Knigionline.co » Казахские книги » Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз

Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз - Азильхан Нуршаиков / Әзілхан Нұршайықов

Книга «Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

История о герое Великой Отечественной войны – полковнике гвардии Бауржане Момышулы. Это роман-биография, повествующий о жизненном пути героя с рождения до наших дней. Подробно описано детство, юность, годы учения в лучшем училище Советской Армии, годы войны. Автор написал роман в форме диалога между ним и главным героем.

Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз - Азильхан Нуршаиков / Әзілхан Нұршайықов читать онлайн бесплатно полную версию книги

Кәмәш есікті жауып, кетіп қалды. Сәл үнсіз түксиіп отырды да, Бауыржан сөзін қайтадан жалғады.

— Мен бұрын Күләш марқұмның әндерін көзім жасаурап отырып тыңдайтын едім. Қазір Бибігүл ән айтқанда үнсіз егілемін. Ертеде қазақтың классикалық әндері тек еркек әншілердің ғана аузымен тараған еді. Қазіргі классикалық әндер әйел әншілеріміздің көмейіне ұялаған... Иә, жаңа қай жерге тоқтап едім?

— Момынқұл көкем мен Саракүл жеңешем келді жүгіріп. Біздің үйдің іші лезде мәре-сәре болды да қалды аяқ астынан.

Бұрын үйіміз едәуір мүлікті болушы еді. Ертеңінде айналама көз салсам төрдегі жүк те, төсектегі жиһаз да жұтаң тартып кетіпті. Солардың бәрі тамаққа жұмсалыпты. Мен келген күні біздің үйде небәрі бір пұттай ғана ұн қалған екен. Сол азғантай ұннан күн сайын бір уыстап алып, быламық істеп күн көріп отырса керек. Бір үйлі жанның қыстан шығар бар үміті соған тіреліпті. Үйдің осы жайын көргеннен кейін, келген бетте суық тиіп, ауырыңқырап қалғаныма да қарамастан 2 — 3 күннен кейін Шымкентке тарттым.

Алдымен өзімнің ескі ұям — өнеркәсіп банкысына бардым. Барсам Дубовик әлі сонда екен. Оны көріп мен қуанып, мені танып ол шаттанып, екеуміз мәз-мейрам болдық.

— Әскерден келдің ғой?

— Әскерден.

— Арнап маған келіп тұрсың ғой?

— Иә, сізге, Тимофей Терентьевич

— Бірге қызмет істейміз ғой?

— Істейміз. Мен әзірмін.

Бұрынғы Корнеев ақсақал кетіп қалған екен де, оның орнына экономист болып, Догалин деген кісі келіпті. Бас бухгалтер болып сақал-шашы әппақ қудай Бурмистров деген шал отырыпты. Дубовик мені оларға таныстырды.

— Біздің бұрынғы қызметкеріміз. Әскерге барып келді. Мұнда қайтадан қызметке аламыз, — деді ол.

Дубовик мені жалақысы жоғары деп кен істері жөніндегі аға экономист етіп тағайындады. Бұйрықтың екінші пунктіне маған көшіп-қону қаражаты босатылсын және 30 сом жәрдем жасалсын деп және қосты. Бухгалтерге есептеттіріп, барлығы 110 сом ақшаны қолыма ұстаттырды да:

— Ал Бауыржан, осы қазір үйіне жөнел, — деді Дубовик. — Мына ақшаның жартысынан көбін қарттарға бер. Сен он бес күннен кейін тағы да жалақы аласын. Өзіңе сол жетеді. 2—3 күн үйіңде аунап-қунап, жұмысқа біржола көшіп кел.

Тек әке ғана жасайтын жақсылықты Дубовик маған тағы да жасады. Шинелімнің екі етегі делеңдеп тағы да ауылға жеттім.

— Оу, неғып тез келіп қалдың? — деп үйдегілер үрпиісіп қалды.

— Қызметке тұрдым, — дедім мен жайраңдап.

— Қалай тез болды? — деп таңданысты бәрі.

Мен Дубовиктің жасаған жақсылығын айттым.

— Біздің Бауыржанның жұлдызы орысқа жүреді, — деп Момынқұл көкем желпініп-желпініп жіберді.

Мен әкемнің алдына ақшамды жайып тастап:

— Жәке, керегінше алыңыз, — дедім масайрап.

Әкем санап отырып жиырма сомын ғана алды.

— Жоқ, жартысынан көбін алыңыз, — дедім Дубовик айтқандай.

— Әй, шырағым, біз үйдегі адамбыз, сен түздегі жансың. Бізге осы да жетеді, елмен қатар күн көреміз. Жырақта жүріп, өзің қиналып қалма, қарағым.

— Жоқ бастығым сізге алпыс сом алсын деп айтқан, — дедім де, әкеме тағы қырық сомын қосып бердім.

VII

Автор. Сіз домбыра тартасыз ба, қобыз шаласыз ба?

Бауыржан. Жоқ екеуін де білмеймін. Тек пианино, рояльда ойнаймын.

Автор. Қазақтың қандай ұлттық дәстүр, қасиеттерін жақсы көресіз?

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий