Дон Кихот І - Мигель де Сервантес

Книга «Дон Кихот І» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Публикация «Дон Кихота» в двух частях состоялась в 1605 и 1615 годах. Благодаря этому произведению автор стал известен во всем мире. С момента публикации книга стала устным романом и первым в литературе современным романом

Дон Кихот І - Мигель де Сервантес читать онлайн бесплатно полную версию книги

— Әзірше әңгімең жарап тұр, — деді Дон Кихот, — айта бер. Міне, сен оған келдің дейік, — сұлулық падишасы сол кезде немен айналысып жатты екен? Шамасы, інжуге жіп өткізіп отырған шығар немесе өзіне шын берілген рыцарьға арнап алтын жіппен девиз кестелеп отырған болар?

— Мүлде олай емес, ауласында бидай елеп жатты, — деп жауап қатты Санчо.

— Ендеше, біліп қой, — деді Дон Кихот, — оның саусағы тиген дәннің бәрі сол бойда-ақ інжуге айналып жатады. Ал, сен, достым, байқамадың ба, ол қандай дән еді? Сірә, ең сапалы бидайдың дәні шығар?

— Жоға, барып тұрған ең арзан бидайдың дәні болатын, — деп жауап қатты Санчо.

— Ендеше, саған мынаны айтайын, — деді Дон Кихот, — оның қолымен еленген дәннен еш күмәнсіз аппақ қардай таза нан піседі. Жә, жалғастыра бер. Жолдауымды табыс еткеніңде ол оны сүйіп алды ма? Төбесіне қойды ма? Хатымның баруына байланысты тиісті рәсімдерді жасады ма, — қысқасы, ол қайтті?

— Оған хатыңызды берген кезімде, — деп жауап қатты Санчо, — әжептәуір мөлшерде бидай салынған електі жан сала шайқап жатқан-ды, маған бар айтқаны: “Хатты ана қапшықтың үстіне қоя салыңыз, ағатай, — мынаның бәрін елеп біткенше оны оқитын жағдайым жоқ”, деген сөз болды.

— Беу, сұңғыла сеньора! — деп дауыстап жіберді Дон Кихот. — Олай дегенде, шамасы, оны қолы босаған кезде асықпай отырып оқиын, сөйтіп бір ләззатқа батайын деген екен ғой. Айта бер, Санчо. Өз шаруасымен шұғылданып жатқанда сенімен ол не жайында сөйлесті? Мен туралы сұрады ма? Сен оған не деп жауап бердің? Айтсаңшы қалай болғанын, сауыт түбінде сия қалдырмасаңшы!

— Ол маған ештеңе жайында ешқандай сұрақ қойған жоқ, — деп жауап қатты Санчо, — бірақ оған бәрін түгел баяндап бердім: осылай да осылай, көзіңізге түсіп, көңіліңізді жібіту үшін қожайыным жабайы адам секілді тау арасында жүр, беліне дейін жалаңаш күйінде өксікке толы күн өткізеді: жерде жатып ұйықтайды, тамақ ішкен кезінде дастарқанды пайдаланбайды, сақалын тарамайды, жылай береді және тағдырына нәлет айтады, дедім.

— Тағдырына нәлет айтады, дегенің онша оңды болмаған екен, — деп құлаққағыс етті Дон Кихот. — Керісінше, Дульсинея Тобосская секілді биік парасат иесіне іңкәрлік білдіруге лайықты болғаным үшін тағдырыма айрықша ырзамын және өмір бойы ырза боп өтем.

— Ол шынында да биік, — деді Санчо, — менен төрт-бес елідей бойшаң, ант етейін.

— Ау, ол қалай, Санчо? Немене, сен онымен бой салыстырып па ең? — деп сұрады Дон Кихот.

— Жоға, оның реті былай келді, — деп жауап қатты Санчо. — Мен оған бір қап бидайды есекке артуға көмектесе қоймақ болғам, сөйтіп онымен қатар тұра қалғам, — сол арада ғана көрдім, ол менен бір сүйемдей биік екен.

— Ақиқат шындыққа кім қарсы тұра алады, — деп дауыстап жіберді Дон Кихот, — оның бойшаңдығына жан-дүниесінің түпсіз терең сұлулығы жараспайды және барша болмыс-бітімінің көркін келтірмейді деп кім айта алады? Бірақ, сен, Санчо, бір нәрсені сөссіз мойындарсың деймін: қасына таяп барған кезіңде әлденендей бір сүйкімді хош иісті, әлденендей бір жұпар аңқыған лепті, жанға кереметтей жағымды нәрсені, — бұны қалай деп атауға боларын өзім де білмей тұрмын, — сездің бе? Бір сөзбен айтқанда, оның бойынан сән-салтанаты мол дүкендердегідей иіс сезілетінін байқадың ба?

— Бұған жауап ретінде айтарым, оның бойынан еркектердің бойынан шығатындай бір күлімсі иіс сездім, — деді Санчо, — шамасы ол тынымсыз көп қозғалған шығар, сосын терлеп кеткен болар, осы себепті одан бір қолаңса иіс шығып тұрды.

— Соқпа өтірікті, — деді наразы Дон Кихот, — бәлкім, сен тұмауратып қалған боларсың немесе өз бойыңдағы иісті сезген шығарсың. Осынау тікенегі жоқ райханның, осынау далада өскен лаланың, осынау амбра ерітіндісінің қандай хош иісті екенін мен жақсы білем.

— Бәрі де мүмкін, — деп келісе кетті Санчо, — тілеуі болғыр сеньора Дульсинеяның бойынан сезілгендей иістің өз бойымнан да шығатынын жиі байқап жүрем. Оған таңырқайтын да ештеңе жоқ: екеуіміз бір қамырдан иленген жандармыз ғой.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий