Дон Кихот І - Мигель де Сервантес

Книга «Дон Кихот І» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Публикация «Дон Кихота» в двух частях состоялась в 1605 и 1615 годах. Благодаря этому произведению автор стал известен во всем мире. С момента публикации книга стала устным романом и первым в литературе современным романом

Дон Кихот І - Мигель де Сервантес читать онлайн бесплатно полную версию книги

— Ақыры солай болады да, — деп Санчо қайта сөйлеп кетті, — бақташы жігіт ойын іске асырып, ешкілерін Эстремадура алқабымен Португал корольдігіне қарай қуалай жөнеледі. Бұны біліп қойған Торральба соңынан кетеді, қарасын көз таса қылмай артынан еріп отырады: жаяу, жалаң аяқ, қолында таяқ, арқасында жол дорба; ал дорбасына айнаның сынығы мен тарақтың жарты бөлігін, бетке жағатын майдың құтысын салып алған көрінеді, бірақ оның қандай май екенін анық білмеймін және, жалпы, оның дорбасына не салып, не қойғанында жұмысым қанша — қазір оны түстеп-түгендеп жатпаймын ғой! Анық білетін нәрсем, бақташы жігіт отарын айдап Гуадиана өзенінің жағалауына жетіпті дейді, ал ол кезде су тасып жатқан мезгіл екен, өзен суы арнасынан асып төгіле жаздап тұр екен, ал мына жағалауда отары мен өзін арғы бетке өткізетін қайық та, сал да, адамдар да жоқ боп шығады, соған көзі жеткен ол не істерін білмей алас ұрады: Торральбаның тақап қалғанын көрген болатын, енді болмаса жетіп келіп жылап-сықтап, жалынып, мазасын ала бастамақ. Бірақ, сол арада жан-жағына зер сала қарап, қайықта отырған балықшыны көріп қалады, қайығы құйттай, бар болғаны бір адам мен бір ешкі ғана сиятындай екен. Солай бола тұрғанымен, ол балықшыны бермен шақырып сөйлеседі, анау мұның өзін де, үш жүз ешкісін де арғы бетке алып шығуға келіседі. Сөйтіп, балықшы қайығына отырып бір ешкіні арғы жағаға апарып тастайды, қайтып оралған соң екіншісін апарып тастайды, сосын тағы қайтып оралып үшіншісін алып барады, сіз, тақсыр, балықшы арғы бетке өткізген ешкілерді санап отырыңыз, өйткені егер біреуінен болса да жаңылыссаңыз, менің де ертегім сонымен аяқталады, оған басқа бір ауыз сөз қосуға мүмкіндігім болмайды. Сөйтіп, не керек, арғы жағалау саздауытты, тайғанақ екен, соның салдарынан бақташы арғы бетке өтуге көп уақыт жоғалтады. Қалай болған күнде де, әйтеуір, ол қайтып келіп тағы бір ешкіні алып кетеді, онан соң тағы біреуін, сосын тағы біреуін...

— Жә, ол барлығын да арғы бетке өткізді дей бер, — деді Дон Кихот, — сонсоң өзен бойымен әрлі-берлі жосылғанды қой, әйтпесе сен бұларды бір жыл тасысаң да тауыса алмайсың.

— Ол қазірге дейін қаншасын өткізді сонда? — деп сұрады Санчо.

— Оны мен қайдан білейін! — деп жауап қатты Дон Кихот.

— Айттым ғой сізге: есептен жаңыла көрмеңіз деп. Міне, енді ертегім де осымен тәмам — бұдан басқа айтар ештеңем жоқ, құдай ақы шыным.

— Қалай сонда? — деп дауыстап қалды Дон Кихот. — Ау, арғы бетке дәлме-дәл қанша ешкі өткізілгенін білудің не қажеті бар, сосын есептен бір-ақ рет жаңылсаң болды, хикаяңды әрмен қарай жалғастыра алмайтының қалай?

— Солай, сеньор, мүлдем жалғастыра алмаймын, — деп жауап қатты Санчо. — Себебі, тақсыр, өзіңізден арғы жағалауға дәлме-дәл қанша ешкі өткізілді деп сұрағанымда, білмеймін деп жауап қаттыңыз да, айтайын дегенімнің бәрі сол сәтте-ақ есімнен шығып кетті, ал, жалпы, хикаям шынымен-ақ әрі қызықты, әрі өте тағылымды.

— Сонымен, — деді Дон Кихот, — хикаяң осымен бітті ме?

— Аумаған марқұм әжем секілді, оның да осымен демі бітті.

— Ертегі ме, баян ба, хикая ма — бұл айтқаныңның не екенін білмей тұрмын, — деп құлаққағыс етті Дон Кихот. — Шындығында, мұның еш нәрсеге ұқсамайды және дәл осылай басталып, дәл осылай үзілген әңгімені де ешкім ешқашан естіген жоқ, болашақта да естімейді. Дегенмен, асып-төгілген ақыл-ойыңның шамасына қарап сенен бұдан өзгелеу бірдеңе күте де қоймағам, сондықтан бұл мені онша таңғалдырмайды: тыншу таппай тұрған мына дүңкілдің қырсығынан ақылың ауысайын деген ғой, шамасы.

— Әбден мүмкін, — деді Санчо. — Білетінім біреу ғана: менің әңгімеме ештеңе жамап-жапсыруға болмайды, — арғы бетке жеткізілген ешкі санынан жаңылған жерде ол да қолма-қол аяқталады.

— Аяқталса, одан әрмен, — деді Дон Кихот. — Росинант орнынан қозғала алар ма екен, қане, тағы байқап көрейік.

Сол бойда ол атына тағы шпор қадады, Росинант тағы да тұрған орнында қарғымаққа әрекеттенді — аяғына тұсау жақсы етіп салынған екен.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий