Knigionline.co » Казахские книги » Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз

Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз - Азильхан Нуршаиков / Әзілхан Нұршайықов

Книга «Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

История о герое Великой Отечественной войны – полковнике гвардии Бауржане Момышулы. Это роман-биография, повествующий о жизненном пути героя с рождения до наших дней. Подробно описано детство, юность, годы учения в лучшем училище Советской Армии, годы войны. Автор написал роман в форме диалога между ним и главным героем.

Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз - Азильхан Нуршаиков / Әзілхан Нұршайықов читать онлайн бесплатно полную версию книги

Міне мен көрші көшеге бұрылдым. Бұл көше Герценнің есімімен аталады. Бұл көшенің де тарихы Герценнің, Пушкиннің, Грибоедовтың есімдерімен тығыз байланысты. Жалғыз бұл көшелердің ғана емес, Ленинградтағы барлық көшелердің халық жүрегіне жылы тиетін тамаша-тамаша өмірбаяны бар. Ленинград көшелері мен үйлерінің кеуделеріндегі алтын жазулы мрамор тақталарды көргенде омыраулары ордендер мен медальдарға толы атақты маршалдардың алдынан өткендей боласың. Ондай үйлердің қасынан өте бергенде бойыңды түзеп, дереу қолыңды шекеңе апарып, құрмет көрсеткің келеді!

Ауылды сағынсам, мен демалыс күндері әдейі арнап Декабристер алаңына баратынмын. «Ассалаумағалейкум» деп, қолымды кеудеме басып, Мыс салт аттыға сәлем беретінмін.

Немесе, аяңдап отырып, Аничков көпіріне келетінмін. Осы көпірдің екі жағындағы шылбырынан табандап тартқан төрт қола жігітке бой бермей, мойындарын доғадай иіп аспанға шапшыған төрт асау қола тұлпарды көргенде менің жүрегім әрқашанда еріп қоя беретін. Өйткені скульптор Клодтың талантымен бейнеленген осы бір асау тұлпарлар маған сонау Жуалы желкесіндегі өзіміздің үйдің шағын үйір жылқысы іспеттеніп көрінетін. Бұл төртеуі аралары жақын-жақын жайылып жүрген сақа жылқыларды көзге елестетіп, ал құлын-тайлар бүйректеу бір жерде құйрықтарын тігіп алып асыр салып жүргендей әсер тудыратын. Сондықтан да мен оларды күніне екі рет — таңертең сабаққа бара жатқанда, одан соң сабақтан қайтарда көздеп қоятынмын. «Көздеген» сайын, жылқылар ұзамай бір сайда жатқанын «көріп» көңілім орнына түсіп, мәз-мәйрам боп қалатынмын. Оларға қарап тұрып, ауылымның атбегі ақсақалы Аққулыны еске алатынмын. Ат шабыс, қыз қуу, жорға жарысы, теңге алу, көкпарды көз алдыма елестететінмін. Өзімнен-өзім қызынып, Клод аттарының біріне дереу қарғып шығып, ауылдастарымның артынан менің де құйғытып шаба жөнелгім келетін...

Ленинград! Өмір бойы ауыз жаппай сөйлессең де айтып тауыса алмайтын мәңгілік жыр ғой бұл қала! Оның тек қана Эрмитажының өзі не тұрады десеңші! Тек соның ғана хикаясын мың күн шертсең бітер ме, шіркін! Суворов, Кутузов, Барклай де Толи тәрізді ел үшін еңбек сіңірген ерлерге арналған, ұрпаққа үлгі боларлық еңселі ескерткіштер қаншама! Тіпті Александр сияқты патшаның өзіне қойылған ескерткішке де бір қайрылмай кете алмайсың. Патша надан болғанымен, оған орнатылған ескерткіш халықтың еңбегі, халықтың өнері. Сен соған қызығасың.

Ал театрларын айтсаңшы, жаныңды жалын болып кернейтін! Орыстың және дүние жүзінің барлық классикалық операларымен таныстырған да Ленинград болды мені. Пушкиннен бастап бүкіл орыс классиктерін мен осы Ленинградта жүріп жүрегіме қопардым. Сол ғайыптан кездескен ғажайып бір жыл менің өмірімнің өзгеше бір жемісті, келісті, аса бір нұрлы жылы болды. Бұл жылда мен ұлы орыс халқының тамаша тарихын білдім. Оның елдігінің, ерлігінің, өрлігінің мәңгілік мұраларымен таныстым.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий