Дон Кихот І - Мигель де Сервантес

Книга «Дон Кихот І» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Публикация «Дон Кихота» в двух частях состоялась в 1605 и 1615 годах. Благодаря этому произведению автор стал известен во всем мире. С момента публикации книга стала устным романом и первым в литературе современным романом

Дон Кихот І - Мигель де Сервантес читать онлайн бесплатно полную версию книги

Ансельмоның хаты осы жерден үзілетін; бұған қарап оның дәл осы қас қағымда, ойын аяқтай алмаған күйі өмірмен қош айтысқанын аңғаруға болатын. Ертеңіне үй иесі Ансельмоның өлімі жайында туыстарына хабар берді, — оның басындағы тақсіреттен олар да құлақтанып үлгерген екен, сондай-ақ Камилланың монастырьда жатқанын, оның да жұбайының осынау амалсыздан жасалған сапарына серік бола жаздап шақ қалғанын біледі екен, бірақ бұған себеп болған күйеуінің дүние салғаны жайындағы хабар емес, ашынасының із-түзсіз жоғалғаны жайындағы хабар көрінеді. Жұрттың айтуынша, жесір қалғаннан кейін де ол монастырьдан кете қоймапты, шашын қырқып діндарлар қауымына кіруге де асықпапты. Алайда, арада көп уақыт өтпей жатып, Лотарионың де Лотрек пен ұлы қолбасшы Гонсало Фернандес Кордовский арасындағы шайқаста қаза тапқаны жайында хабар келді; бұл шайқас Неаполитан корольдігінде болған еді, ал осынау тым кештеу тәубасына келген дос сонда жан тапсырған-ды; осыны естігеннен кейін Камилла шашын қырықты, сосын, арада онша көп уақыт өтпей, торығу мен уайым-қайғы зардабынан дүниеден қайтты. Сөйтіп, біреуінің ақылға қонымсыз бастамасы үшеуінің де көрер күнін шектеп кетті.

— Хикаят маған ұнайды, — деді священник, — бірақ тек мұның өмірде шынымен-ақ осылай болғанына сенбеймін, ал егер ойдан шығарылса, онда онша сәтті ойлап табылмаған, — өйткені, ақиқатын айтқанда, мына сияқты кесепатты сынақ өткізуге құштар Ансельмодай ақымақ күйеудің дүниеде болатынына сену қиын. Ашыналар сөйтіп жатыр екен десе илануға болар, бірақ күйеуі мен әйелі арасында мұндай әурешілікке жол беріледі деу — жоға, бұл онша қисыны келіңкіремейтін нәрсе. Ал, енді баяндау тәсіліне келсек, онысы тәп-тәуір.

ХХХҮІ тарау

Мұнда бекетте орын алған басқа да өте сирек кездесетін оқиғалар жайында баяндалады

Осы кезде қақпа жанында тұрған бекетші:

— Әне, сәні мен салтанаты жарасқан бір топ салт атты келе жатыр. Олар осында түссе, бізде бүгін керемет той-топыр болмақ, — деді.

— Ол неғылған адамдар? — деп сұрады Карденьо.

— Атқа салт мінген төрт еркек, үзеңгілері қысқа, найзалары мен дөңгелек қалқандары бар, бәрі де қара бетперде тағынған, — деп жауап қатты қожайын, — олармен бірге ханымдарға арналған ерге қонған бір әйел келеді, үстіне түгел ақ киген, ол да бетперде таққан, оларға екі малай жаяу еріп келеді.

— Жақындап қалды ма? — деп сұрады священник.

— Тақап қалды, қазір келеді, — деді қожайын.

Мұны естіген бойда Доротея бетін бүркемеледі, ал Карденьо Дон Кихоттың жанына кетті; олардың осындай қам жасап үлгергені сол-ақ, бекетші айтқан жүргіншілер сау етіп аулаға кіріп келді, сосын төрт салт атты, шетінен сен тұр, мен атайын алпамсадай жігіттер, өздері де аттан түсіп, әйелдің де аттан түсуіне көмектесті, араларындағы біреуі оны көтеріп алып, Карденьо барып тығылған бөлме есігінің жанындағы креслоға отырғызды. Осы уақыттың ішінде еркектер де, оларға ерген әйел де ләм деп ауыз ашқан жоқ, бетперделерін де сыпырған ешқайсысы болмады; тек әйел ғана креслоға отыра бере уһ деп ауыр күрсініп алды да, сырқат жандай қолын сылқ түсірді. Малайлар аттарды атқораға әкетті.

Священник дегбірсізденіп, бұлардың неғылған адам екенін, неліктен бұлайша киінгенін және неге тіл қатпайтынын білгісі келіп, малайлардың бірінен осыны түсіндіріп беруін сұрады; анау оған былай деп жауап қатты:

— Өтірік айтып қайтем, сеньор, бұлардың кім екенін өзім де білмеймін. Білетінім, бұлар, сірәғысында, лауазымды адамдар болар, әсіресе ана сеньораны көтеріп алған мырзаны айтам, оны өзіңіз де көрдіңіз ғой. Мұндай тұжырымға тоқтап тұрғаным, өңгелері соған құрмет көрсетеді және не нәрсенің бәрі де соның бұйрығы мен айтқаны бойынша істеледі.

— Ал, ана сеньора кім? — деп әуестік білдірді священник.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий