Knigionline.co » Казахские книги » Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз

Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз - Азильхан Нуршаиков / Әзілхан Нұршайықов

Книга «Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

История о герое Великой Отечественной войны – полковнике гвардии Бауржане Момышулы. Это роман-биография, повествующий о жизненном пути героя с рождения до наших дней. Подробно описано детство, юность, годы учения в лучшем училище Советской Армии, годы войны. Автор написал роман в форме диалога между ним и главным героем.

Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз - Азильхан Нуршаиков / Әзілхан Нұршайықов читать онлайн бесплатно полную версию книги

— Жәбірледіңіз, — дейді Бауыржан,—Мен кеше сізге әйелім қартайып қалды, жас қыз алуыма бола ма дедім. Сонда сіздің бір емес, екі қыз алуыңызға болады деуіңіз керек еді күліп. Онда мен орнымнан кеше тұрып кететін едім. Ал сіз мен шынында да сол сәтте бір жас қызға үйлене қоятындай, оған дәл бір мына әйелім рұқсат ете қоятындай-ақ ашуланып, қабағыңызды шыттыңыз. Мен жас қызға үйленемін деп шын ниет қылсам, алдымен мына отырған әйелімнің өзі-ақ екі көзімді бірдей ағызып жібереді. Ал көзіне қара көзілдірік киген дәрменсіз соқыр шалды жас қыз не қылады? Міне, мен сіздің осыны ойламағаныңызға, аурулармен сөйлесіп, көңіл ашар әзіл таппағаныңызға, дәрігерлік тактиканы білмегеніңізге ренжідім.

— О, ғапу етіңіз, — дейді дәрігер сонда күліп. — Сізге екеу емес, үшеуін де алуға болады ғой, ағай-ау...

— Е, міне, енді мен жазылдым. Түсте мен асханада боламын, — деп Бауыржан да күледі.

Расында да ол түсте жұртпен бірге асханаға барып, айналадағылармен әзілдесіп отырып, тамақ ішеді. Осыдан кейін қайтадан тәуір болып кетеді. Дәрігер келіншек те Бауыржанның сырын ұғып туған ағасындай сыйлап, жақсы көріп қалады.

Жаңа би туралы сұрағанда Бауыржан осы оқиғаны айтар ма кен деп ойлап едім. Бұл есіне түспеді ме, Баукең басқа жайды, бұрын мен естімеген жоғарыдағы әңгімені айтты.

ІІІ

Автор. Бауке, кейін шегінейік.

Бауыржан. Әй, сен немене өзің, «Бір адым ілгері, екі адым кейін» дегеннің керін келтіріп отырғаның? Мен саған бағынбаймын! Маған команда беретін сен кімсің өзің?

Автор. Жоқ, Бауке, сіз маған ешқашанда бағынған емессіз. Алпыс бірінші жылы «Мен сенімен сөйлеспеймін!» деп тарс еткізіп телефон трубкасын жауып тастағансыз. Алпыс төртінші жылы бір бұйрығыңызды тағы да орындатқансыз. Ал енді бұл жетпісінші жыл ғой, Бауке.

Бауыржан. Ә, бұл сенің маған емес, уақытқа бағынасың! — деген сөзін болды ғой онда.

Автор. Ұстазына шәкірті шариғат айтпайды, Бауке,

Бауыржан. Заман —теңіз. Теңіздің түбінде шабақ та жүреді, шортан да жүзеді. Понятно тебе?

Автор. Ақырғанның бәрі арыстан емес.

Бауыржан. Үндемегеннің бәрі данышпан емес.

Автор. Қисық ағаш шынар болмайды.

Бауыржан. Иір бұтақты емен шынар болуға құмар болмайды.

Автор. Кей адамның мінезі тікенге ұқсайды; ал тікенекті шеңгелге аң да жуымайды, жан да жуымайды.

Бауыржан. Кей адамның мінезі қоғаға ұқсайды ал қораны шошқа да шиырлайды, сиыр да жапырады. Қоға боп көрінгеннің аяғына тапталғанша, шеңгел боп шіреніп тұрған артық.

Автор. Мен қойдым.

Бауыржан. Мен көлденең жұрттың көсемсіп ақыл айтқыштығына тойдым... Ал, айтқын, қай жерге келіп едік?

Автор. Барханның қарамағына қызметке келгенбіз, Бауке.

— Бір күні Бархан мені өз кабинетіне оңаша шақырды. Бардым. Ол бір өте жайдары күйде отыр екен.

— Отыр, Бауыржан, ақылдасатын әңгіме бар.

Отырдым.

— Құлағым сізде, Борис Михайлович.

— Сен осы шаңқылдаған жас бүркітті қазақтардың қалай баулитынын білесің бе?

— Білемін.

— Білсең айтшы.

— Алдымен бала бүркіттің аяғына балақ бау байлайды.

— Сонсоң?

— Тұғырға отырғызады.

— Сонсоң?

— Басына томаға кигізеді.

— Сонсоң.

— Қызыл беріп, асырап, есейтеді, түлетеді, күйіне келтіріп баптайды. Есейген соң аңға салады.

— Қайтіп?

— Алдымен тауға алып шығады.

— Сонсоң?

— Томаға тартады.

— Одан кейін?

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий