Дон Кихот І - Мигель де Сервантес

Книга «Дон Кихот І» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Публикация «Дон Кихота» в двух частях состоялась в 1605 и 1615 годах. Благодаря этому произведению автор стал известен во всем мире. С момента публикации книга стала устным романом и первым в литературе современным романом

Дон Кихот І - Мигель де Сервантес читать онлайн бесплатно полную версию книги

— Оны қазір айтам, — деп жауап қатты Санчо. — Өзіңізді бұлай атандырған себебім, әлгі бейбақ өзімен бірге ала кеткен шамшырақтың жарығы түсіп тұрған кезде сізге көз салғанымда кескініңіздің сондай аянышты екенін көрдім, мұндай кескінді басқа ешбір жаннан ұшыратпаған секілдімін. Бәлкім, сізді айқас титықтатып кеткен болар, әлде, бәлкім, күрек тістеріңіз бен азу тістеріңізді қағып алғандықтан солай көрінген шығар.

— Әңгіме онда емес, — деп наразылық білдірді Дон Кихот. — Іс-әрекетімнің тарихын жазу міндеттелген сол бір оқымысты оғлан, шамасы, менің әлдебір лақап есімді таңдап алғанымды қош көрген болуы керек, өйткені бұрынғы рыцарлар солай еткен ғой: бірі Отты Семсер Рыцары, екіншісі — Жалғыз Мүйізді Жылқы Рыцары, енді біреу — Бикеш Рыцары, енді біреу — Феникс Құсының Рыцары, тағы біреу — Тазқара Рыцары, келесі біреу — Өлім Рыцары атанған ғой және осы есімдерімен және лақап аттарымен олар күллі әлемге танымал болған. Міне, енді, менің ойымша, сол оқымысты оғлан маған сондай бір ат беру жайында саған ой салған және осы Қайғылы Бейне Рыцары дейтін лақап аттың өзін айтып берген, олай болса мен енді осылай аталатын болам. Ал, бұл лақап есімнің бойыма тұрақтап қалуы үшін, оңтайы келген сәтте-ақ қалқаныма әлденендей бір айрықша қамыққан әлпеттің суретін салуға әмір етем.

— Әлденендей бір әлпеттің суретін салдыру үшін уақыт та, ақша да жұмсап әуре болуыңыздың қажеті жоқ, — деп қарсылық білдірді Санчо. — Дулығаңыздың бет жабарын көтеріп, әлпетіңізді жұртқа жария қылғаныңыздың өзі-ақ жетіп жатыр, сөйтсеңіз ешқандай дау-дамайсыз-ақ және қалқанға салынған ешқандай суретсіз-ақ жұрттың бәрі сізді Қайғылы Бейне Рыцары деп атайтын болады. Осы сөзіме сеніңіз, қателесіп тұрған дәнеңем жоқ. Шын сөзім, сеньор, — көңіліңізге алып қалмаңыз, тақсыр, — тойып тамақ ішпей жүргендіктен және азу тістеріңіздің жоқтығынан сұрықсызданып кеткеніңіз сонша, қайталап айтам, сүйкімі жоқ суреттен дым да ұтпайсыз.

Санчоның қалжыңы Дон Кихоттың күлкісін келтірді; әйтсе де лақап есімнен де, өзі ойға алған суреттен де бас тартқан жоқ.

— Шамалауымша, Санчо, — деп ол қайтадан сөйлеп кетті, — қызметшісіне қол тигізгенім үшін мені шіркеуден аластаған да болулары керек, — juxta іllud, sі quіs suadente dіabolo...24 деген сияқты, ал шындығында мен қол тигізген жоқпын, мына шолақ найзаны ғана тигіздім ғой. Оған қоса, діни қызметшілер мен діндар жандарға шабуылдап жатқаным ойыма кіріп те шыққан емес, өйткені кірпияз христиан және католик ретінде оларды қадір тұтып, құрметтейтінім мәлім, — маған олар әлденендей бір құбыжық, дозақтан шыққан дүлей секілді көрінді ғой. Бірақ, аластаса неғылам енді: жаңылмасам, Сид Руй Диас қасиетіне құлдық папаның көзінше король елшісінің орындығын сындырып тастаған болатын, сол үшін папа оны аластап жіберген-ді; солай бола тұрғанымен, айтулы Родриго де Вивар сонда адамгершілігі мол әрі ержүрек рыцарь екенін көрсете білді ғой.

Бұрын айтылып өткеніндей, бакалавр үн-түнсіз жөнеп кеткен болатын. Дон Кихот қаралы арбада — мүрде ме әлде басқа бір нәрсе ме — не жатқанын білгісі келді. Бірақ, Санчо көнбей қойды.

— Сеньор! — деді ол. — Осынау қатерлі шытырман оқиға өзім куә болған барлық басқа оқиғамен салыстырғанда сіз үшін өте сәтті аяқталды, бірақ өзіңіз жеңіп, тырқыратып қуып салған адамдар бәрі жүріп жалғыз адамнан жеңіліс тапқанын түсініп, соған қатты күйінгендіктен әрі ыңғайсыз жағдайда қалғандықтан, мұнда шұғыл қайтып оралуы, сөйтіп көкемізді көзімізге көрсетуі мүмкін ғой. Тиісті жүк есекке артылды, тау таяқ тастам жерде, ас — адамның арқауы деген, сондықтан, қане, адымды ширақтау алып алға тартайық — мәйітке керегі табыт, тіріге керегі тамақ, деген сөз бар ғой.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий