Knigionline.co » Казахские книги » Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз

Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз - Азильхан Нуршаиков / Әзілхан Нұршайықов

Книга «Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

История о герое Великой Отечественной войны – полковнике гвардии Бауржане Момышулы. Это роман-биография, повествующий о жизненном пути героя с рождения до наших дней. Подробно описано детство, юность, годы учения в лучшем училище Советской Армии, годы войны. Автор написал роман в форме диалога между ним и главным героем.

Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз - Азильхан Нуршаиков / Әзілхан Нұршайықов читать онлайн бесплатно полную версию книги

Бауыржан. Бұл бір ащы ішектей шұбатылған ұзын сұрақ екен. Және маған қойылуға тиісті емес сұрақтар көбі. Өйткені мен профессионал жазушы емеспін. Мен әскери мемуар жазушы ғана кісімін. Ал біздің қазақта бұрын әскери мемуарлық әдебиет атымен болған емес. Қазақта мен осының негізін салушымын десем асылық та, артық айтқандық та болмас деп ойлаймын. Бұл жөнінде орыс әдебиетіне де қосқаным бар деуіме болады. Осы жылғы майда Москвада болған әскери әдебиет жайындағы жиналыста менің атымды үш маршал он бес рет атапты. Мен бұл пікірді, бір жағынан, солардың сөздеріне сүйеніп айтып отырмын, қарағым. Бауыржан қартайғанда мақтаншақ болып кетіпті деп ойлап жүрмегін... Ал профессионал жазушы болмағандықтан менде жұмыс кестесі немесе режим деген де жоқ. Пәлен сағаттан пәлен сағатқа дейін жазамын деп айтпаймын. Кей кездерде мен қолыма айлап қалам ұстамаймын. Бірақ ойланып, толғанып жүремін. Сол ойлағанымның иі қанды-ау деген кезде, күнмен де, түнмен де есептеспестен, машинкамды алдыма алып, сарт-сұрт баса беремін. Ойымдағыны қағазға түсіргенше менде ұйқы да, күлкі де болмайды. Содан соң тағы да 2-3 ай қолыма қағаз алмаймын, «суйимын», суып болған соң жаңағы машинкаға басқандарымды қайтадан қолыма аламын. Оны автор ретінде емес, жай қатардағы оқырманның көзқарасымен қарап, оқып шығамын. Автордың алаңғасарлығын, қызбалығын, үстірт ойлаған жерлерін әлім келгенінше түзетемін. Менің творчестволық процесім осы ғана.

Ана жылы, «Мақтаарал» совхозына барғанымда маған бір мұғалім сенің жаңағы сұрағын, сияқты сұрақ қойды. Осында пәлен деген жазушы келгенде бізге күніне он бір бет жазамын.. деп еді, сіз күніне неше бет жазасыз? — деді.

— Сен соған сендің бе? — дедім мен оған.

— Енді ол кісіге сенбегенде кімге сенеміз? — деді мұғалім

— Ендеше математикадан хабарың бар ма өзіңнің?

— Дәл сол математиканың мұғалімімін.

— Онда қағаз, қарындаш ал да, 11 бетті 30 күнге көбейт, — дедім оған. Мұғалім дереу көбейте бастады. — Оны он екі айға көбейт, бұл бір жылда ол жазушы неше бет жазады деген сөз. Көбейттің бе? Сол жазушыңның жазып келе жатқанына міне отыз жылдан асты. Жаңағы шыққан санды енді тағы отызға көбейтші. Көбейттің бе? Енді әрбір кітапта орта есеппен үш жүз беттен болады деп мөлшерлеп, барлық шыққан цифрыңды сол үш жүзге бөлші.

— Бөлдім.

— Қанша болды?

— Төрт жүзге жуық.

— Ендеше, төрт жүз кітап жазған дүние жүзінде жазушы жоқ. Понятно? Маған күніне қанша текше метр жер қазасың десе, мен оған жауап бере алмаймын. Сиыр да күн сайынғы сүтің күтімі келіссе, көңілі түссе ғана береді. Ал мен адаммын. Табағына сүт құйып, құлағын бұрай берсең шүмегінен сырылдатып қаймақ ағыза беретін сеператор емеспін! Понятно тебе?

— Енді бір сұрағым бар, — деді жаңағы мұғалім тағы да қолын көтеріп.

— Әй, тұра тұрғын, — дедім мен оған. — Сен маған 5 — 6 сұрақ қойдың. Физик, математик екенсің. Менің саған қоятын бір сұрағым бар, жауап бересің бе?

— Беремін, — деді ол.

— Берсең: екі жерде екі қанша болады? Соны айтшы.

— Екі жерде екі — төрт, — деді ол.

— Жоқ, дұрыс емес. Екі жерде екі он тоғыз болады, — дедім мен сағатыма қарап.

— Неге? — деп мұғалім орнынан ұшып тұрды.

— Сен босқа шошаңдамағын, — дедім мен оған түсімді суытып. — Сен дәм-татуы жоқ сұрақтар беріп, мені мінбеде он тоғыз минут босқа ұстап тұрсың. Екі жерде екі он тоғыз болады деген осы біле білсең, қарағым.

Жұрт залды басына көтеріп, ду күліп жіберді.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий