Knigionline.co » Казахские книги » Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз

Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз - Азильхан Нуршаиков / Әзілхан Нұршайықов

Книга «Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

История о герое Великой Отечественной войны – полковнике гвардии Бауржане Момышулы. Это роман-биография, повествующий о жизненном пути героя с рождения до наших дней. Подробно описано детство, юность, годы учения в лучшем училище Советской Армии, годы войны. Автор написал роман в форме диалога между ним и главным героем.

Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз - Азильхан Нуршаиков / Әзілхан Нұршайықов читать онлайн бесплатно полную версию книги

Әскери ширақтықтың исі мұрнына бармайтын мынаның шелтеңдегеніне ыза боп кеттім де:

— Жоқ! — деп ақырып кеп жібердім. — Мен дәл сол сәтте Бауыржанның мұрты жыбырлап кеткен шығар деп ойладым. — Таяғымды орта белінен ұстап, оған сұстана қарадым да, лақтырып кеп қалдым. — Ұста, жреби саламыз.

Екі қол, бірінің саусақтары ұзын, тарамыстау келген, екіншісінің саусақтары қысқа, быртықтау келген, бірінің үстіне бірі шығып, жарыса кеп жөнелді. Таяқтың төбесіне быртық қол бұрын шықты.

— Бұз! — дедім мен төрт құрақ серке шарды алдына қойып. Ол, қонаққа барған үйінің төрінде жатқандай жайғасып, биллиардтың көк шұғасының үстіне етпеттеп жатып алды да, сығалады-ай келіп. Әрі сығалап, бері сығалап, бір кезде серке шардың бүйірінен түртіп кеп қалды. Ол орнынан әрең қозғалып, үш бұрыштанып үркердей топтасып тұрған қалың шардың шет жақ шекесін сипап қана өте шықты. Содан кейін бір-екі домалады да, серке шар, делбе болған жылқыдай, тұрды да қалды.

«Титта, титта, титта-та» дедім де, бортқа жете алмай болдырып орта жолда қалған серке шарды алып, алдыма қойдым, Содан соң:

— Олай бұзбайды, былай бұзады! — деп, еңкейе беріп, періп кеп жібердім. Көз ілескенше серке шар менің таяғымның ұшынан, зеңбіректің стволынан шыққандай, ыршып шығып, топ шарды қақ маңдайдан шарт еткізіп сүзді. Сол-ақ екен барлық шар, қасқыр шапқан қойдай болып, бытырай кеп қашты. Сол дүркіреген күйі екі шар екі бұрыштағы тесіктерге барып, қойып-қойып кеп кетті. Прокурор быртық саусақтарымен ол екі шарды ұядан алып, қабырғаға апарып тізді.

— Сізге әзір ас жасаймын, — дедім ол қайта оралып биллиардтың қасына келгенде.

Нобай, мөлшерім дұрыс-ау деп бағдарлап алдым да, он жақ құрышқа қарай тағы бір шарды ызғыттым. Ол қарсы кенереге арқасын тіреп тұрған шардың бетін бір жалады да, сып етіп ұяға еніп кетті.

— Сізге тағы подставка жасаймын, — дедім де сол жақ бұрышқа тағы ұрдым. Ол да ұядан барып бір-ақ шықты.

— Мынау ортаға іштен ұрса түсе ме? — дедім ентелеп тұрған жұртқа қарап,

— Жоқ, түспейді, — десті олар.

— Түспесе көрейін! — деп оны және періп кеп жібердім. Ортаға барып ол және гүмп ете түсті. Прокурор томпаңдап менің шарларымды қабырғаға қарай таси берді, таси берді. Сөйтіп, мен бірінен соқ бірін сегіз шарды бір жолы алдым.

— Тағы ойнаймын, — деді прокурор қызарақтап.

Тағы да ойнадық. Мен тағы да ұттым.

— Ер кезегі үшке дейін, енді бір рет, — деді ол қып-қызыл болып.

— Келгін, — дедім мен.

Бұл жолы да ұттым.

— Мен жеңілдім, — деді содан соң прокурор екі қолын бірдей көтеріп. — Менен контрибуцияға не тілейсіз?

— Мен саған екі түрлі салық саламын, — дедім оған. — Біріншісі, шырағым, бүгіннен бастап шіренбей, сіреспей, кәдімгі қарапайым жұртқа ұқсап жүргін. Сіресу, шіренуіңді еліңе, кеңсеге барғанда да қойғын. Екіншісі, өзіне қарсы кездескен жасы үлкен адамға сәлем беріп өткін. Үлкенді ұлық та сыйлауға тиіс екенін ұмытпағын. Понятно?

Өзі де жерге кірердей болып ұялды. Осыдан кейін ол ағаш емес, адамға ұқсап қалды.

VIII

Содан соң бірге демалып жатқан ақсақалымыз Сапарғали Бегалин прокурордың таяғын қолына алып:

— Әй, Бауыржан, сен менімен бір жол ойнап көрші, — деді.

Ойнадым.

Сапакеңнің жасы үлкен болған соң одан қатарынан екі рет әдейі ұтылдым. Бірақ, шын ұтылып қалған сияқты қалып көрсеттім. Осыдан кейін мені Сапакең ойынға шақырса:

— Сапеке, мен сізді жеңе алмаймын, — деп екі қолымды бірдей көтеретін болдым.

Сапакең соған сеніп:

— Құданың құдіреті, ойын деген қызық қой. Анау прокурор бала мені бұйым құрлы көрмейді. Ал Бауыржан оны ылғи құрғақтай құрамай қаптырады. Мен болсам, Бауыржанды шақ келтірмей ұтамын, — деп ылғи мақтанып жүрді.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий