Knigionline.co » Казахские книги » Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз

Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз - Азильхан Нуршаиков / Әзілхан Нұршайықов

Книга «Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

История о герое Великой Отечественной войны – полковнике гвардии Бауржане Момышулы. Это роман-биография, повествующий о жизненном пути героя с рождения до наших дней. Подробно описано детство, юность, годы учения в лучшем училище Советской Армии, годы войны. Автор написал роман в форме диалога между ним и главным героем.

Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз - Азильхан Нуршаиков / Әзілхан Нұршайықов читать онлайн бесплатно полную версию книги

— Сонымен 1933 жылдың аяғында, қақаған қыста, шинелімнің екі етегі делеңдеп, шлемімнің екі құлағы салпаңдап, Бурныйға тоқтаған поездан дік етіп жерге түстім. Поезда келе жатқанда Тайганың алдан қашқан ақ түлкісінің құйрығындай жеп-жеңіл, жұп-жұмсақ сияқтанып, дала бетінде бұлаңдап тұрған боранның жерге түскенде екпіні ер жігітті алып соғардай қатты екен. Маңдайында қызыл жұлдызы жарқыраған шошақ шлемнің екі құлағын иегіме қамзау етіп байладым да, алдымен ауыл жаққа қарадым. Ауыл көрінбейді. Мынау сансыз ақ түлкінің құйрығындай бұлаңдаған ақ түтектердің ар жағында, төрт-бес шақырым жерде ғана тұр. «Жүр-жүрлеп!» жүректі сағыныш жетелейді. «Сабыр, сабыр!» деп санам тартпақтайды. Жас адамға жүрек — би. Сана билейтін шар тартқан кез емес еді ғой ол. Сақылдаған аяз, соғып тұрған боранға қарамастан: «Қайдасың аяулым, ауылым? Қайдасың ата-ана, бауырым?!»—деп, Мыңбұлақты бетке алып, жүрдім де кеттім.

Боран менің кеудемнен соғады, мен оны кері итеремін. Екеуміз теке тіреспен келеміз. «Айналайын даламның ақ бораны! Бауыржан әскерде қандай азамат болды екен деп сынағын келетін болар сенің. Сына! Ал аяғымнан! Күрес менімен. Бәрібір Бауыржан сенің қиқағыңа көнбейді!» деймін өз-өзімнен күбірлеп.

Сөйтіп, Евгеньевканың тұсына жеттім. Жол селоға соқпай, сыртымен өтетін еді. Бала күнімде көшесінде талай рет асыр салған село көзіме жылы ұшырап кетті. «Евгеньевка, амансың ба, ей?» дедім бар даусыммен айқайлап. Менің аузымнан шыққан айқайды боран ала қашып, естіртпеді-ау деймін, сірә, мұржалары қиқиып, шатырлары тоңған торғайдың қанатындай қобырап тұрған село бері қарай жүрмей, ары қарай алыстаған сияқтанып, көзімнен ғайып болды. Тағы да аз-маз тұрдым. Боран сәл толастап, село қайта көрінді. Көзіммен Гончаровтардың үйін іздеп таптым да: «Әй, Василь, не істеп отырсың?» деп тағы бір саңқ етіп, қайтадан ауылыма қарай аяңдадым.

Бір кезде қар ойылып кетіп, белден келер тереңге гүмп еттім. Мыңбұлаққа жеткенімді сонда ғана білдім. Өйткені біздің ауылымыздың айналасы сансыз бұлақ болатын. Сондықтан да ол жер Мыңбұлақ атанған. Ол бұлақтардың суы қыста қатпайтын, жылы болатын. Осындай боран соғып тұрғанда бетін қар бүркеп қалғаны болмаса, боран басылысымен бұлақтар бетін ашып, бойларынан буы бұрқырап жататын. Сөйтсем мен сол бұлақтарға келіп сүрінген екенмін.

Ит үрді. Мыңбұлақтың босағасына жеткенімді енді тіпті айқын сездім. Сартылдатып қақпаны қаққан түнгі жолаушыдай болып, жұдырықтай жүрегім кеудемді ұрғылады. Бірақ бір таң қалғаным бұрын ауылда бір ит үрсе, дереу оған екіншісі қостап, шәңкілдеп үшіншісі, маңқылдап төртіншісі қосылып, шыға келетін еді. Сөйтіп, ит үнінің ансамблі туатын еді. Сонда маған біріне-бірі үн қосу жағынан иттен ұйымшыл еш хайуан жоқ шығар деген ой келетін. Енді міне тарқаған ансамбльден қалған жалғыз әншідей болып, жалғыз ит қана шәуілдейді.

Автор. Ең жақсы көретін ұлттық тамағыңыз не?

Бауыржан. Быламық пен ботқа, тары көже, күріш көже, сұлы көже, бір сөзбен айтқанда көжелер. Бұлардың бәрі мені «ашаршылықта жеген құйқадай» аузымда дәмі мәңгі қалған астар. Қазір біреу «ашыған бидай көже» деген сөзді аузына алса, мен арақ көрген алкоголиктей болып, өз-өзімнен тамсана бастаймын.

— Боранды күндері ауыл үйлерінің есігі бекітулі болады. Бұйығып әркім өз отының басында отырады. Ондайда кезеген аяқ қыдырмашылар да қыбыр ете алмайды. Міне, осындай сәттің бәрінде, кешке таман, бораннан бұғып, Жуалының бауырына тығыла жым-жырт боп жатқан ауылыма келдім. Үстін жым-жылас етіп қар басқан, жым-жырт ауылым маған жайнаған жәрмеңкедей боп көрінді сол сәтте.

Біздің үйдің қақпасы бекітулі екен. Жүгіріп отырып, үй сыртындағы қар басқан терезеге бардым. Бетімді суық шыныға тақап тұрып әкеме дыбыс бердім.

— Бұл кім? — деп жалғыз ұлын сағынып, елегізіп отырған әкем терезе алдына келді.

— Жәке, мен ғой! — дедім даусым балапандай шар ете түсіп.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий