Knigionline.co » Казахские книги » Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз

Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз - Азильхан Нуршаиков / Әзілхан Нұршайықов

Книга «Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

История о герое Великой Отечественной войны – полковнике гвардии Бауржане Момышулы. Это роман-биография, повествующий о жизненном пути героя с рождения до наших дней. Подробно описано детство, юность, годы учения в лучшем училище Советской Армии, годы войны. Автор написал роман в форме диалога между ним и главным героем.

Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз - Азильхан Нуршаиков / Әзілхан Нұршайықов читать онлайн бесплатно полную версию книги

— Жарайды, енді жетінші сұрағыңды қойғын, қарағым, — дедім жаңағы мұғалімге түсімді қайтадан жылытыңқырап. О да бір сұрақ қойғыш неме екен, сен сияқты етіп жазып алған қағазының орта тұсына үңілді де... орта тұсына, — деп Бауыржан сұқ саусағын шошайтты. — Тегі оның әлі де қоя алмай қалған бес-алты сұрағы болуы керек... Қағазының орта тұсына үңілді де, былай деп сұрады: «Ең жақсы көретін өз шығармаңыз қайсысы?»

Бұған ойлануға тура келді. Ойланған сайын жауап беру қиынға соқты. Содан кейін мұғалімге қарадым да:

— Өзіңнің балаң бар ма, қарағым? — деп сұрадым.

— Бар.

— Нешеу?

— Бесеу.

Жұрт күліп жіберді. Мен күлгенім жоқ.

— Өзің сол бес қарғаңның қайсысын ерекше жақсы көресің? Соны осы отырған бәрімізге айтып берші, — дедім оған жұрттың күлкісі тоқталғаннан кейін.

Мұғалім ойланып тұрды да, «Айта алмаймын-ау» дегендей, жауырынын қиқаңдатты.

— Бұл да солай, қарағым, — дедім мен. — Оны мен айта алмаймын саған. Жазушының өзі емес, оны жұрт біледі.

Автор. Мен сезіктене бастадым, Бауке. Сұрағың көбейіп кетті деп, сіз маған ишара жасап отырған жоқсыз ба?

Бауыржан. Жоқ. Сенің жөнің бір басқа. Ал сенен бұрын, кеше, бір тілші келіп кетті осында. Екі көзі ит қуған бұзаудың көзіндей шатынаған бұйра бас біреу. («Сіз менің де жасап отырсыз-ау қазір. Ертең екінші біреуге: осы столдың басында мыжырайып отырып еді іші кепкенше дейсіз бе, кім білсін?» деп ойладым ішімнен).

— Сізден интервью алайын деп келіп едім, — дейді.

— Ал, қойғын сұрақтарыңды.

Бір мәселенің төңірегіне топтап, жүйелеп әкелген сұрақтары да жоқ. Сәл ойланған болып: «Сіздің мына мәселе жөнінде көзқарасыңыз қалай?» деп кекең ете қалады. Ал «көзқарас» деген философиялық ұғым. Сондықтан оған кеңірек жауап берейін десең ол айтып отырғаныңның аяғын тындырмастан, екінші бірдеңені сұрайды да, тағы да кекең ете қалады. Құйрығы шошаңдап бұтақтан бұтаққа секірген сауысқан сияқты.

— Сонымен сіздің бастығыңыз ауысып кетті ғой, Бауке?

— Иә, ауысып кетті. Орнына Георгий Федорович Марченко деген кісі келді. Онымен үш ай істес болдым. Табанының бүрі жоқ, тайғанақ, жалтақ кісі екен. Ондай кісіні мен бастығым болмақ тұрғай, құдай болса да ұнатпаймын. Оның осындай қылығын көрген мен, ұстараның жүзіндей болып, күн сайын жұқара бердім.

Шымкенттегі осы күнгі атақты қорғасын заводы ол кезде жаңа салынып жатқан болатын. Бір күні Марченко мені сол заводтың финанс жағдайын тексеріп келуге жұмсады. Дабыл бар. Егер игерілмеген қаражат соншалықты көп болса, онда заводтың счетін жауып тастау керек деді. Барып тексердім. Завод ақшаны ала берген. Бірақ соның оннан бірін де игермеген. Сөйтіп, финансисттердің тілімен айтқанда, завод «өлі капиталдың» астында қалған. Акт жасадым. Сала-саламен көрсеттім. Заводтың счетін әзірге жаба тұру керек деп, Марченкоға баяндадым. Ол қол қойды.

Счетының жабылып қалғанын естіп, бір күні Марченкоға заводтың бас бухгалтері — Белугин келді. Марченко мені шақырды. Өзі қол қойған документтерді қарап отырды да Марченко:

— Счеттың жабылуы дұрыс, — деді.

Белугин орнынан атып тұрды.

— Мынадай бір боқмұрын келіп біздің счетымызды жаба берсе, онда ол завод ешқашан да салынбайды, — деп айқайлады ол мені нұсқап. Содан соң Марченкоға зіркілдеді. — Қазір құрылыстың барлық жұмысы тоқтап тұр. Егер счетымызды осы қазір қайтадан ашпасаңыз мен сізді сотқа беремін.

Марченконың көзі жыпылықтай бастады. Мен көз алдыма бұрынғы бастығым Дубовикті елестеттім. Дубовик болса қазір Белугиннің ақырған-шақырғанына қарамастан: «Берілген қаржының белгілі проценті игерілгенше счеттарыңыз ашылмайды» дер еді деп ойладым. Осы кезде Марченкам:

— Онда счетты қайтадан ашайық, — деп қарап отыр.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий