Knigionline.co » Казахские книги » Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз

Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз - Азильхан Нуршаиков / Әзілхан Нұршайықов

Книга «Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

История о герое Великой Отечественной войны – полковнике гвардии Бауржане Момышулы. Это роман-биография, повествующий о жизненном пути героя с рождения до наших дней. Подробно описано детство, юность, годы учения в лучшем училище Советской Армии, годы войны. Автор написал роман в форме диалога между ним и главным героем.

Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз - Азильхан Нуршаиков / Әзілхан Нұршайықов читать онлайн бесплатно полную версию книги

— Әй, Айқан, етігім қайда? — деген әке даусын және естідім. Содан соң шинелімнің Мыңбұлақтың суына малынып, сауыс боп қатып қалған екі етегімен омбы қарды сызып, асыға қақпаға қарай жүгірдім.

Алыстан аңсап келгенде туған үйінің есігін алдыңнан шығып әкең ашқан қандай ғанибет десеңші, шіркін! Екі аяғын қоңылтаяқ етікке сұға салып, көйлек-дамбалшаң жалаңбас жүгіре шыққан, көзінен ыстық жасы сақалына моншақтаған сол сәттегі әке суреті жүрегімде мәңгі сақталып қалды.

Әкемнің асырап салған Бегімше деген қызы болушы еді. Есік ашуға сол қоса жүгірген екен. Әкем мені құшақтап, мауқын басқаннан кейін Бегімшені көкемдердікіне жұмсады.

— Бар, Бауыржан келді деп хабарла! — деді.

Жәкемнің жүрегінде қаншама маған деген сағыныш, мақтаныш, үміт жатқанын мен сонда ғана аңғардым. Бірақ мен әкемнің кәрі жүрегін сыздатқан сағынышын сәл басқанмен, аталық асыл мақтанышын ол кезде ауыл төңірегінен асыра алмадым. Үмітін үлбіретіп көзі тірісінде қолына ұстата алмадым.

VI

Автор. Арғы-бергі әнші композиторлардан кімді ерекше бағалайсыз? Ән мен күйден аса ұнататындарыңыз қайсылары?

Бауыржан. Тоқтай тұрғын. Мен ойымды аяқтағамын жоқ әлі... Не дедім мен? Иә, үмітін үлбіретіп көзі тірісінде алақанына апарып қондыра алмадым. Өзіне өмір берген асыл ата-анаңның қасиетті қарызын өздерінің алдында өтей алмай өту де арман екен-ау, қарағым. Олар: бізге қарызыңды өзіңнің парызыңа айналдырып, біздің немерелерімізге бер деп қайрылмастан кете береді екен ғой жарықтықтар. Ал немере дегендері сенің асыл борышыңды иесіне адал өтегеніңді білсе жақсы, білмесе жаныңа жамау ғой ол да бір. Әркімнің өз қарызын өзіне өтегенге не жетсін өмірде! Алғаныңды ақы иесіне қайыру да ғанибет қой, қарағым. Ал жаңағы сұрағыңды қайтадан қойғың.

Автор. Арғы-бергі әнші, композиторлардан кімді ерекше бағалайсыз? Ән мен күйден аса ұнататындарыңыз қайсылары?

Бауыржан. (Аз ойланып алды). Бұрынғы классик күйші, ардагер әншілердің бәрін де ұнатамын. Ал қазіргі әнші, композиторлардан көпшілігін жоғары бағаламаймын. Өйткені кейбір әншілер қазақ әнінің әуенін бұзып, үнін өзгертіп, қазақтың тілін тұтықтырып, сөзін сындырып айтады.

Осыдан кейін домбыра шерткен сияқтанып, сол қолын көтере ұстап, он қолын сермеп, сөзін айқын етіп, «Қаракесекті» әндетіп шықты.

Сұрасаң руымды Қаракесек,

Досымнан дұшпаным көп қылған өсек.

Дұшпанның қуғындаған жаласынан,

Жатқаным қу қарағай болып төсек.

Міндім де қаракөкпен жылыстадым,

Бардым да Қараөткелге жыл қыстадым...

— Бұл нағыз ән ғой? — деді Бауыржан маған басын изеп.

— Ән.

— Қандай ән?

— Жақсы ән.

— Жақсы дейді ғой, — деді ол қабағын шытып, — Трагедиялық ән емес пе?

— Иә, қасіретті, қайғылы ән.

— Ендеше осы күнгі әншілер бұл әнді былай етіп айтады:

Сұрасаң аруымды Қара-кисек, Досымнан дұшпаным куп қылған осек. Миндим де қоракукпен жылыстадым, Бардым да Қарауткелге жылқы ұстадым...

Бауыржан осылай, өлеңнің алғашқы түсінікті сөздерін адам ұқпастай етіп өзгертіп, көзін ойнақыландырып, ырғаңдап, селкілдеп отырып, қайтадан әндетіп шықты.

— Міне, көрдің бе, кейбір әншілер қайғыны биге, қасіретті арзан күлкіге, мұңды қуанышқа айналдырып жібереді. Ендеше, мен неге ондай әншілерді жақсы көруге тиіспін?.. А?..

Осылай деп ол маған ежірейе қарап, қатты ақырып қалды. Осы кезде ана жақтан әйелі жүгіріп келіп, есікті ашып жіберді де, жапалақтап менің бетіме қарады. Тегі Баукең екеуміз бірдеңеге шатақтасып қалды ма деп сасқалақтап келгенге ұқсайды.

— Бауыржан, немене, мені шақырдың ба? — деді одан соң күйеуіне бетін бұрып.

— Әй, жапқын есікті! — деп Бауыржан әйеліне қолын бір-ақ сілтеді.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий