Knigionline.co » Казахские книги » Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз

Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз - Азильхан Нуршаиков / Әзілхан Нұршайықов

Книга «Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

История о герое Великой Отечественной войны – полковнике гвардии Бауржане Момышулы. Это роман-биография, повествующий о жизненном пути героя с рождения до наших дней. Подробно описано детство, юность, годы учения в лучшем училище Советской Армии, годы войны. Автор написал роман в форме диалога между ним и главным героем.

Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз - Азильхан Нуршаиков / Әзілхан Нұршайықов читать онлайн бесплатно полную версию книги

Куәлікті оқығаннан кейін оның штемпіліне кез жүгірттім. Онда мынадай сөздер бар екен: «СССР —ЖШҚА. 105 атқыштар дивизиясының 267 атқыштар полкы, сап қызметі бөлімі. 14 декабрь 1939 ж. № 14/1239 Чернятин пос.»

Куәліктің барлық сөздерін тегіс дәптеріме көшіріп алдым да, қағазын Баукеңнің өзіне қайтарып бердім.

Автор. Сендім, Бауке.

Бауыржан. Сенсең сол. Ал енді саған Чистяковпен одан кейінгі жолыққанымды айтайын.

Иван Михайлович деген кісі сырт тұлғасына, сөз әлпетіне қарағанда ұшқары мінезді адам сияқты көрінетін еді. Ал шындығында ол үлкен ойдың да, мол тәжірибенің де адамы болатын. Олай болатын себебі бар екен. Бұрынғы Тверь губерниясы, қазіргі Калинин облысының перзенті Иван Михайлович он жеті жасында өзі тіленіп солдатқа кетіпті. Содан он бес жыл бойына бір полкта болып, полк командиріне дейін көтеріледі. Жиырмасыншы жылдар командирлерінің аяқтарына шәркей киіп жүретін қиын-қыстау күндерінің бәрін де басынан кешіреді. Комдивтің:

Бір ротадағы 4 - 5 командирге бір пар ғана етік тиетін де, оны біз кезекпен киюші едік, — деген сөзін өз құлағыммен естігенмін.

Отыз алтыншы жылы сауатты, тәжірибелі командирлер іріктеліп, Қиыр Шығысқа жіберілгенде Чистяковке де 92 атқыштар дивизиясына жолдама беріледі. Дивизия штабы оперативтік бөлімінің бастығы боп бірнеше жыл қызмет істейді. Содан біздің 105-ші дивизияға командир боп келді ғой.

Иван Михайлович өзі де өте тәртіпті кісі екен, өзгеден де тәртіпті қатаң талап етті. Ол кісі жеңістің төрт шарты бар деп есептейтін. Ол шарттар: 1) жағдайды дәл ұғу; 2) тез, әрі дұрыс шешім қабылдау; 3) штабтың іскерлігі; 4) солдаттың ерлігі мен табандылығы дейтін. Дивизиядан кетер-кеткенше осы мәселелерге үнемі назар аударып отырды. Өзінің іскерлігі, жігерлілігі, мол тәжірибемен ұштасқан білімнің арқасында Иван Михайлович біздің дивизиядан корпус командирінің орынбасары болып жоғарылап кетті.

Содан кейін мен Чистяковпен 1942 жылдың басында қайтадан кездестім. Енді майор емес, генерал-майор Чистяковпен жүздестім. Панфилов өлгеннен кейінгі екі айдың ішінде екі командир орнынан босатылды да, дивизиямызға үшінші командир бол Чистяков тағайындалды. Он сегізінші январьда ол 8-гвардиялық Панфилов атындағы дивизияның штабы тұрған Нахабино селосына келді. Осы жерге барлық командирлер жиналып, жана комдивпен жүздестік. Мен оны бір көргеннен-ақ таныдым. Алғашында ол ма, ол емес пе деп шүбәланып келген едім. Өйткені өмірде фамилиясы бірдей кісілер көп кездесе береді ғой. Сөйтсем сол кісі, бұрынғы командирім екен. Денесі де сол төртбақ күйінде, мұрны да, иегі де үшкір қалпы. Қатты қажып, жүдегені көрінеді. Бұрынғысынша кісіге сәл күлімсіреп, шүйіле қарайды екен.

Танысам да мен генералға қарай тұра жүгірмедім. Келіп тоқтаған жерімде қозғалмастан тұра бердім. «Генерал мені таныр ма екен, танымас па екен? Таныса — жақындармын, танымаса — үн-түнсіз жүре берермін» деп ойладым.

Жұрт жиналып болған соң дивизия штабының бастығы И. И. Серебряков пен комиссар С. А. Егоров екеуі кезектесіп, біздің аты-жөнімізді, лауазым, дәрежемізді атап айтып, генералға таныстыра бастады. Аты бұрын аталғандар қасына барып, гeнералдың қолын алып жатты. Генерал әрқайсысымыздың бетімізге шүйіле қарап, іштей баға беріп, ойлы қалыпта тұрды.

— Александр Фомич Галушко — дивизия саяси бөлімінін бастығы.

— Подполковник Георгий Федорович Курганов — 857-ші артполктың командирі.

— Майор Григорий Ефимович Елин — 1073-ші полктың командирі.

— Полковник Зиновий Самойлович Шехтман — 1077-ші полктың командирі.

— Капитан Бауыржан Момышұлы — 1075-ші полк командирінің орынбасары...

— Тоқтаңыз тоқтаңыз, — деді Чистяков комиссар Егоровтың сөзін бөліп.

— Фамилиясы кім дейсіз, қайта айтыңызшы.

— Капитан Бауыржан Момышұлы, 1075-ші полк командирінің орынбасары, — деп қайталады Егоров.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий