Дон Кихот І - Мигель де Сервантес

Книга «Дон Кихот І» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Публикация «Дон Кихота» в двух частях состоялась в 1605 и 1615 годах. Благодаря этому произведению автор стал известен во всем мире. С момента публикации книга стала устным романом и первым в литературе современным романом

Дон Кихот І - Мигель де Сервантес читать онлайн бесплатно полную версию книги

— Қазір сізге бәрін түсіндірем, — деді лиценциат. — Сөйтіп енді сіздің, мархабатты мырза, біліп қойғаныңыз зиян болмас, әуелде мен өзімді лиценциатпын дегеніммен, шын мәнінде тек бакалавр ғанамын, аты-жөнім Алонсо Лопес болады; Алькобендаста туып-өскенмін; он бір діни қызметшімен — дәл сол жаңағы қолдарына шамшырақ ұстап қашып кеткендермен бірге Баэса қаласынан келе жатырмын; біз мына қаралы арбада жатқан мүрдені алып келеміз, — бұл Баэсада дүние салған, сол арада жерленген бір кавальероның мәйіті, әлгінде айтқанымдай, қазір соның мүрдесін Сеговияға апара жатырмыз, бұл оның туған жері әрі сонда отбасылық зираты бар.

— Ал, оны өлтірген кім? — деп сұрады Дон Кихот.

— Жаратқан иеміз ғой, іріңді безгек жіберіп, соның көмегімен алды ғой ақыры, — деп жауап қатты бакалавр.

— Олай болса, жаратқан иеміз мұның өлімі үшін кек қайтару міндетінен құтқарған екен өзімді, — деп түйді Дон Кихот, — ал егер оны біреулер өлтірген болса, онда бұл міндетті өз мойныма артуға мәжбүр болар ем. Егер ол өзіңіз айтқандай жағдайда өлген болса, онда оған амал қанша дегеннен басқа айтарың жоқ, өйткені өзіме сондай ажал жіберілген жағдайда да осылай деген болар ем. Біліп қойыңыз, бакалавр, мен Ламанчалық рыцарь болам, аты-жөнім — Дон Кихот, ал менің іс-әрекетімнің сипаты мынадай: мен жер-дүниені аралап, қисықты түзетем және жәбір көргендерге ара түсем.

— Іс-әрекетіңіздің сипаты қандай және қисықты қалай түзетесіз — ол жағы маған беймәлім, — деді наразы бакалавр, — ал мені кәдімгідей-ақ кемтар ғып тастағаныңыз анық, өйткені сіздің қырсығыңыздан аяғымды сындырып алдым және енді оны өмірімнің ақыр соңына дейін түзете алмайтыным ақиқат. Жәбір көргендерге ара түспек болып менің өзіме өмір бақи ұмытпайтын жәбір көрсеттіңіз, сондықтан шытырман оқиға іздеушімен жүздесу өзім үшін шынайы бақытсыздықпен жүздесу боп шықты.

— Ондай-ондай болмай тұрмайды, — деп ескертті Дон Кихот. — Бұған кінәлі мынадай жағдай, сеньор бакалавр Алонсо Лопес: сіздер түннің бір уағында келе жаттыңыздар, кигендеріңіз азалы киім, қолдарыңызда шамшырақ және әлдене жайында күбір-күбір сөйлесесіздер, — кәдімгі сол жаһаннамнан жол тартқан жандардан аумайсыздар, — соған қарап мұны қалай жақсылыққа жорымақсың. Әрине, менің өз парызымды орындамай қала алмайтыным белгілі ғой, сондықтан сіздерге тап бердім және тіпті тамұқтан шыққан жын-шайтан екендеріңізді анық білген күннің өзінде де бәрібір шабуылдаған болар ем, — дәл соңғы сәтке шейін өздеріңізді шынымен-ақ сондай деп ойлағам, оны жасырып неғылам.

— Маңдайыма жазылғаны осы боп тұр ғой, амал қанша, — деп күрсінді бакалавр. — Ал, енді, сеньор кезбе рыцарь, ақыры маған рыцарьлық жасамаған екенсіз, тым құрыса, қашырдың астынан босап шығуыма көмектесіңізші, өтінем сізден, өйткені, аяғым үзеңгі мен ердің арасында жатыр ғой.

— Мәссаған керек болса! — деп Дон Кихот дауыстап жіберді. — Ау, оны неге маған ертерек айтпадыңыз?

Ол сол бойда Санчо Пансаны шақырды, бірақ анау былқ етпеді: оның бар зейін-ықыласы мына мейірбан жандар азық-түлікті сықастыра артып алған қашырдың жүгін түсіруге ауған болатын. Жадағайынан қапшық жасап алған Санчо оны аузы-мұрнынан шыққанша нығарлап толтырған соң есегіне апарып артты, сонан кейін ғана Дон Кихоттың шақыруына құлақ асып, сеньор бакалаврдың қашыр астынан босап шығуына, одан соң ерге отыруына көмектесті, сосын қолына шамшырағын ұстатты. Дон Кихот бакалаврға серіктерін тауып алуға және өз ықтиярынан тыс себептер бойынша келтірген залал-зәбірі үшін олардан өз атынан кешірім сұрауға кеңес берді, ал Санчо бұған өз тарапынан:

— Әгәрәки ол сеньорлар өздерін осынша қорқытқан ержүректің кім екенін білгісі келсе, онда, жарқыным, сіз бұның Қайғылы Бейне Рыцары аталып кеткен Ламанчалық Дон Кихот екенін айтарсыз, — дегенді қосып қойды.

Бакалавр жырақтап кеткен соң Дон Кихот Санчодан неге өзін бүйректен сирақ шығарып, аяқ астынан Қайғылы Бейне Рыцары атандыруға аңсары ауғанын сұрады.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий