Дон Кихот І - Мигель де Сервантес

Книга «Дон Кихот І» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Публикация «Дон Кихота» в двух частях состоялась в 1605 и 1615 годах. Благодаря этому произведению автор стал известен во всем мире. С момента публикации книга стала устным романом и первым в литературе современным романом

Дон Кихот І - Мигель де Сервантес читать онлайн бесплатно полную версию книги

— Міне, мені өкіндіретіні де осы және бұл өзіңді де өкінтуге тиіс, Санчо, — деп құлаққағыс етті Дон Кихот, — алайда көп кешікпей бір тәуір семсер тауып алмақпын, оның керемет жақсы етіп жасалғаны сонша, оған ие болған адамға ешқандай дуа жоламайтын болады. Бәлкім, тағдыр менің қолыма тіпті Амадистің семсерін де табыс етер, кім біледі — оның анау әлгі Отты Семсер Рыцары атанып жүрген кезде пайдаланған семсерін айтам, ал бұл рыцарьлар атаулы пайдаланған семсердің ішіндегі ең тәуірлерінің бірі болатын, өйткені әлгінде айтылған қасиетінен басқа, ұстарадай қылпыған өткір еді, ең мықты немесе дуаланған сауыттың өзі оған шыдас бере алмайтын.

— Менің жолым болғыш-ақ әйтеуір, — деді Санчо, — ал енді осы арманыңыз орындала қалып, сондай семсерді тауып ала қойсаңыз, онда да бәрібір ол, әне бір бальзамыңыз секілді, тек рыцарьларға ғана қызмет етіп, соларға ғана пайдасын тигізер еді, ал атқосшылардың маңдайына тек біреудің ішкен асына бата беру ғана жазылғандай.

— Түңіле берме, Санчо, саған да ұзамай жаратқан жәрдемін тигізеді, — деді Дон Кихот.

Екеуі осы ыңғайда әңгіме-дүкен құрып келе жатқан кезде Дон Кихот кенет қарсы алдарынан жол бойымен бермен қарай жылжып келе жатқан бұлтқа ұласқан қою шаңды көріп қалды; осыны көрген бойда Дон Кихот Санчоға былай деп тіл қатты:

— Тағдырдың өзіме тигізер шарапаты қандай болары анықталар күн туды, Санчо. Саған айтып қояйын, бүгін білегімнің қуаты бар қажыр-қайратын танытатын болады, сөйтіп мен даңқ кітабына мәңгілікке жазылып қалар ерлік жасайтын болам. Көріп тұрмысың, Санчо, ана бұлттай қалың шаңды? Бұл —өзімізге қарай беттеп келе жатқан қисапсыз көп және сан қилы тайпа бас құраған қосынның шаңы.

— Айтып тұрғаныңыз рас болса, бір емес, екі қосын, — деп ескертті Санчо, — себебі қарсы беттен, яғни арт жағымыздан да дәл осындай қою шаң көтеріліп тұр.

Артына бұрылып қараған Дон Кихот Санчоның шындықты айтып тұрғанына көз жеткізді; ол екі қолдың осынау кең жазықта тоқайласып, ұрыс салмақ ниеті барына кәміл сеніп, соған қатты қуанып қалды. Айта кеткен артық болмас, рыцарьлық романдарда суреттелетін айқастар, арбаушылық айла-амалдар, шытырман оқиғалар, алуан сыпаттағы оғаш қылықтар, махаббат әурешіліктері, жекпе-жекке шақырулар оның ой-қиялынан күндіз де, түнде де бір кетпейтін, барлық қарекет-қимылы осы ыңғайда атқарылатын, барлық мақсат-мүддесі осыны ғана діттейтін және барлық әңгімені осыған әкеп тірейтін, ал шындығында көзіне шалынған қою шаңды жол бойымен бір-біріне қарама-қарсы келе жатқан екі үлкен отар көтерген еді, бірақ қойлардың өзі жақын жерге таяп келгенде болмаса шаңның тасасынан көрінбейтін. Алайда, Дон Кихот бұларды екі әскер деп бой бермеген соң Санчо да ақыры соған сеніп, одан:

— Ал, біз не істейміз сонда, сеньор? — деп сұрады.

— Не істейміз дейсің бе? — деп қарсы сұрақ қойды Дон Кихот. — Әлсіздер мен қорғансыздарға көмек көрсетіп, қамқорлық жасауымыз керек. Біліп қой, Санчо, өзімізге қарсы келе жатқан әскерді Трапобана деп аталатын үлкен аралдың билеушісі, ұлы император Алифанфарон басқарып келеді, ал арт жағымызда келе жатқан — оның жауы, гараманттар королі Пентаполин Сыбанған Білек, оның бұлай атанған себебі, шайқасқа кірер алдында қашанда киімінің оң жақ жеңін түріп алады екен.

— Сонда бұл екі сеньорға соншалықты не жетпей жүр? — деген сауал қойды Санчо әуестігі оянып.

— Оның себебі мынадай, — деп жауап қатты Дон Кихот. — Барып тұрған мәжуси Алифанфарон Пентаполиннің асқан сұлу әрі аса қылықты, оның үстіне христиан сенімін ұстанатын қызына ғашық боп қалады, ал әкесінің мәжуси король қашан жалған шадияр Мұхаммед қағидасынан бас тартып, христиандықты қабылдамайынша қызын бергісі жоқ.

— Құдай ақы, Пентаполиндікі дұрыс! — деп дауыстап жіберді Санчо. —Оған болысу үшін өз тарапымнан қолымнан келгеннің бәрін жасауға әзірмін.

— Өйткенің өте орынды да болар еді, Санчо, — деді Дон Кихот, — мұндай шайқасқа кіру үшін рыцарьлық атаққа ие болу шарт емес.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий