Дон Кихот І - Мигель де Сервантес

Книга «Дон Кихот І» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Публикация «Дон Кихота» в двух частях состоялась в 1605 и 1615 годах. Благодаря этому произведению автор стал известен во всем мире. С момента публикации книга стала устным романом и первым в литературе современным романом

Дон Кихот І - Мигель де Сервантес читать онлайн бесплатно полную версию книги

ҮІІ тарау

Ізгі ниетті рыцарымыз Ламанчалық Дон Кихоттың екінші мәрте аттануы жайында

Дәл осы мезетте Дон Кихоттың дауысы естілді.

— Мұнда келіңдер, мұнда, жаужүрек рыцарьлар! — деп айқайлады ол. — Жүректің айбаты мен білектің қайратын көрсетер шақтарың келді, әйтпесе сарай маңындағы рыцарьлар турнирде жеңіп кеткелі тұр!

Кітап қоймасын тексеруді доғарып, тасыр-тұсыр дыбыс шығып жатқан жаққа қарай тұра жүгірулеріне тура келді, — кейбіреулер Карлиада мен Лев Испанскийдің, сондай-ақ дон Луис де Авиль жазған Императордың іс-әрекетінің, — ал бұлардың сұрыпталмаған кітаптар арасында жатқанына еш күмән жоқ-ты, — тергеусіз-тексерусіз отқа лақтырылғанына осы жайдың қырсығы тиді дегенді айтады, себебі егер священник көрген болса, бұлардың осыншалықты ауыр жазаға тартылмауы да ықтимал еді.

Дон Кихот жатқан бөлмеге келіп кірген достары мен жақын-жуықтары оның төсектен тұрып кеткенін көрді; ұйқыдан енді оянған жан сияқты емес, өте сергек: сол баяғысынша айқайын салып, алақтап, семсерін анаған да, мынаған да бір сұққылап жүр. Келгендер оны шап беріп ұстап, күштеп төсекке әкеп жатқызды — содан кейін ғана ол азды-кем сабасына түсіп, священникке қарап бәсең үнмен былай деп тіл қатты:

— Әлгі Он Екі Пэр дейтіндердің турнирдегі жеңісті сарай маңындағы рыцарьларға тектен-тек қолдан бергені масқара нәрсе ғой, солай емес пе, сеньор архиепископ Турпин? Ал, біз, кезбе рыцарьлар болсақ, үш күн бойы қатарынан жеңістен жеңіске жетумен болдық қой!

— Жә, болар, жарқыным, жетер енді, қадірменді достым, — деді священник оған. — Құдай сәтін салса, бәрі де орнына келеді — бүгін құралақан қалғанның орнын ертең толтыруға әбден болады; ал енді, жарқыным, өз денсаулығыңызды ойлаңыз: меніңше, сіз қатты қалжыраған секілдісіз, бәлкім, тіпті жарақаттанған да болуыңыз мүмкін.

— Жарақаттануын жарақаттанған жоқпын-ау, — деді Дон Кихот келісіңкіремей, — әйтсе-дағы мені оңдырмай төмпештеп, соққыға жыққандарында шүбә жоқ: антұрған Роланд маған шоқпар ала жүгірді ғой — қызғаныштан ғой бәрі де, өйткені, жүректілік жағынан оған дес бермейтін адам жалғыз мен емеспін бе. Бірақ, енді төсектен тұрған бойда дабыра-даңқына қарамай одан кек қайтармасам, Ринальд Монтальванский деген атым құрысын. Әзірге маған жейтін бірдеңе беріңіздер, дәл қазір тамақтан басқа ештеңеге зәру боп тұрғаным жоқ, ал өз намысымды өзім-ақ қорғай алатыным кәміл.

Дон Кихоттың тілегі орындалды: оған тамақ әкеп берілді, содан соң ол ұйықтап қалды, ал өңгелері оның есалаңдығына тағы қайран болысты.

Сол күні түнде күтушінің асқан ықтияттылығымен барлық кітап — аулада шашылып жатқандары да, бөлмеде қалғандары да — бірі қалмай өртеліп, күлі ғана қобырап қалды, солармен бірге, шамасы, мәңгілік сақтау үшін архивке тапсыруға лайықты дүниелер де кеткен болу керек, бірақ бұған тағдыр мен сұрыптаушының селқостығы сеп болған шығар — “күнәкардың кесірі тақуаға да тимей қоймайды” дейтін мақалдың шығуы тегін емес қой.

Священник пен шаштараз екеуі өздерінің дос-жар адамын меңдеп алған сырқаттың мың да бір емі — кітап қоймасының есігін бітеп тастау деген шешімге келді (себептің көзін құртсаң салдар да өзінен-өзі жойылуы мүмкін ғой, деген дәмемен), ал төсектен басын көтерген анау кітаптарын таппай қалғанда, оған әлдебір сиқыршы барлық кітабымен қоса бөлмені де ұрлап кетті деп айтпақ болысты; және мұның бәрі кереметтей ыждағаттылықпен іске асырылды. Арада екі күн өткенде Дон Кихот төсектен тұрды, тұрған бойда кітаптарына көз салмаққа бет алды, бірақ кітап сақталатын қуысын таба алмай бөлме-бөлмені аралап, әрлі-берлі сенделіп жүріп алды. Таспен бітеліп тасталған, ал бұрын қойма есігі орналасқан тұсқа ауық-ауық келіп, қабырғаны сипалап, бөлме ішін үн-түнсіз көзбен шолып тұратын болды, сосын, ақыры, күтушіден кітап қоймасы қайда екенін сұрады. Күтушіге нендей жауап қайтару керегі үйретілген-ді.

— Қайдағы кітап қоймасын айтып тұрсыз, тілеуіңіз болғыр? — деп қарсы сұрақ қойды ол. — Енді бізде кітап та, қойма да жоқ, бәрін шайтан алып кетті.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий