Дон Кихот І - Мигель де Сервантес

Книга «Дон Кихот І» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Публикация «Дон Кихота» в двух частях состоялась в 1605 и 1615 годах. Благодаря этому произведению автор стал известен во всем мире. С момента публикации книга стала устным романом и первым в литературе современным романом

Дон Кихот І - Мигель де Сервантес читать онлайн бесплатно полную версию книги

Тұтқынға алынған христиандардың — фортты қорғаушылардың арасында Андалусияның бір аймағында туып-өскен дон Педро де Агилар дейтін жігіт болды, — фортта ту ұстаушы міндетін атқарған-ды, жұрттың бәрі оны жүректі жауынгер деп білетін және аса бір ақылды адамға балайтын, оған қоса оның өлең шығаруға деген айрықша қабілет-дарыны бар-ды. Ол жігіт жайында әңгіме қозғаған себебім, тағдырдың айдауымен ол қожайынымның құлына айналды, сөйтіп екеуіміз бір галерада бас қостық, тіпті бір сәкіде отырдық. Осы айлақты тастап шыққанға дейін-ақ әлгі кавальеро сонет түріндегі эпитафия37 іспетті, бірі — Голетаға, екіншісі — фортқа арналған екі өлең жазды. Шынымды айтсам, соларды өздеріңізге оқып берсем деп ем, өйткені екеуін де жатқа білем және бұлар сіздерге іш пыстырарлық көрінбес, керісінше, рақаттана отырып тыңдарсыздар деп ойлаймын.

Дон Педро де Агилар есімін естіген дон Фернандо серіктеріне көз салды, сол бойда үшеуі бір-біріне қарап жымия езу тартты. Тұтқын сонеттерді оқып беруге оқталып, енді бастай берген кезде дон Фернандо серіктерінің бірі:

— Оқуды жалғастырмас бұрын, мырза, рақым етіп, жаңа өзіңіз есімін атаған дон Педро де Агилардың кейінгі тағдыры не болғаны жөнінде айтып берсеңіз етті, — деп оны бөліп жіберді.

— Ол жайында білетінім мынау ғана, — деп жауап қатты тұтқын: — Константинопольде екі жылдай болды, сосын грек тыңшысының көмегімен арнаут болып киініп қашып кетті, бірақ бостандыққа қолы жетті ме, жетпеді ме, ол жағын анық білмеймін, алайда, өз ойымша, ол бостандықта болуға тиіс, — арада бір жыл өткенде ана гректі Константинопольден жолықтырып қалғам, бірақ олардың сонда қашып шыға алған-алмағанын сұраудың орайы келмеді.

— Ол бостандықта жүр, — деді кавальеро. — Дон Педро деп отырғаныңыз менің туған ағам ғой, қазір ол әйелімен және үш баласымен біздің жақта көйлегі көк, тамағы тоқ тұрып жатыр.

— Шарапаты мол жасаған, жақсылығыңа рақмет! — деп дауыстап жіберді тұтқын. — Мен үшін бұл дүниеде азаттықпен қайта табысу қуанышынан артық қуаныш жоқ.

— Оған қоса айтарым, ағамның сонеттерін жатқа білем, — деп сөзін жалғады кавальеро.

— Ендеше, бұларды өзіңіз оқып берсеңізші, менен гөрі тәуірірек оқитыныңызда күмәнім жоқ, — деді тұтқын.

— Мақұл, оқиын, — деді кавальеро. — Міне, мынау Голетаға арналған сонет:

XL тарау

Мұнда тұтқын бастан кешкен жайлардың жалғасы баяндалады

Сіздерге, дін жолында ажал тапқан,

Адыра қылып ағзаларын, жас жаны

Қанат қағып төріне қарай аспанның,

Жан рақатын жолықтырған жаннаттан;

Сіздерге, жат өңірде жан-тәнімен

Қалтқысыз адал қызмет еткен еліне;

Теңіз суын, құмын дұшпан жерінің

Жау қанымен бояған һәм өз қанымен;

Сіздерге қайсарлық емес — тек күш-қайрат

Жетпеген-ді. Жеңілісті мұндай мадақтап,

Әділін айтып, бағалаймыз жеңіс деп.

Қиратынды астында қалдыңдар жайрап,

О жақта — мәңгі өмірге, бұ жақта — атаққа

Жан қию арқылы жеттіңдер бәрің тегістей.

— Иә, бұл тап сол сонет, — деп қоштады тұтқын.

— Ал енді мынау, жаңылмасам, форт жайында, — деді кавальеро.

Мына жерде, нәрсіз-сусыз құмақта,

Оқ бораны мұнараларды қиратты,

Үш мың сарбаз ерлікпенен жай тапты,

Енді олардың жаны қазір жұмақта.

Қорқынышты білмеді олар, кектессе

Жеңе алмас еді жау оларды жабылып,

Қылыштасудан қалмаса тек талығып,

Білектерінен әл-дәрмен егер кетпесе.

Не қасіретті көрмеді бұл атырап,

Тыным бермей төнгенде жау жан-жақтан.

Қанға бөкпей және ешқашан қалған жоқ.

Бірақ, ешқашан мына сорлы топырақ

Сонша жанды жіберген жоқ жаннатқа,

Сонша тәнді құрсағына да алған жоқ.

Сонеттер барлығына да ұнады, ал жолдасы жайында жақсы хабар естіп, жаны жай тапқан тұтқын әңгімесін әрмен жалғады.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий