Дон Кихот І - Мигель де Сервантес

Книга «Дон Кихот І» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Публикация «Дон Кихота» в двух частях состоялась в 1605 и 1615 годах. Благодаря этому произведению автор стал известен во всем мире. С момента публикации книга стала устным романом и первым в литературе современным романом

Дон Кихот І - Мигель де Сервантес читать онлайн бесплатно полную версию книги

— Көрдіңізбе, сеньор, көз жасым мен дұғама жаны ашыған жаратқанның Росинантты қалай орнынан қозғалтпай қойғанын. Ал, бұған мән бермеу, оның бүйіріне шпор қадау, тағы басқа, тағы сондай, анандай-мынандай әрекет жасау дегеніңіз басыңа тағдырдың тауқыметін тілеп алу, басқаша айтқанда, қабырғаны маңдайыңмен ұрып қиратуға талпынумен бірдей болмақ.

Дон Кихот не істерді білмей алас ұрды: шпормен қанша тебінсе де, аты былқ ете қоймады; Росинанттың тұсаулы тұрғанын аңғармаған ол ақыры тағдырдың салғанына көнбек болды, таң ағарып атқанша немесе Росинанттың жүру қабілеті қайта пайда болғанша күте тұрғанды жөн көрді, — әрине, бұл іске Санчоның қатысы бар деген ойдан ол мүлдем аулақ болатын, сондықтан оған:

— Бері қара, Санчо: ақыры Росинант қозғалудан қалғандықтан, мен таң шапағы шырай бергенше тосуға келісем, бірақ оның кідіртіп қойғанына бола жылап тұрғаным да рас, — дегенді айтты.

— Жылаудың қажеті жоқ, — деп қарсылық білдірді оған Санчо. — Көңіліңізді көтеру қолымнан келеді ғой менің: қаласаңыз таң атқанша ертегі айтайын, бірақ тек атыңыздан түсіп, кезбе рыцарьлар салтымен көкорайда жатып шамалы көз шырымын алғаныңыз дұрыс болар еді, сонда өзіңізді күтіп тұрған бұрын-соңды болмаған шытырман оқиғаның орайы туғанда тың күшпен оянар едіңіз.

— Ау, сен кімді аттан түсуге және ұйқтауға үгіттеп тұрсың? — деп айқайлап жіберді Дон Кихот. — Әлде, сенің ойыңша, мен қатер төнген шақта рақаттанып ұйқы соғатын рыцарьлардың қатарына жатам ба? Ұйқта өзің, егер ұйқтау үшін жаратылған жан болсаң, — қысқасы, не қаласаң соны істе, ал мен өзім нені ниет қылсам соған орай қарекет етем.

— Ашуланбаңыз, мархабатты мырзам, жай тек айтып жатқаным ғой, — деді Санчо.

Соны айтып Санчо оның қасына жақындап, бір қолымен ердің алдыңғы қасынан, екінші қолымен артқы қасынан ұстап, Дон Кихоттың сол жақ қара санына кеудесін басып тұрып қалды, енді оның одан бір адым да алшақ кеткісі жоқ еді — әліге шейін бір тынбаған манағы дүңкілден зәресі кетіп қорқып тұрған болатын. Дон Кихот Санчоның әлгіндегі уәдесін есіне салып, уақыт өткізу үшін бір ертегі айтып беруін сұрады, оған Санчо, мына дыбыстар мазамды алып тұрғаны болмаса, әрине, айтып берер-ақ едім, деп жауап қатты.

— Дегенмен, сізге бір хикаяны баяндап беруге тырысайын, егер оны аяғына дейін айтып шығуға мұғдарым болса және ешкім сөзімді бөліп жібермесе, бұның жер-дүниедегі ең қызықты хикая екеніне өзіңіз-ақ көз жеткізетін боласыз. Сөйтіп, енді, тақсыр, сөзіме мұқият құлақ қойыңыз, өйткені әңгімемді бастағалы тұрмын. Болар іс болған, оған ештеңе қосып ала алмайсың, жақсылықты баршаңызға тілейміз, ал пәле-жаланы — соны өзі жағалап жүрген жанға... Байқасаңыз, тақсыр, бұрынғылар өз ертегілерін аузына қай сөз түссе содан бастамай, әманда анау әлгі... қалай еді... римдік це... це... цензарь Катонның: “Ал, пәле-жала — соны өзі жағалап жүрген жанға” дейтін қанатты сөзінен бастайтын болған, ал мұны ол бейне сіз бен бізге арнап айтқандай-ақ, мархабатты мырзам, яғни өзіңіздің тыныш қана отыруыңыз үшін және пәле-жала іздемеуіңіз үшін, сөйтіп басқа жолмен үйге қайтуымыз үшін айтылғандай-ақ: шынында да, бізді осынау жан-жақтан қилы қатер қаумалаған жолмен жүруге ешкім зорлап тұрған жоқ қой.

— Әңгімеңді айта бер, Санчо, — деді Дон Кихот, — ал қандай жолды таңдау керегін өзім білем.

— Сөйтіп, ерте заманда, — деп сөзін жалғады Санчо, — экстремадурлық бір елді мекенде ешкі бағушы болыпты, — яғни, кәдімгі ешкі бағатын адамды айтам, — бұл бақташының немесе жаңағы ешкі бағатын адамның аты-жөні, жұрттың айтуына қарағанда, Лопе Руис болыпты, міне осы Лопе Руис деген жігіт Торральба есімді бір бақташы қызға ғашық боп қалыпты, ал енді жаңағы Торральба есімді бақташы қыз малы көп дәулетті адамның қызы көрінеді, ал анау малы көп дәулетті адам...

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий