Knigionline.co » Казахские книги » Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз

Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз - Азильхан Нуршаиков / Әзілхан Нұршайықов

Книга «Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

История о герое Великой Отечественной войны – полковнике гвардии Бауржане Момышулы. Это роман-биография, повествующий о жизненном пути героя с рождения до наших дней. Подробно описано детство, юность, годы учения в лучшем училище Советской Армии, годы войны. Автор написал роман в форме диалога между ним и главным героем.

Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз - Азильхан Нуршаиков / Әзілхан Нұршайықов читать онлайн бесплатно полную версию книги

Бауыржан. Жазушылар туралы айттым емес пе жоғарыда. Тағы да қайталаймын: жазушылардан классиктердің көпшілігін жақсы көремін. Классикалық әдебиет үлгісінде жазып келе жатқандарды ұнатамын. Ал әскери қолбасыларға келетін болсақ, мен оларды дәулескер қолбасшы, дана қолбасшы деп екіге бөлемін. Мен тек дана қолбасшыларды ғана жақсы көремін. Өз заманымның ұлы қолбасшыларының бірі деп, Жуковты ерекше құрметтеймін.

Автор. Сонымен Ленинградта финанс академиясының жанындағы бір жылдық білім жетілдіру курсын тауысып, жолда Москваға аз күн аялдап, Алматыға келдіңіз.

Бауыржан. Иә, келдім...

— Келсем, бұрынғы өз орным бос тұр екен. Экономист-консультант болып, қайтадан қызметке кірістім. Бір жыл оқып қайтқан бар өнерімді салып, жаңа жігермен жұмыс істеп жатқанымда, 1935 жылдың күзінде мені бір айға әскерге шақырды. Запастағы бірсыпыра командирлер Ташкентке жиналды. Ондағы жайды «Олар менің есімде» деген әңгімемнен оқып алғын.

Бауыржанның бұл естелігі, әрине, менің де есімде. Ол ең алғаш рет «Қазақ әдебиеті» газетінің екі номерінде жарияланды. Содан соң Б. Момышұлының 1968 жылы екі томдығында басылды. Онда Бауыржан өзінің полковник Бахалов сынды ақылды командирдің қол астында болғанын, одан үйренген үлгі-өнегесін ерекше бір жылы сезіммен баяндайды.

— Со бір айлық жиын менің барлық болашақ тағдырымның тетігі болды. Егер мен сол бір айда көзге түспесем, онда менен басқа Бауыржан шыққан болар еді. Онда екеуіміз дәл қазіргідей сөйлесіп отырмаған да болар едік.

Бір айдан кейін қайтып келдім. Келген бетте аға консультант-экономист болып жоғарылатылдым. Бар ықыласыммен кірісіп жұмысымды тағы да ілгері жүргізіп әкеттім. Енді жаңадан алынған жас қызметкерлерге өзім ұстаздық ете бастадым.

Сөйтіп жүргенде 1936 жылдың мартында мені Казвоенкомат шақырды да, дереу Ташкентке жөнелтті. Келсем, баяғы Бахалов бір айлық жиында ерекше көзге түскен командир деп, жаңадан құрылып жатқан бөлімге взвод командирі етіп тағайындатыпты. Полкымыздың командирі мен ең алғаш әскерге барғандағы Термездегі командиріміз полковник Дмитрий Коваленко екен. Бұйрыққа қол қойылып қойыпты. Мен амалсыздан үстіме әскери киім киіп, беліме наган асынып, командир болып шыға келдім. Қызмет орныммен есептесіп, үйіммен қоштасып қайту үшін маған бір апта уақыт берілді.

Бархан өз кабинетіне конторымыздың барлық қызметкерлерін жинап, әкемдей мейірбандықпен сөз сөйледі.

— Міне, жолдастар, бүгін өз ортамыздан ең таңдаулы қызметкерлеріміздің бірін сүйікті армиямыздың қатарына аттандырғалы отырмыз, — деді ол. — Қымбатты Бауыржан, абыройлы болғайсың, қарағым. Отан даңқын, Отан салтын, Отан шебін қырағы күзете біл. Біздің айтар өсиетіміз осы. Қызыл Армияның қатарында қызмет ету — совет азаматы үшін ең елеулі құрмет. Осы құрмет біздің ортамыздан тек сенің ғана еншіңе тиіп отыр. Жолың болсын, балақаным...

Сол арада Борис Михайлович маған екі айлық демалыс қаражатын, оған қоса екі жүз елу сом сыйлық бергізді.

Алматыдан шығып, Бурныйға тарттым. Сексенге тақап қалған кәрі әкеммен қоштастым. Әкем екі алақанын жайып батасын берді:

— Ақ жүрек болып жолдасың, адалдық сені қолдасын. Жақсылық үшін тірессең, жаныңды арың қорғасын. Арынды болсын шабысың, алымды болсын табысың, найзадай болсын намысың. Ер жігітке бәрі сын. Қиындық көрсең мұқалма, ауырлық көрсең жұқарма, қамқоршы бол кішіге, үлкенді үлгі тұт алға! — деп әкем бетін сипады.

Осы ақ батаны жүрегіме жазып алып мен кеттім. Әкемнің батасын менің арымның, азаматтығымның, адамгершілігімнің ақ туындай етіп, күні бүгінге дейін төбеме көтеріп келемін, қарағым.

VI

Түн болды. Шам жағылды. Бауыржанның айтқандарын жаза-жаза мен әбден қалжырадым. Енді оған сұрақ қоюдан да қалдым. Сағатыма қарасам, кешкі сегізден асып барады екен.

Автор. Бауке, шаршаған жоқсыз ба?

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий