Дон Кихот І - Мигель де Сервантес

Книга «Дон Кихот І» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Публикация «Дон Кихота» в двух частях состоялась в 1605 и 1615 годах. Благодаря этому произведению автор стал известен во всем мире. С момента публикации книга стала устным романом и первым в литературе современным романом

Дон Кихот І - Мигель де Сервантес читать онлайн бесплатно полную версию книги

— Батылырақ болыңдар, рыцарьлар! Мына сендер, айбынды император Пентаполин Сыбанған Білектің туы астында жорық кешіп, шайқасқа шығып жүргендер, еріңдер соңымнан, оның қас дұшпаны Алифанфарон Трапобанскийді қалай тез тәубеге келтіретінімді көрсетейін сендерге!

Дон Кихот осыны айтып отардың ортасына қойып кетті де, найзасын оңды-солды сілтеп қойларды бейне бір қас жауындай аяусыз шанши бастады. Қойшылар оны тоқтатуға тырысып бақты; бірақ бұл әрекеттерінен ештеңе өнбейтініне көздері жеткен соң сақпандарын ағытып алды да, көлемі жұдырықтай болатын кесек тастарды зуылдатып құлағының құрышын қандыра бастады. Бірақ тастарды елең де қылмаған Дон Кихот алаңқайда олай да бұлай шапқылап айқайды салып жүрді:

— Қайдасың сен, қиямпұрыс Алифанфарон? Шық қане, алдыма! Айбынды Пентаполин Гарамантскийді мерт қылуға шақ қалғаның үшін сенімен жекпе-жекте күш сынасуға және жаныңды жаһаннамға жіберуге ниет қылған рыцарьмын мен!..

Осы кез бір тас кесек бүйіріне сарт етіп соғылды да, екі қабырғасын қабыстырып кетті. Көз алды қарауытып сала берген Дон Кихот өлген шығармын, өлмесем де ауыр жарақаттанған болармын деп ойлады; бірақ сол арада бальзам есіне түсе кетті де, қалбырды суырып алып аузына тақап, сұйықтықты өңешіне сылқылдатып құя бастады; алайда, жарақатты емдеуге жетеді-ау деген мөлшерде сіміріп үлгергенінше аса мергендікпен атылған екінші кесек қолына келіп тиді де, қалбырды тесіп өтіп, үш пе әлде төрт пе тісін, оның ішінде бірнеше азу тісін, опырып жіберді, оған қоса екі саусағын сындырды. Алғашқы соққының әсері анандай, екінші соққының зардабы мынандай болғандықтан бейшара рыцарымыз аттан ауып қалды. Қасына жүгіре басып жеткен қойшылар оны өздері өлтіріп тастағандай көріп, отарын жанұшыра қайырмалап, ұзын саны алтау-жетеу боп қалатын өлген қойды арқалап алды да, алды-артына қарамай жөнеп кетті.

Жотаның үстінде тұрып қожайынының есалаң қылықтарын көз жазбай қадағалаумен болған Санчо ойбайын салып, тағдыр онымен жолын тоғыстырған сол бір сәт пен сол бір күнге қарғыс айтумен болды. Дон Кихоттың гүрс етіп жерге құлағанын, қойшылардың жөнін тапқанын көрген соң жотадан түсіп жанына жақындады да, бұның тәп-тәуір сыбаға алғанын, бірақ есін жоғалта қоймағанын аңғарып:

— Айтпап па едім өзіңізге, сеньор Дон Кихот, айқасқа кірмеңіз, кейін қайтыңыз, өйткені бұл әскер емес, бір отар қой деген жоқ па едім? — деді.

— Көрдің бе, бұл сілімтік сиқыршының, менің қас жауымның, қандай айла-шарғы мен қитұрқы іске шебер екенін. Біліп қой, Санчо, бұл сияқты оңбағандарға бізді алдап соғу деген боқтан оңай, міне, қарашы енді, қыр соңымнан қалмай жүрген сол жауыздың айқаста қолым жеткелі тұрған атақ-абыройымды қызғанып, жаудың қосынын қойдың отарына айналдырып жібергенін. Егер әлі де күмәнданып тұрған болсаң, Санчо, онда көзіңді анық жеткізуің үшін және айтқанымның ақиқаттығына илануың үшін сенен мынадай бір әрекетке баруыңды өтінемін: есегіңе мін де, аналардың соңынан асықпай еріп отыршы, — сонда сен олардың бұл арадан кішкене ұзағаннан кейін сол бұрынғы қалыптарына қайта оралып, қойдың кейпінен кәдімгі адамдардың, әлгінде ғана өзім айтып берген адамдардың, кейпіне ауысатындарын көресің. Бірақ, сен шамалы кідіре тұр, — қазір сенің көмегің мен қамқорлығыңа қатты мұқтаж боп жатырмын. Бермен жақындап, көзіңді салшы, қанша азу тісім мен күрек тісімді опырып кетті екен, — меніңше, бәрін түгел қиратып кетті-ау деймін.

Санчо оған тым жақын таяп келіп, тіптен басын аузына тығып жіберердей боп, шұқшиып қарай бастаған; бірақ осы арада әлгінде ішкен бальзам нәтиже бере бастады да, тап сол Санчо Дон Кихоттың аузына шұқшиған сәтте рыцарымыз құрсағында бардың бәрін мушкет оғының жылдамдығымен жанашыр атқосшысының сақалына қарай лақ еткізді.

— Алда, құдай-ай! — деп айқайлап жіберді Санчо. — Бұл не деген сұмдық? Қан құсып жатқанына қарағанда бұл бейшара өлімші боп жараланған-ау, сірә.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий