Knigionline.co » Казахские книги » Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз

Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз - Азильхан Нуршаиков / Әзілхан Нұршайықов

Книга «Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

История о герое Великой Отечественной войны – полковнике гвардии Бауржане Момышулы. Это роман-биография, повествующий о жизненном пути героя с рождения до наших дней. Подробно описано детство, юность, годы учения в лучшем училище Советской Армии, годы войны. Автор написал роман в форме диалога между ним и главным героем.

Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз - Азильхан Нуршаиков / Әзілхан Нұршайықов читать онлайн бесплатно полную версию книги

Алғашқы таныстықтары осындай оқиғадан басталған Бек полк командирі Момышұлының қасында бір айдай болады. Неге екені белгісіз, Кривицкий алғашында Бауыржан Бекті неше түрлі қинауға салды, онымен сөйлескісі келмеді, сырын айтпады, әдебиет үшін Бек оның талай қорлығына көнді, ақыры ол жеңді, Бауыржан әңгімесін айта бастады деп суреттейді. Дивизиядан кетерінде полк комиссары Петр Логвиненко оған:

— Сіз қыранның ұясында болдыңыз. Бірақ өзіңіз қарға болып шығып жүрмеңіз, — деп еді дейді.

Бұдан кейін Кривицкий Бектің алған материалын толықтыру үшін дивизияға екінші рет келгенін, одан соң жазған блокноттарын жоғалтып алып, оның үшінші рет келгенін айтады. Бек қанша қаймығып келгенімен үшінші ретте де Бауыржан оған әңгімесін айтып береді. Сөйтіп, «Волоколамск тас жолының» алғашқы повесі 1943 жылы «Знамя» журналының бесінші, алтыншы номерлерінде, екінші повесі бір жылдан кейін дәл сол номерлерінде басылып еді деп Кривицкий әңгімесін аяқтайтын.

VIII

Автоp. Бір кезде «Адамдар тыңды көтерді, тың адамдарды көтерді» деген нақыл сөз туған еді. Сол сияқты, Бек сізді көтерді, Бекті сіз көтердіңіз емес пе? Кітап бітті, атақ шықты. Ендігі ара қатынастарыңыз қандай?

Бауыржан. Бектің кітабы барлық социалистік елдерде басылып шықты. Польшада оны біздің «Абай жолы» романы сияқтандырып инсценировка жасап, сахнаға қойды. Ол ағылшын, француз, неміс, итальян, испан, грек, фин, араб тілдеріне аударылды. Финляндияда әскери академияда арнаулы сабақ ретінде өтеді.

Бауыржан әңгімесін үзіп, «Қазақстан» сигаретіне тағы да қол созды. Оның соңғы сөзі подполковник Омарбаев айтқан бір әңгімені есіме түсірді.

Мұқан Омарбаев Ташкент қаласындағы Рахимов станциясының маңында тұрады. Ол екеуіміз төрт жыл майданда бірге болдық. Мұқан әлі күнге дейін әскери қызметте келе жатыр. Ол менің сонау соғыстан бері арамыздан қыл өтпеген ескі досымның бірі. Осыдан 2 — 3 жыл бұрын жолаушылап келе жатып Ташкентке соқтым. Мұқан елдің хал-жайын сұрап, мәз-мейрам болып қалды.

— Бауыржанның халы қалай, — деді ол бір сөздің ретінде, — көріп жүресің бе?

— Көремін. Аман-есен.

— Менде Бауыржанның «Москва үшін шайқас» дейтін кітабы бар, — деді подполковник. — Сендерді сағынған сайын сол кітапты бір оқып қоямын. Ал енді бұл нағыз ерлік кітабы, елдік кітабы ғой, шіркін! Сонымен бірге мен оны адалдықтың, адамгершіліктің, отаншылдықтың уставы деп білемін. Қазір мынау жыл сайын қарамағымызға келіп жататын жас солдаттарға осы кітапты сабақ ретінде оқытар ма еді деп те ойлаймын. Әйтпесе Жоғары білім министрлігі институттарда өтетін әскери іс сабақтарында осы кітапты оқытса, қандай жақсы болар еді. Мұның ішінде тактика да, тәжірибе де, ұрыс та, ұтыс та — бәрі де бар. Бұл — бар уставтардың ойлы да ұтымды жиынтығы. Бұл — жеңіс кітабы. Әр тарауы — әскери ғылым, азаматтық білім. Біздің жас солдат кезімізде мұндай кітап болған жоқ. Бұл кітаптың әскерге жыл сайын алынатын жас солдаттар үшін, Совет Армиясының болашақ ұрпағы үшін, социалистік Отанымыздың мызғымас беріктігі үшін қосқан, қосып отырған, алда да қосар үлесі мол. Мәңгілік үлесі бар кітап бұл. Мен осылай бағалаймын.

Подполковник сәл ойланып алып, сөзін қайтадан жалғады.

— Кешегі соғыс халықтың миына тайға таңба басқандай етіп, оның ерлерінің атын мәңгі есте қалдырып кетті! Сол ешқашан ұмытылмас ерлердің бірі Бауыржан ғой. Есіңде бар ма, Бауыржанның есімін ең алғаш мен сен берген бір журналдан оқып біліп едім. Содан бері ол менің ешқашан да есімнен шықпас. Мынау Шымкент, Жамбыл облыстарына жолаушы барғанда оның жаңа шыққан кітаптарын әдейі сатып алып жүремін.

Бүгін подполковник, кешегі Ұлы Отан соғысының солдаты осылай деген еді.

— Сөйтіп, біріншіден, Бек менің атымды ең алғаш дүние жүзіне танытты. Екіншіден, ол менің жазушылық жолға түсуіме түрткі болды. Міне, осы үшін мен оған әрқашан да рақмет айтамын.

IX

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий