Knigionline.co » Казахские книги » Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз

Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз - Азильхан Нуршаиков / Әзілхан Нұршайықов

Книга «Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

История о герое Великой Отечественной войны – полковнике гвардии Бауржане Момышулы. Это роман-биография, повествующий о жизненном пути героя с рождения до наших дней. Подробно описано детство, юность, годы учения в лучшем училище Советской Армии, годы войны. Автор написал роман в форме диалога между ним и главным героем.

Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз - Азильхан Нуршаиков / Әзілхан Нұршайықов читать онлайн бесплатно полную версию книги

Еліміздің аты әйгілі батыры Бауыржан Момышұлымен алғашқы күні он екі сағат әңгімелесіп, мен үйіме қайттым.

X

Арада бірсыпыра уақыт өтті. Менің Бауыржанмен диалогымның жартысы ғана, онда да «Жұлдыз» журналының жоспарланған он екінші номерінде емес, жаңа жылғы екінші номерінде жарияланатын болды. Мен осыны айтпақ болып, Момышұлына телефон соқтым.

Автор. Бауке, анадағы өзіңізбен әңгімені журналдың он екінші номерінен күтіп, дәмеленіп қалып жүрмеңіз.

Бауыржан. Мен ешкімнен, ештеңе дәметіп үйренген кісі емеспін.

Автор. Жоқ, Бауке, мүлде шықпай қалмайды. Жартылап февраль айында басылатын болды.

Бауыржан. Ол редакторлардың ісі. Онда менің шаруам жоқ. Түсінікті ме саған?

Маған, әрине, түсінікті болатын: журнал редакциясындағылар тұтас басуға көлеміміз көтермейді. Саған біз мақала тапсырып едік, сен повесть жазып әкелдің. Соның жартысын жариялағанымыздың өзіне риза бол және аяқ астынан мұндай шығарма туып қалғаны үшін бізге рахмет айт дескен болатын. Мен риза болғанмын, рахмет те айтқанмын. Бірақ мұндайға Бауыржаннан басқа біреу болса ешқашан да риза болмас еді. «Немене, менің юбилейіме келгенде журналдың беті жұтап қалып па? Бұл журналдағылардың сені емес, мені менсінбегені ғой. Дүние жүзіне атағымыз шықса да, өстіп ағайынның аузына ілінбейтініміз, көзіне түспейтініміз бар...» деп бұлан-талан болар еді. Баукең өйткен жоқ. «Понятно тебе?» деді де, трубканы жауып тастады. Сонысының өзі де Бауыржандық еді.

Будан кейін мен науқастанып, ауруханаға түсіп қалдым. Біраздан кейін мен жатқан ауруханаға әйелі Кәмәшпен қатар Бауыржан да келіп түсті. Кәмәш жоғарыда, мен жатқан кордиология жағында, Баукең төменде, неврология бөлімінде болды. Баукен жоғары шыға алмайды, мен темен түсе алмаймын. Екеуіміз бір жерде жатсақ та жүздесіп, сөйлесе алмайтын болдық.

Сол кезде, аурухананың астыңғы қабатындағы гастроэнтерология бөлімінде «Социалистік Қазақстан» газеті редакторының бірінші орынбасары Сапаржан Хайдаров та жатыр еді. Бір күні ол маған қуана кіріп келді. Қолында бір уыс газеті бар.

— Әзеке, сүйінші, — деді сыпайы күліп тұрып.

— Алыңыз, Сәке, — дедім мен ентелей басымды көтермек болып.

— Жо-жоқ, қозғалмаңыз. — Маған қимылдауға болмайтынын білетін ол екі қолын кезек сермеп, безек қақты. — Бүгінгі газетте Сіздің геройыңыз, халқымыздың сүйікті ұлы жазушы Бауыржан Момышұлының орденмен наградталғаны туралы жарияланыпты. Сізге соны хабарлайын деп келіп едім. Міне газет.

Мен Сапаржан берген газетті алып, Указды оқыдым.

Менің тез барып Бауыржанды құттықтағым келді. Бауыржанды ғана емес, Бекті де құттықтағым келді. «Сүйікті кітабыңның қаһарманы — кеше, қан майданда, жауынгерлік Қызыл Ту орденімен наградталған жауынгерің бүгін жазушылық еңбегі үшін Еңбек Қызыл Ту орденімен наградталып жатса, авторға ол бір мерей емес пе?» Бірақ мен орнымнан қозғала алмадым. Төменгі қабатта жатқан Бауыржанға барып, оның қолын қысуға дәрменім келмеді.

— Бауыржан қақаған қыста, декабрьдің 24-інде туған, — дедім мен шалқамнан жатқан күйі Сапаржанға қарай мойнымды бұрып. — Сақырлаған сары аязда дүниеге келген... Қыран бүркіт те жұмыртқасын қыста, қиядағы тасқа салады дейді. Жазға шыдамаған жасық жұмыртқа шырт-шырт сынып, жарылып, ұяда темірдей тесірейіп міз бақпастан жалғыз ғана жұмыртқа аман қалатын болса керек. Қыран тек осыны ғана бауырына басып, балапан етіп шығарады дейді ғой. Ел аңызы осылай. Осы аңыз-теңеу біздің Баукеңе дәл келеді-ау өзі. Сіз барып, Баукеңді құттықтаңыз, Сәке.

— Жоқ, — деді Сапаржан ақ тістері қасқая күліп.

— Неге?

— Жүрегім дауаламайды.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий