Knigionline.co » Казахские книги » Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз

Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз - Азильхан Нуршаиков / Әзілхан Нұршайықов

Книга «Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

История о герое Великой Отечественной войны – полковнике гвардии Бауржане Момышулы. Это роман-биография, повествующий о жизненном пути героя с рождения до наших дней. Подробно описано детство, юность, годы учения в лучшем училище Советской Армии, годы войны. Автор написал роман в форме диалога между ним и главным героем.

Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз - Азильхан Нуршаиков / Әзілхан Нұршайықов читать онлайн бесплатно полную версию книги

Бауыржан. Ендеше ары қарай тыңдағын... Әскердің алуан түрлі ойынын ойнап, Отанның тыныштық қамын ойлап жүріп жаттық дедім ғой. «Шекара құлыпта» деген қанатты сөз біздің Қиыр Шығыс армиясының колбасы Блюхердің аузынан шыққан сөз еді. Василий Константинович ол сөзді партияның он жетінші съезінде айтқан болатын. ОКДВА-ның даңқты тарихы да, жауынгерлік ісі де шындыққа айналған осы екі сөзбен бейнеленді. Сондықтан да оны құттықтап, Сталиннің өзі телеграмма берді. Ал Қорғаныс Халық Комиссары Климент Ефремович Ворошилов арнайы сапармен Қиыр Шығысқа келіп қайтты. Хабаровск қалалық советінің салтанатты мәжілісінде сөйлеген сөзінде ол Блюхер жолдастың басшылығымен дербес Қиыр Шығыс армиясы өзіне жүктелген міндетті ойдағыдай ақтап шықты деген болатын. Сол жолы Ворошилов адал еңбегі үшін, революция ісіне шексіз берілгендігі үшін, барлық қаһармандық қызметі үшін деп атап-атап айтып, Блюхердің кеудесіне өз қолымен Ленин орденін қадаған тұғын. Ол 1931 жылы августа болатын. Ал 1938 жылы августа Хасан көлінде шекараны бұзған жапон әскерлерін тас-талқан етіп, ОКДВА өзін тағы да өшпес даңққа бөледі... Бірақ сол жылдың күзінде Блюхер қайғылы қазаға душар болды...

Ал, саған бұл әңгіме Қиыр Шығыстың емес, Блюхердің жыры боп көрініп отырған болар. Сөзімнің бас жағында мен Қиыр Шығысты Блюхерсіз көз алдыма елестете алмаймын деп едім ғой. Сол айтқаным айтқан. Бұл тек Блюхердің жыры ғана емес, адамгершіліктің де жыры. Сонымен бірге бұл менің саған айтып отырған сырым да. Сен жазушысың, мен объектімін. Ал сен шын жазушы болсаң онда менің жан тебіреністерімді де білуің керек. Өйткені:

Тағдыр маған дарытпады көктемін. Ұқтым бәрін, өмір деген — от дедім! Дұшпандардан көп атылды маған оқ! Тағдыр әділ — менің оған өкпем жоқ!

Түсінікті ме саған?

Автор. Түсінікті, Бауке.

Бауыржан. Түсінікті болса сол!.. Содан бір күні тағы да біз — ат спортының командалары аренаға шықтық. Бұл жолғы жарыс рубкадан өтетін болды. Рубка деп шауып келе жатқан ат үстінен қылышты оңды-солды сермеп, жолға шанышқан шыбықтарды шауып түсіруді айтады. Шаншылатын шыбықтың саны он үш. Бұл жарыста сол он үш шыбықты тегіс қиып түсірген ғана озады.

Бұрын мұндай жарыстарда команданы кәнігі кавалерист Дотольдің өзі беруші еді. Бұл жолы бізге команданы дивизияның штаб бастығы бере бастады.

— Комбриг қайда? — дедім мен қасымдағы командирлердің біріне.

— Комбриг Дотоль кеше қызметінен босады. Оның орнына Чистяков деген майор комондир келіпті, — деді ол.

Төбемнен тағы да бір шелек суық суды құйып жібергендей болды. Өйткені Дотольді соның алдында ғана көрген болатынмын. Штабқа жиналған бөлімше командирлеріне ағалық ақылын айтып таратқан еді. Бұл жолғы сөзін ол, Хасан көлінің тәжірибесіне негіздеп, қызыл әскерлердің жорық пен шабуылдан басқа әрбір бос минутың окоп пен ор қазуға жұмсауы керектігін қатты ескертті. Оның сонда айтқан: «Окоп — алынбас қамал», «Ордағыға оқ тимейді» деген нақыл іспеттес екі сөзі ерекше есімде қалған болатын. Сол екі сөз, тіпті, өмір бойы есімнен шыққан емес. Мінеки, осындай ұстаз, ақылшы командиріңнен айрылсаң қалай қамықпассың...

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий