Knigionline.co » Казахские книги » Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз

Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз - Азильхан Нуршаиков / Әзілхан Нұршайықов

Книга «Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

История о герое Великой Отечественной войны – полковнике гвардии Бауржане Момышулы. Это роман-биография, повествующий о жизненном пути героя с рождения до наших дней. Подробно описано детство, юность, годы учения в лучшем училище Советской Армии, годы войны. Автор написал роман в форме диалога между ним и главным героем.

Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз - Азильхан Нуршаиков / Әзілхан Нұршайықов читать онлайн бесплатно полную версию книги

Әйел бетіме қарады да, мені бір шетел адамы деп қалса керек, лып ете түсті.

— Қазір, қазір. Неше адамсыздар?

— Екеуміз. Академик есік алдында тұр. Оны осы араға ертіп келуіңізді сұраймын.

Бізге бір кішкентай екі үстелді қосып, орын жасап берді де, зал бастығы үкідей ұшып барып, есіктің сыртында тұрған академикті — Сәбитті шақырып келді.

Мен әр дәмге үш порциядан заказ жасадым. Екеуін Сәкеңе, біреуін өзіме. Алдымызға ас келгенше айналамызға көз салып отырмыз. Итіс-тартыс, изең-изең, итең-итең билер бірінен соң бірі биленіп, Сәбиттің тіксініп есі шықты.

— Сіздің жаныңызға жағатын би ойнаттырайын ба? — дедім Сәбитке.

— Сөйтші, Бауыржан. Мына пәлелерді тоқтаттыршы, — деді ол.

Алдымызға ас келді. Сәбит аузына ала бергенде, мен:

— Маэстро, Огинскийдің «Полонезін» ойнауды өтінемін, — деп дауыстадым.

Оркестр ойнай жөнелді. Қасымыздағы үстелде орта жасқа келген сымбатты бір әйел отыр еді. Соның қасына бардым да:

— Мына музыканы мен сіз үшін ойнатып едім, — деп оны биге шақырдым. Оның қасындағы кавалері рұқсат етті де, екеуіміз билей кеп жөнелдік. Үйіріліп, ырғалып, толықсып, тасқындап аса бір асқақ сәнмен лыпып келіп би аяқталды. Әйелді өз орнына отырғыздым да, Сәбиттің қасына келдім.

— Әй, сенің мынадай да өнерің бар екен ғой, — деп Сәбиттің есі шығып қалды.

Ас ішіп болған соң официантканы шақырып алып, есеп жасаттырдым. Он бес сом деді. Ақша алайын деп қолымды қалтама сала беріп едім, Сәбит:

— Әй, Бауыржан, мен төлейін. Ресторанға мен шақырдым ғой, — деді.

— Онда үстіне он сом қосып бересіз, әйтпесе жиырма бес сом етіп өзім төлеймін.

— Э-э-э, көп емес пе? — деді Сәбит құмыға үн қатып.

— Көп десеңіз, мен төлеймін.

Сәбит көзінің астымен маған бір қарап алды да, амалсыздан айтқанымды төледі. Сөйтіп, менің бір билегенім Сәбитке он сомға түскен болатын.

Би туралы сұрақты қойғанда менің ойыма басқа бір оқиға түскен еді. Бір жылы Бауыржан әйелімен бірге «Алатау» санаторийінде жатады. Бауыржандар барған күні кешке сонда жатқан әйелдер би ұйымдастырып, оны қайта-қайта биге шақырады. Әсіресе бір жас қызбен Бауыржан көп билейді. Ұршықтай үйіріліп, лыпып билеуден гөрі көбік қардың үстінде тұрған аюдай қорбаңы көп болса да, Бауыржан өзін шақырған әйелдерден бас тартпайды. Ертеңінде ол мұрттай ұшып, ауырып қалады. Палатасына дәрігер шақыртады.

— Ауырып қалдым, — дейді дәрігерге.

— Онда жас қыздармен билемеңіз, ағай, — дейді дәрігер жас әйел.

Бауыржан дереу дәрігерге тақпақтата сұрақ қояды:

— Арпа мен сұлыға семірмеген мал оңбайды, қырық жас кіші қызбен билеген шал оңбайды, — демексіз ғой сонда?

— Дәл солай, — дейді дәрігер.

Бұл сөз Бауыржанның қитығына тиеді де:

— Әйелім қартайып қалды, маған жас қызға үйленуге бола ма? — дейді дәрігерге.

— Жоқ болмайды, — дейді дәрігер шамданып.

Ертеңінде дәрігер келгенде бұртиып, Бауыржанмен жөнді сөйлеспейді.

— Немене, кеше сіз маған өкпелеп қалдыңыз ба? — дейді Бауыржан.

— Иә.

— Мен де сізге өкпелеп қалдым.

— Неге? — дейді дәрігер таңданып. — Мен сізді жәбірлеген жоқпын ғой.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий