Дон Кихот І - Мигель де Сервантес

Книга «Дон Кихот І» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Публикация «Дон Кихота» в двух частях состоялась в 1605 и 1615 годах. Благодаря этому произведению автор стал известен во всем мире. С момента публикации книга стала устным романом и первым в литературе современным романом

Дон Кихот І - Мигель де Сервантес читать онлайн бесплатно полную версию книги

Ол қаралы арбаны ауыр жарақаттанған немесе ажал тапқан рыцарьды әкеле жатқан азалы күйме деп бағалады; оның кегін қайтару басқа ешкімге де емес, өзіне, Дон Кихотқа бұйырып тұр деп білді; сөйткен соң көп ойланып жатпастан ерге тіктеліп отырды да, шынайы батылдықпен және нық шешіммен ақ шапандылар алдын кес-кестеп, жолдың қақ ортасына барып тұрды, сөйтіп олар жақындап келе бергенде қатты дауыстап былай деді:

— Рыцарьмысыздар әлде емессіздер ме, бәрібір, тоқтай қалыңыздар және кім боласыздар, қайдан келесіздер, қайда барасыздар, сондай-ақ мына күймеде кімді алып келе жатырсыздар — дереу маған түгел баян етіңіздер. Қай тұрғыдан алып қарағанда да, сіздер жәбірлеуші не болмаса, керісінше, жәбірленуші секілдісіздер, сондықтан істеген зұлымдықтарыңызға сай жазалауым үшін немесе өздеріңізге әлденендей бір әділетсіздік жасағандардан кек қайтаруым үшін мұны мен білуге тиіспін және білуім қажет те!

— Біз асығыспыз, — деп жауап қатты ақ шапанның бірі, — ал бекетке шейін әлі көп бар, сол себепті осыншалықты егжей-тегжейлі түсінік беріп жатарлық уақытымыз жоқ.

Осы сөзді айтқан бойда ол қашырын қамшылап, жанай өтіп кете бармақ болған. Бірақ, мына сөзге өліп кетердей боп намыстанған Дон Кихот қашырды сулығынан ұстай алды да:

— Тоқтаңыз, азды-кем кішіпейілірек болыңыз және сұрағыма жауап беріңіз, әйтпесе бәріңізді түгел шайқасқа шақырам! — деді.

Қашыр үркек-ті, сулығынан ұстай алған кезде қатты шошынғаны сонша, тік көтеріле шапшып, ерде отырған адамды жерге атып ұрды. Жаяу ілесіп келе жатқан малай ақ шапанның бірі аттан ауып қалғанын көріп Дон Кихотты боқтық сөзбен сыбай бастады; онсыз да төзімі таусылып шақ тұрған Дон Кихот соны естіген соң, көп ойланып жатпастан шолақ найзасын көлденең ұстап алды да, заулатқан бойы ақ шапандылардың біріне тап беріп, ауыр жарақаттап атынан ұшырып түсірді; одан соң әлгінің серіктеріне ұмтылды; көз ілеспес шапшаңдықпен шабуылдағаны сонша, әлгілер жалт бұрылып қаша жөнелді! Росинантқа бейне бір қанат біткендей, ойламаған жерден мінез көрсетіп, ортекедей орғып жүрді. Қоян жүрек, оған қоса әрі қарусыз ақ шапандылар ұрыс даласын сол сәтте-ақ зәредей қарсылық көрсетпестен тастап, қолдарына шамшырақ ұстаған қалыптарында тым-тырақай зытып бара жатты: бұл көрініске қарап тұрған адамның мерекелік түнде масқарапаздар бір қызық ойынды бастап жіберген-ау деп қалуы да мүмкін-ді. Ал, аза киіміне малынғандар болса, шұбатылған ұзын етекті киімдеріне малтығып, тұрған орындарынан тырп ете алмады, осыны пайдаланған Дон Кихот еш шімірікпестен бәріне түгел соққы жегізіп шықты, сондықтан олар оны адам емес, қаралы арбада жатқан мүрдені ұрлап әкету үшін жаһаннамнан келген шайтанның өзі деген ойға келіп, еріксізден-еріксіз бет-алды жылыстауға мәжбүр болды.

Осының бәрін қас қақпай қадағалап тұрған Санчо мырзасының батылдығына қайран қалып, өзіне-өзі: “Апырай, қожайыным тек сөз жүзінде ғана емес, іс жүзінде де әрі қаһарман, әрі қарулы екен ғой”, деді. Қашыр аударып тастаған ақ шапандының қасында маздай жанған шамшырақ құлап жатыр еді, әлгіні соның жарығынан көзі шалған Дон Кихот жанына таяп келіп, найзасының ұшын бетіне төндіріп тұрып, қолма-қол берілуін, өйтпеген жағдайда өлтіріп тастайтынын ескертті. Жерде жатқан міскін оған былай деп тіл қатты:

— Ау, енді бұдан артық қалай берілуге болады, аяғым сынып, қыбыр етерлік қауқарым болмай жатса! Өтінем сізден, мархабатты мырза: шынайы христиан болсаңыз, мені өлтіре көрмеңіз, өйткені бұл сұмдық күпірлік болады: себебі, мен лиценциат едім, жақында ғана бата алғам.

— Діни қызметші болсаңыз бұл жерге сізді кім айдап келді? — деп сұрады Дон Кихот.

— Бұл араға кім айдап келді дейсіз бе? — деп қайталап сұрады жер бауырлап жатқан міскін. — Татымсыз тағдырым ғой.

— Әу баста қойған сұрақтарыма қанағаттанарлық жауап бермесеңіз тағдырыңыз бұдан да дәмсіз бола түседі, — деп наразылық білдірді Дон Кихот.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий