінен гөрі бізге орыс зеңбірегі жеңілдеу тиер... — сосын ол Әбілқайырға бұрылды. — Сонда не істейміз? Жерімізге орыстардың қала салуына көніп отыра береміз бе?

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий