Knigionline.co » Казахские книги » Кочевники II. Борьба / Көшпенділер ІІ. Жанталас

Кочевники II. Борьба / Көшпенділер ІІ. Жанталас - Ильяс Есенберлин / Ілияс Есенберлин

Книга «Кочевники II. Борьба / Көшпенділер ІІ. Жанталас» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Роман «Жанталас» повествует о борьбе Казахстана с иноземными захватчиками в XVII-XVIII веках и о завоевании Абулхаир-ханом западной части Казахстана Российской империи. В книге упомянуто вероломное нашествие Калмыцкого ханства на народ Казахстана, описаны бои под Алаколом, в районе Ордабасы, личные переживания Абулхаира, который попал под власть Российской империи.

Кочевники II. Борьба / Көшпенділер ІІ. Жанталас - Ильяс Есенберлин / Ілияс Есенберлин читать онлайн бесплатно полную версию книги

Арғынның бір тарауы Шақшақтан шыққан Қошқарұлы Жәнібек «Ақтабан шұбырынды» басталып, Абылайдың атағы үш жүзге тарағанға шейін, Орта жүздің ықпалды, ең әйгілі адамының бірі еді. Әбілқайырдың қарындасына үйленгеннен бері, ол Кіші жүз ханының оң қолына айналған, Кіші жүз ханына Орта жүздің де кей руларының бағынуына көптеген себебі тиген. Егер Әбілқайырдан дабыл шықса, әскерін ертіп ең алдыменен хан ордасына жегіп келетін осы Жәнібек. Сондай қылықтың бірі бір мың жеті жүз отыз сегізінші жылы болған. «Ақтабан шұбырындыдан» бұрын-ақ Жайық пен Еділ арасындағы жер үшін таласып келген Еділ қалмақтары Кіші жүздің Жоңғар әскерінен күйреп Россия патшалығының қанатының астына әлі кіре алмай жүрген шағында, аулын шауып малдарын айдап әкетіп, маза бермеген. Жайықтың арғы бетінен жайылым бер деген Әбілқайырға Еділ қалмақтарының сол кездегі ханы Дондук Омба «әлі өз жеріңнен айырылып қалма» деп жауап қайырған. Әбілқайыр «жыланның үш кессе де кесірткелік әлі бар, Қалден Церенге күшім жетпесе де, дәл саған күшім жетер, Дондук Омба» деп жиырма екі мың сойылмен екі қол болып Еділ бойындағы қалмақтарға қарсы аттанған. Соның бір қолын, он мың сарбаздан құрылған Орта жүз әскерін осы Жәнібек батыр басқарып барған. Әбілқайырдың осы екі қолы Еділ жағасындағы Қызылжар деген жерде Қалмақ әскерімен кездескен. Қазақтардың келе жатқанынан хабарсыз отырған Қалмақ әскерін Әбілқайыр мен Жәнібек осы жолы қан-жоса етіп жеңген. Көп ауылдарын шауып, мал-мүлкін талап, екі мың шаңырағын өздерімен бірге айдап әкелген. Бұл қорлыққа шыдай алмаған Дондук Омба іле-шала қол жинап, бір мың жеті жүз қырқыншы жылы жиырма мың әскермен қазақ даласына аттанбақ боп тұрғанда, Балдан Норбидың әкесіне істеген опасыздығының кесірінен бұл жорық болмай қалған. Сонан кейін Орынбор экспедициясының бастығы генерал-лейтенант Урусов екі елдің хандарын шақырып алып, кек алу мәселесін тоқтатқан, Бірақ қарамағындағы елдердің тату-тәтті тұруын көздемейтін патша саясатын мықты ұстанған Орынбор губернаторлары Кіші жүз бен Еділ бойындағы қалмақтардың хандарын түбегейлі келісімге келтірмеген. Кейде араларына шоқ тастап та қоятын. Осындай жағдайда Әбілқайыр үнемі Жәнібекке арқа сүйеуші еді.

Жәнібек батырдың қазақ руларының Россия патшалығының қол астына кіруінде де еңбегі бар. Ол басқа хан, сұлтандар сияқты Россия мен Жоңғар арасында ауытқымай, бастан аяқ Россияға қосылу жағында болған адам. Сондықтан Орынбор комиссиясының екі бірдей бастығы, алдымен белгіленген Урусов та, кейін оның орнына келген Неплюев те «Жәнібек батырдың абыройы қазақ еліне ешбір ханнан кем емес» деп, онымен үнемі санасып отыратын. Екеуі де Анна Иоанновнадан Жәнібек батырға, Россия патшасының бұратана ұлттардан шыққан еңбегі сіңген әскери адамдарына берілетін тархан атағын сұраған. Бұны Әбілқайыр да қолдаған.

Жәнібектің көптен аңсап күткен сол атағы жайлы патша указы кеше ғана келіп еді. Бұны әзірше Неплюевтен басқа жан білмейді. Ол бұл указды губернатор кеңесі біткеннен кейін қонақтарын тағы жинап, солардың көзінше оқымақ, адал қызмет істейтін адамды Россия патшасы қалай жоғары бағалайтынын айтып, мақтап өтпек.

Жәнібектің аты аталған шақта Әбілқайырдың әлденеге секем алғанын аңғарып қалған Неплюев:

— Жәнібек батырды мен сіздің жекжатыңыз ғана емес, одақтас досыңыз деп қадірлеймін, — деді.

— Оған шек келтірмеңіз.

— Орта жүздің ханы Әбілмәмбет пен Абылай сұлтан келе жатып, кейін қайтып кетті. Ал Орта жүзден келген басқа ақсақал би, батырлар көп. Біреу соларды басқармаса, біздің кеңесіміз Орта жүздің пікірінсіз өтеді. Мұндай мәжіліске олардың қатысқаны жөн.

— Әлбетте.

— Оның үстіне Жоңғар елшілері Орта жүз өз тағдырын Әбілмәмбет пен Абылайсыз да шеше алатынын көрсін.

— Дұрыс айтасыз, генерал мырза, — деді бұл шешімге қуанып қалған Әбілқайыр, — менің де айтып жүргенім осы ғой. Орта жүздің тағдырын тек Әбілмәмбетке беріп қоюға болмайды. Жас болса да қазір билік Абылайға көшіп бара жатқан секілді...

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий