Knigionline.co » Казахские книги » Кочевники II. Борьба / Көшпенділер ІІ. Жанталас

Кочевники II. Борьба / Көшпенділер ІІ. Жанталас - Ильяс Есенберлин / Ілияс Есенберлин

Книга «Кочевники II. Борьба / Көшпенділер ІІ. Жанталас» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Роман «Жанталас» повествует о борьбе Казахстана с иноземными захватчиками в XVII-XVIII веках и о завоевании Абулхаир-ханом западной части Казахстана Российской империи. В книге упомянуто вероломное нашествие Калмыцкого ханства на народ Казахстана, описаны бои под Алаколом, в районе Ордабасы, личные переживания Абулхаира, который попал под власть Российской империи.

Кочевники II. Борьба / Көшпенділер ІІ. Жанталас - Ильяс Есенберлин / Ілияс Есенберлин читать онлайн бесплатно полную версию книги

Бұл жолы Неплюев пен Әбілқайырдың ойы бір жерден шықты. Орта жүз елінің ішінен Әбілмәмбет пен Абылайға қарсы қоюға жарайтын бір адам болса — ол Шақшақ Қошқарұлы Жәнібек батыр.

Әбілқайыр мен Неплюев стол басына қайта келгенде, жұрт азан-қазан екен. Хан мен генерал жоқ деп, ешкім күтіп отырмапты. Арақ, шарапқа тойғаны мас боп, көгал үстінде қорылдап ұйықтап жатыр. Көпшілігі арақ араластырған сары қымызға лықия тойып ап, шеке тамырлары білеудей боп жапанды жалпағынан басып, гу-гу етеді. Орыс офицерлері де есесін жібермеген тәрізді. Орыспын, қазақпын демей, бірін-бірі құшақтап, әлденені айтып, қарқылдап күліседі...

Жұрттың мұндай күйін көрген Неплюев қонақтарын дастарқан басына бұдан ары ұстауға қорықты. Мас болып қалған біреуі әлдеқалай шатақ шығармай тұрғанында, бұл жиынды дер кезінде таратуды жөн көрді.

Ол арақ толы бокалын қолына алып:

— Құрметті қонақтарым, мен соңғы тосты сіздердің құрметтеріңізге ішемін, — деді. Сосын үлкен бокалдағы арақты аяғына дейін қағып салды. «Браво! Браво!» деген офицерлердің айқайы естілді. — Келгендеріңе көп рақмет! Бүгінгі бас қосуымыз осымен бітсін. Таңертең сағат онда ресми мәжілісіміз басталады.

— Көп рақмет!

— Көп жаса, генерал мырза!

— Бір бас қосып қалдық қой... — деген сөздермен жұрт опыр-топыр түрегеліп, тарай бастады...

Жиырма үшінші август күні басталған мәжіліс жетінші сентябрьге дейін созылды. Жоңғар елшілері қатынасып отырғандықтан, ең күрделі мәселе Россия қол астына қазақ елінің кіргендігін Жоңғар хандығының мойындауы еді. Сол себептен кеңестің біраз күні Россия, Жоңғария жөне Қазақ елі арасында қандай байланыстар, келісімдер болатынын анықтауға кетті. Россия патшасының өкілдері Жоңғар елшілерінің қазақ жеріне не үшін келгендерін, қандай талап қоятындарын білгісі келді. Оған Кошка мен Бұрун:

— Қазақ елі біздің Қытаймен ұзақ уақыттар бойы соғысып жатқанымызды пайдаланып, талай шапты. Сол үшін біз олардың көп жерін басын алдық, Қазақ елі енді бізге салық төлеуге, аманат беруге тиісті, — деген пікір айтты.

Оған Неплюев:

— Біздің қол астымыздағы елдің бөтен жұртқа салық төлеуі не аманат беруі Россия империясының заңына қайшы келеді, — деген жауап қайырды.

— Біздің қастарымыз арамызға қандай от жақса да, қазақ елі қолына құран алып, Ұлы Россия патшасына берген антында тұрады, — десті Орта жүз бен Кіші жүздің атынан сөйлеген Әбілқайыр мен Жәнібек, — Россиямен мәңгі біргеміз. Ал Жоңғар елін шапсақ, ол ғасырлар бойы бітпей келе жатқан арамыздағы ұрыстың жалғасы еді. Егер Жоңғар елі бізге тыныштық беретін болса, біз де оларға қол көтермеуге, ұлы мәртебелі губернатордың алдында уәде етеміз.

— Қазақ хандары жаратылғалы уәделерін орындап көрген жоқ, — деді Жоңғар елшілері, — бұл біз талай естіген көкек әні, антын ертең-ақ бұзады.

— Бұл жолы олардың антын бұзбайтынына біз кепілміз, — деді Неплюев.

— Олай болса, біздің ұлы қонтайшымыз Қалден Церенге елші жіберіңдер, — деді Кошка мен Бұрун, — қалған келісім сөзді сонда бітірелік...

Осылай келісті, бірақ Жоңғар елшілері бірден жүріп кетпеді. Олар үш жүздің ақсақал биі, батыры қолдарына құран ұстап: «Россия қол астына кірдік» деп губернатор алдында ант бергенін көздерімен көрді. «Игі жақсыларға» рақмет айтып, әсіресе Ұлы жүздің басшыларына ризашылығын білдіріп сөйлеген Неплюевтің сөзін естіді. Бұл Жоңғарларға қатты батты. Өйткені Жетісу олар үшін Жоңғар қонтайшысы басып алған өлке боп саналатын. Ұлы жүз бұл кезге дейін қонтайшысына салық төлеп, аманатын беріп келген.

Орыс патшасының қазақ жеріне ішкерілеп кіре бастағанын көрген Жоңғар елшілері, өздерімен одақтас Қарақалпақ батырларын ертіп, дым бітіре алмай, елдеріне қайтып кетті.

Бұлар кеткеннен кейін Неплюев тағы екі мәселе қарады, бірі Орта жүз бен Кіші жүз хандарының арасындағы қайшылық болса, екінші Еділ қалмақтары мен қазақ елінің арасындағы өшпей келе жатқан қастық еді.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий