Knigionline.co » Казахские книги » Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз

Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз - Азильхан Нуршаиков / Әзілхан Нұршайықов

Книга «Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

История о герое Великой Отечественной войны – полковнике гвардии Бауржане Момышулы. Это роман-биография, повествующий о жизненном пути героя с рождения до наших дней. Подробно описано детство, юность, годы учения в лучшем училище Советской Армии, годы войны. Автор написал роман в форме диалога между ним и главным героем.

Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз - Азильхан Нуршаиков / Әзілхан Нұршайықов читать онлайн бесплатно полную версию книги

Бір кезде біздің кезегіміз келді. Өз адамдарымды бастап, мен аренаға тарттым. Ақбоз аттың тізгінін тарта ұстап, шыбықтарды сарт-сұрт отап келемін. Өзің қылыш ұстап көріп пе едің? Оны қалай сілтеуді білесің бе? Білмесең оның да толып жатқан тәсілдері бар. Алдымен сен бір метр ұзын қылыштың ұшынан бастап тұтқасына дейін, шалғы орақтікі сияқты, қылпылдап тұрған жүз екен деп ойлама. Олай емес, қылыштың «өткір ұшы» деп аталатын бір қарыс басы ғана өткір. Шабатын нәрсеңе сол жерін дәл келтіре сілтеуің керек. Және қылыштың нысананы қырқып түсуі тек шабушының қол күшіне ғана байланысты емес. Оған үш фактор керек. Оның біріншісі — аттың екпіні, екіншісі — аттың дене ауырлығы, үшіншісі — қылыш сілтеушінің қол қайраты. Бұл үшеуі бір-біріне тығыз байланысты. Шауып келе жатып сілтеген қылышпен адамды айқара тіліп түсуге болады. Өйткені онда жоғарыда айтылған үш фактор бірдей ұштасады. Ал аяндап келе жатқан ат үстінен қылышыңды қандай құшырланып сілтесең де жаяу жауды орып түсе алмайсың жаралы етіп қалдырасың. Себебі онда аттың шабыс екпіні мен дене салмағы қатыспай, сыртта қалады. Ат, әрқашанда өз денесін өзі жоғары серпи шабады. Секіргеннен кейін оның табаны жерге тиерге дейінгі төмен қарай басатын салмағы бар емес пе? Міне, шапқан аттың сол төмен түсіп келе жатқандағы салмағы мен қылышты сілтеу күші қатар келуі керек. Сонда сен шаншылған шыбықты да шик еткізесің, жаудың жаяу әскерін де тіліп түсесің. Түсінікті ме енді саған? Түсінікті болса мен Ақбоз атпен ызғытып, жас шыбықты жаудай отап келе жаттым. Аренаның орта тұсына келе бергенде көзімнің қалай трибунаға қарай бұрылып кеткенін білмеймін. Жаңа комдив аласалау адам екен. Ал Дотоль ұзын бойлы кісі еді. Оның жоқтығын бірден сездім де, көңілім біртүрлі болып кетті. Дереу өзімді өзім қатайтып, келесі шыбықты шабуға ыңғайлана атымның қос бүйіріне шпорды қадап кеп қалдым. Осының бәрі қас қаққанша болды. Ілезде қылышым да күнге шағылыса жарқ ете түсті. Сол-ақ екен ипподром толы жұрт ду күлді. Не боп қалды деп жалма-жан екі жағыма кезек қарадым. Сөйтсем, комдивтің қайғысына күйініп, шпорды қаттырақ басып жіберсем керек, ат құйрығын шошаң еткізгенде мен құйыршықтың дәл ұшын шыбықпен қоса орып жіберіппін. Әрине, мұндай жарыстар кезінде аттың құйрығын, құлағын шауып алу деген үлкен масқара. Сол масқара болған қалпымда мен қалған шыбықтарды да тегіс мінсіз отап түсірдім. Бірақ ол есепке алынбады.

ІХ

Сол күннің ертеңінде біздің 306 полктың командирі полковник Коваленко да ауысып кетті. Оның орнына Журавлев деген майор келді. Сөйтіп, біздің 105 атқыштар дивизиясы майорлар басқарған дивизияға айналды.

Осы күндердің бірінде мен дивизия штабына шақырылдым. Чистяковқа барасың деді.

Бұл тегін шақыру болмады деп ойладым. Баяғыда бір жеңгеміз ағамыз ұрайын деп шоқпарын ала жүгіргенде: «Өйбу к...... тисе көндік, басқа тисе өлдік қой енді» деп басын қорғап, бөксесін тоса берген екен дейді. Сол жеңгеміз айтқан екінің бірі болар дедім де, құйрығының кішкентай жарасын мықтап танып тастаған Ақбоз атқа ер салдым. «Е, жануар, — дедім оған ішімнен, — үш жыл жан серігім болып едің, менің саған өкпем жоқ. Осы ойдан кейін Ақбоз ат ішін тартып, күрсінетін шығар деп едім. Ол өйтпеді. Екі көзі шоқтай жайнап, басын қайта-қайта шұлғып, менің тез арқасына шығуымды тілегендей, тықыршық атты. Атам қазақ емес пе, атымның бұл мінезін жақсылыққа жорып, дивизия штабы қайдасың деп, жорыта кеп жөнелдім.

Бірақ ол ат та, мен адаммын ғой. Адам болған соң ойлауға міндеттісің. Біраздан кейін ақ боздың басын тежеп, аяңға көшірдім де, қалың ойға кеттім.

Өстіп желе-жортып келе жатқанда ең алдымен мен Қиыр Шығысқа аттанарда алақанын жайып, ақ сақалы желкілдеп ақ батасын берген әкем еске түсті. Одан кейін Қаратау мен Алатау кезек көз алдыма келді. Бұлақтары сылдыраған, ағаштарының жапырақтары сыбдыраған Алматы елестеді. Осындай екі ұдай оймен штабқа жеттім.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий