Knigionline.co » Казахские книги » Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз

Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз - Азильхан Нуршаиков / Әзілхан Нұршайықов

Книга «Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

История о герое Великой Отечественной войны – полковнике гвардии Бауржане Момышулы. Это роман-биография, повествующий о жизненном пути героя с рождения до наших дней. Подробно описано детство, юность, годы учения в лучшем училище Советской Армии, годы войны. Автор написал роман в форме диалога между ним и главным героем.

Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз - Азильхан Нуршаиков / Әзілхан Нұршайықов читать онлайн бесплатно полную версию книги

Осы сапардан мен полкқа қатты тебіреніп қайттым. Тебіренетін себебім құдай маған сезімтал, сергек жүрек берді. Оның үстіне, өтімді затқа өтпейтін нәрсені қалайда қосақтап сататын кейбір сатушылар сияқты, қыңырлықты және маған берді. «Бүкірді көр түзетеді» дейтін орыс мақалы бар. Ал әскерде қыңырды командир түзетеді. Әрине, командирдің бәрі бірдей қисыққа тез бола алмайды. Бола алмайтыны біреудің шеберлігі жетпейді, біреудің материалға әлі келмейді. Сөйтеді де оны түзетемін деп не сындырып, не бүлдіріп алады. «Материал» деп отырғаным адам, солдат екенін түсінетін шығарсың. Ауылда сынықты сипап отырып орнына түсіретін сынықшылар болады. Сол сияқты ақылды командирлер де ақырмай-ақ сені ырқына көндіріп, түзетіп алады. Түзетпесе сол қисық күйінде кәдеге жаратады. Өйткені олар қылыш қайқы болса да өз қызметін түзу атқаратынын біледі. Құдай мені қисық қып жаратса да, алдымнан ылғи жақсы командирлерді кездестірді. Кешегі помкомвзвод Редин, полковник Коваленко, комбриг Дотоль, генерал Панфилов осындай өзгеше жандар еді. Олардың алдында Емельянов, Дубовик, Бархан тәрізді ұстаздарым тағы болды. Редин өлгенде бірге туған інімнен ажыраған іспеттендім. Коваленкодан ажырағанда — ағамнан, Дотоль кеткенде — әкемнен айырылғандай болып едім. Ал Панфилов опат болғанда — інім, ағам, әкем үшеуі қатар өлгендей күйге түстім. Көп күйзеліп, ішімнен көп күңірендім. Өмір бойы Панфиловтың орнын өксумен өтетін шығармын деп ойладым.

— Сен өзін байқап, аңғарып жүрсің бе, білмеймін, — деді Баукең бұл тұста сезін соза, жайлап айтып. — Адамдарда бір жаман әдет бар ғой. Ол — күншілдік, көре алмаушылық. Бүгінгіге жағыну үшін бұрынғыны жамандап шыға келушілік. Өзімді ғана макта, өзгенің аты өшсін деушілік. Өлгеннің абыройын қызғанушылық. Оған деген сүйіспеншілікті суытып, оның атағына байланыстының бәрін аяққа таптауға тырысушылық. Осындай оңбаған әдеті барлар біздің дивизиямыздан да табылды.

ЖЕТІНШІ ДИАЛОГ

І

Автор. Өткен жолы Сіз Панфилов дүниеден қайтып, дивизияға Чистяков келгенге дейін жетім баладай қам көңіл күйде едік дедіңіз ғой. Оның мәнісін айтыңызшы.

Бауыржан. Оның мәнісі мынадай. Панфилов 1941 жылы 18 ноябрьде опат болды. Чистяков біздің дивизияға 1942 жылдың 18 январында келді. Осы екі айдың ішінде бірінен соң бірі екі командир ауысты. Тұлпар дивизияның тегеуірініне шыдамады. Өйткені олар Тайбурылдың тізгінін ұстаған Қобыланды емес-ті. Ол екеуінің бірі аса ұшқалақ кісі болып шықты. Ұшқалақтығы сондай, әркімге шіңкілдеп соқтыға берді. Маған: «Сен Панфиловтың еркесісің. Сендей еркенің енесін ұрамын!» деп ұрынды. Тегі ол менің батальонымның қынаптағы қылыш сияқты, Панфиловтың резервінде болғанын, ал генерал қылышын қынабынан қиын-қыстау кездерде суырып қиямет кезеңдерге сілтегенін айтатын болар.

Автор. Сіз өзіңіздің «Москва үшін шайқас» кітабыңызда дивизия командирлерінен тек Панфилов пен Чистяковты ғана көрсетіпсіз. Оның осындай себебі бар екен ғой:

Бауыржан. Иә...

Автор. Сіз атын айтпасаңыз да мен түсініп отырмын, Бауке. Панфиловтан кейін екі айда ауысқан екі командир Шелудько мен Ревякин. Сіз алдыңғысын айтып отырсыз ғой?

Баукең бетіме ажырая қарады да, үндемеді. Сөзін әрі қарай жалғады.

Бауыржан. Соғыста кімді кім еркелетеді? Соғыста өзге емес, өз балаңды да әлдилей алмайсың. Панфиловтың мені еркелетпек тұрғай, қарамағында солдат боп жүрген туған қызынын да маңдайынан сипауға мұршасы болған жоқ. Ал соғыс еркелікті емес, ерлікті ұнатады. Соғысқа ерке емес, ел бастайтын серке керек. Міне, осыны ұғуға миы жетпеді ғой оның.

Автор. Мен Сіз жайында, 8-гвардиялық дивизия туралы архивтен көптеген материал көшіріп алдым, Бауке. Сонда Сіздің атыңызға жазылған мынадай әрі бұйрық, әрі жолдама қағаз бар:

ЖОЛДАМА ҚАҒАЗ.

Аға лейтенант Момышұлына!

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий