Knigionline.co » Казахские книги » Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз

Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз - Азильхан Нуршаиков / Әзілхан Нұршайықов

Книга «Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

История о герое Великой Отечественной войны – полковнике гвардии Бауржане Момышулы. Это роман-биография, повествующий о жизненном пути героя с рождения до наших дней. Подробно описано детство, юность, годы учения в лучшем училище Советской Армии, годы войны. Автор написал роман в форме диалога между ним и главным героем.

Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз - Азильхан Нуршаиков / Әзілхан Нұршайықов читать онлайн бесплатно полную версию книги

— Сізді ең жақсы қызметкеріміз ретінде жоғарылатсақ деген ой келіп еді, — деді ол маған жайлап қана. — Егер келісіміңізді берсеңіз СССР өнеркәсіп банкының республикалық басқармасына аға консультант етіп тағайындар едік те, бұдан былай бірге қызмет істер едік.

— Келісемін, — дедім мен. — Бірақ сізге қоятын бір-екі сауалым бар, Борис Михайлович,

— Сұра, — деді Бархан.

— Біріншіден, маған неге ұрыспайсыз? Мен жұмысты тастап кеттім ғой.

Бархан күлді.

— Ұрысуға адам әрқашанда үлгіреді. Одан бұрын ұғысуды ойлау керек. Ал ұрысу қажет болса, кейін өзіңіздің тәртібіңізге, шабан-шалағайлық көрсетсеңіз — оған да қарап, ұрыса да жатармыз. Бірақ ойлап қалмаңыз мен сіздің желкеңізден түспей қояды екен деп. Алдымен адамның жақсылығын көру абзал. Бірінші сұрағыңызға қанағаттанарлық жауап алдым деп ойласаңыз, онда екінші сұрағыңызға көшіңіз.

— Менің әдірісімді қайдан алдыңыз?

— Оны сіздің үстіңізден шағым айтып, кеткен жеріңізді көрсетіп Марченко жолдас жіберді. Артынан Шымкент банкын тексеріп қайтқан біздің қызметкерлеріміз сіз жайында жақсы мінездеме алып келді. Сіз жайында бірге қызмет істеген жолдастарыңыз көп жылы сөздер айтыпты. Негізгі сыпаттаманы сіздің қызметіңіз берді. Қорғасын заводының счетын жаптырып қою жөніндегі ұсынысыңыз орынды екен. Біздің қызметкер оны жаптырып келді. Содан кейін, Марченко жолдастың шағымын пайдаланып, сізге телеграмма бердік.

— Рақмет, Борис Михайлович, — дедім мен.

Бархан орынбасары мен бухгалтерді шақыртты. Оларға мені таныстырып, орынбасарына маған үй бергізуді жүктеді, бухгалтері көші-қон қаражатын бер деп міндеттеді. Алматының кеңсесінен орын, көшесінен үй тиіп, жырғап, жетісіп қалдым. Ол кезде Құрманбек Сағындықов Казсовпрофта істейтін еді. Ол маған өз үйінен темір төсек, көрпе-жастық әкеп берді. Бархан білімді кісі еді. Қызметкерлеріне әр жайды өзі тікелей ұғындырып, түсіндіріп отыратын. Дубовиктен кейінгі жарыған бастығым осы кісі болды. Жақсы бастық — жарты бақыт қой, шіркін! Өйткені ойлы бастық ұқыпты қызметкерді адам етеді. Ойсыз бастық оқып келген маманды надан етеді. Ал менің қолымнан келетіні ұқыптылық, ыждағаттылық қана. Тапсырылған істі тапжылтпай орындау ғана. Мұным бастықтарыма ұнады. Сөйтіп, бірімізге біріміз ұнап, бір жыл қызмет істедім. Ұғысып істескен қызметтен тәтті тіршілік жоқ-ау тегі деп түйдім сонда.

Кейбіреулер естелік айтса өзін ғана мақтап, мадақтап шыға келеді. Жазса өзімен замандас, тұстас өмір сүрген жақсыны жамандап, даттап әуре болады. Елге еңбегі сіңген, халық үшін қызмет еткен азамат адамдардың жақсылығын асырып, асқақтатып көрсету орнына, тырнақ астынан кір іздейді, кемітіп, келекелеп көрсетуге тырысады. Өзіне әлде бір мінезі ұнамаған екінші бір жақсының аты аталса: «Әй, оны қойшы, ол бір жүрген делқұлы ғой» деген сияқтандырып, ысқырта соғып, өсектің боранын бұрқыратып қоя береді. Өзінің айтқанымен қоймай, өзгелерге соны жамандатып, тақылдатып қояды. Әсіресе, ондай адамдар өзінің бұрынғы бастығын, ежелгі ескі досын екілене жамандағанда өзгені есінен тандырып, есебінен жаңылдырып жібереді. Ал Бауыржанда мұндай мінездің жоқтығы, оның өзгеше қасиеттерінің бірі болып аңғарылады. Сіздің халық арасында атыңыздың аңыз болып кетуінің бір себебі осы шығар-ау, Бауке.

Автор. Бауке, билей білесіз бе?

Бауыржан. (Алдымен маған адырая бір қарап алды.) Москвада Сәбит Мұқанов екеуіміз бір жиналыстан өте кеш қайттық. Сәбитті мен «Москва» мейменханасына әкеп салдым.

— Әй, Бауыржан, — деді Сәбит, — Екеуіміз осының ресторанына кіріп, тамақ ішіп алсақ қайтеді?

Екеуміз ресторанға келсек, ине шаншыр орын жоқ. Не істейміз? Менің басымда шашағы салбыраған түрік тақиям бар еді. Соған сендім де, тәуекел деп ішке кірдім. Сәбит сыртта қалды.

Зал бастығын шақырып алдым да:

— Сіздің рестораннан дәм татсақ деп едім, — дедім.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий