Knigionline.co » Казахские книги » Книга, написанная кровью. Психология войны / Қанмен жазылған кітап. Соғыс психологиясы

Книга, написанная кровью. Психология войны / Қанмен жазылған кітап. Соғыс психологиясы - Бауыржан Момышулы / Бауыржан Момышұлы

Книга «Книга, написанная кровью. Психология войны / Қанмен жазылған кітап. Соғыс психологиясы» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Масштабом рассматриваемых проблем, содержанием, характером богато это наследие литературы.
Труд написан, основываясь на выводы боевого опыта, личные наблюдения и суждения командующего. Сюжет отличается глубокими умозаключениями фронтового дыхания, судьбоносных сражений на фронте Панфиловской дивизии, психологией бойцов. Глубокий след в сердце человека оставляет описание, характеристики, которые Хас Батыр дает воинам, друзьям-фронтовикам.

Книга, написанная кровью. Психология войны / Қанмен жазылған кітап. Соғыс психологиясы - Бауыржан Момышулы / Бауыржан Момышұлы читать онлайн бесплатно полную версию книги

Командирдің атағы, беделі артып, жауынгерлердің арасында сүйіспеншілікке бөленген сайын солдаттар да ілтипатпен, құрметпен қарайтын болады. Сүйіспеншілікке бөленбеген, беделге ие болмаған командирге солдаттардың ілтипаты да төмен. Әділ түрде жазалаушылық командирге деген сүйіспеншілікке нұқсан, кір келтірмейді. Әділетсіздікке солдаттар төзе алмайды. Әділ, ары таза командир артқа қарап жалтақтамайды. Қарумен қатар командирдің жарағында өзінің қарапайымдылығымен, шыншылдығымен солдаттардың жан дүниесіне қозғау салар, олардың жанды жеріне дөп тиер жауынгерлік сөз болғаны жөн. Командирдің қолында жауынгерге ықпал ететін көз жеткізуден бастап мәжбүр етуге дейінгі барлық құрал түрі жинақталынған. Командир дегеніміз — өкімет, ал қажет болған жағдайда бірде-бір өкімет мәжбүр етуден бас тартқан емес. Командирдің қаталдығы әбден ойластырылған, байыпталынған қаталдық болғаны жөн, өйткенісоғыстың ауыр, жанға батар қайғылы кезеңі командирден аяусыз қатал да сұсты болуды талап етеді. Соғыс бағыну мен мойынсынуда бейберекетсіздікке төзбейді. Әділ түрде аямай жазалаушылық дегеніміз — гуманизм, бүл да адамды сүюшілік емес пе? Командир атқа таңып қойған ебедейсіз тұлып емес, ол додаға түсер нағыз шабандоз болуға тиіс.

Егер офицердің бейнесін оны өсу үстінде, жағдайдың барысын жіті қадағалап отыратын, одан жеңісті қамтамасыз ететін жаңа нәрселерді таба алатын, қалыптасқан ахуалды дер кезінде бағалап, талдай білетін және жинақтап, қорытынды шығара білетін және күні бойы өз ойын айтып сарнай бермей, солдаттың әлі жеткізе қоймаған тың ойларын дамыта алатын етіп көрсеткен жағдайда күшті болмақ; өйткені көпшілік бұқараның жақсы нәрселерін қабылдап, оны жинақтау — бұл басшының қиын да күрделі міндеті мен парызы.

Түсіну талдаудан гөрі әлдеқайда күрделірек. Кейбір авторлардың шығармаларында генералдар мен офицерлердің бейнелері қызмет ету мен ұрыс тәжірибелерінен және дұшпаннан үйрене отырып, соғыстың барысын біртіндеп байыптап-түсінетін адам етіп, табиғи өсу үстінде көрсетілмей, олар сөйлеген кезде аузынан үнемі ақылды сөз ғана шығатын, зерделі адамдардың үлгісі етіп суреттелінеді. Сондықтан «үнемі үйрету керек» деген девизді «үнемі үйрену керек» деген девизбен алмастырып, қарамағындағыларды «менің полкым — менің академиям» деген принцип бойынша үйрету керек.

Рухы мен ерік-жігері мықты, берік мызғымас тәртіппен біріккен ұйымшыл жауынгерлік коллективті тәрбиелеу, міне, командирдің басшылық ете білу өнерінің жиынтығы да осында жатса керек. Егер автор командирдің ұрысқа кірер алдындағы ой толғанысын, күні бұрын ұрысты ойлап уайым-қайғы жеуін, ерік-жігер күші мен өз қабілет-қарымын қару- жарағы мен халқының және өзіне сеніп тапсырылған солдаттардың ар-намысы алдында сынауын, яғни бұрын өзім айтқан «ақыл мен ақылдың күресі», «өз бойындағы арпалысқан сезімдерді жеңуді» түсіне алған болса, онда ол генерал мен офицердің бейнесі бұдан жарқын шыққан болар еді.

Ең қиыны — шыдамдылық, төзімділік, байсалдылық пен сабырлылық көрсету, творчестволық тұрғыдан дұрыс, парасатты ойлай білу. Офицердің бейнесі арқылы басшылық ету психологиясын майданда қалай болса, солай етіп көрсету қажет. Мен бұл анықтамаларға тым ұзағырақ тоқталып отырған себебім — мұндай қасиеттерді ашып көрсетпейінше, әдебиетте нағыз офицердің, командирдің бейнесін жасау мүмкін емес. Офицерді терең түсінбейінше, ұрыс пен күрестің мәнін де терең ұғына алмайсың.

Сонымен, командир — жеңіске жеткізуші адам күннің төңірегін айналып жүретін планеталар сияқты, барлық мәселелер оның төңірегінде қозғалыста болып, шешіліп жататын басты тұлға екен.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий