Дон Кихот І - Мигель де Сервантес

Книга «Дон Кихот І» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Публикация «Дон Кихота» в двух частях состоялась в 1605 и 1615 годах. Благодаря этому произведению автор стал известен во всем мире. С момента публикации книга стала устным романом и первым в литературе современным романом

Дон Кихот І - Мигель де Сервантес читать онлайн бесплатно полную версию книги

Сонан соң Дон Кихот ақша іздестіру қамына кірісті: біраз бірдеңелерін сатты, біраз бірдеңелерін өзіне зор шығын келетініне қарамай кепілдікке өткізді, сөйтіп әйтеуір ақыр соңында едәуір мол қаражат жинап алды. Бұған қоса ол таныстарының бірінен уақытша пайдалана тұруға дөңгелек қалқанын сұрап алды; сосын дал-дұлы шыққан дулығасын ептеп-септеп жөндеп алғаннан кейін атқосшысы Санчо қажетті керек-жарағын қамдап үлгеруі үшін, ең бастысы, қоржын ала шығуды ұмытпауы үшін қай күні және қай сағатта аттанатындарын алдын-ала ескертіп қойды. Санчо ұмытпауға уәде берді, бірақ жаяу жүруге дағдыланбағанын сылтауратып, өзінің аяңшыл есегі барын, өзі соған мініп шығатынын мәлім қылды. Бұл жағдаят Дон Кихотты азды-кем абыржытып тастады: кезбе рыцарьлардың қайсысында бұрын-соңды есекке мінген атқосшы болған-болмағаны жайында ой кешіп кеткен-ді, бірақ ақыры ондай ештеңе есіне түспеді; алайда, алғаш ұшырасқан әдепсіз рыцарьдың астындағы атын тартып алатын, сосын осынау қадірі әлдеқайда артықтау көлікті атқосшысының иелігіне беретін сәт те тым кешіктірте қоймас деген үмітпен Санчо Пансаның есекке мінуіне рұқсат етті. Бекетші берген кеңесті ұмытпай, көйлекті де көп қылып салып, қолынан келгенінше басқа да керекті заттың бәрін қамдап алды. Осылайша бәрі дайын етіліп, тәртіпке келтірілгеннен кейін жиен қарындасымен де, күтушісімен де қоштаспаған Дон Кихот Санчо Пансаны ертіп, — айтпақшы, ол да қатын-баласымен қоштаспаған-ды, — бір күні түнде құпия түрде селодан аттанып кетті; түн жамылып тоқтамай жүрген олар әжептәуір жерге жырақтап үлгерді, сондықтан таң ағарып атқан кезде қандай да бір қауіптен алаңсыз болды: соңдарынан қуғыншы шыққан күнде де бәрібір оларды қуып жете алмаған болар еді.

Санчо Панса қоржын мен месті ұмытпай артып алған-ды, сөйтіп енді уәде етілген аралдың губернаторы болуға деген құштарлық көкейін тескен ол есектің үстінде құдды бір байбатша секілді қоқырайып отырған болатын. Ал, Дон Кихот болса, тап сол ана жолы аттанған бағытымен және тап сол жолмен, яғни Монтьель жазығымен жүріп келе жатқан, тек қазір бойы айрықша сергек-тін, өйткені таңертеңгі мезгіл еді, күннің өткір сәулесі онша мазалай қоймаған. Міне, дәл осы сәтте Санчо Панса қожайынына қарап:

— Байқаңыз, мейірбанды мырза, сеньор кезбе рыцарь, арал жайында берген уәдеңізді ұмытып кетіп жүрмеңіз, ал енді іс маған тіреліп жатса, мен өзім қандай аралды болсын басқарып кетем, — дегенді айтты.

Оған Дон Кихот былай деп жауап қатты:

— Сен біліп қойғын, достым Санчо Панса, бағзыда кезбе рыцарьлар жаулап алған аралдары мен корольдіктеріне әкім етіп өздерінің басыбайлы атқосшыларын тағайындайтын болған, ал мен бұған екібастан әзірмін, өйткені, осынау жақсы дәстүрді қалпына келтіргенді жөн деп таптым. Ол аз болса, тіпті одан да асырып түсірмекпін: бұрын рыцарьлар кей-кейде, расын айтқанда, тіпті әрдайым десе де болар, атқосшыларының әбден шау тартқанын күтіп жүретін, сосын арада көп беймаза күндер мен одан да гөрі мазасыздау түндер өткеннен кейін, аналардың қызмет көрсетерлік шама-шарқы шақталған кезде ғана оларға граф атағын немесе тым құрығанда әйтеуір маркиз атын беріп, жерге иелік еткізетін немесе әлденендей бір қоң торғай провинцияны бөліп беретін. Егер басымыз аман, аяқ-қолымыз сау болса, арада аптаға жуық уақыт өтпей жатып-ақ қарамағында бірнеше корольдігі бар бір үлкен корольдікті жаулап алуым онша қиындыққа түсе қоймас, сосын қайсысын қаласаң, соны өзіңе, таққа отыру салтанатын өткізіп, табыс етем ғой. Бұған сен таңғалмай-ақ қой: рыцарьлар не түрлі ғаламат жағдайларға тап болып жатады және ойыңа кіріп те шықпайтын оқиғаларға кезігеді, сондықтан саған өткенде уағда еткеніме қосымша тағы да бірдеңелерді сыйға тарту маған түк те емес.

— Сонда қалай болғаны, — деді дүдәмал ой жетегіндегі Санчо Панса, —егер өзім ғайыптан тайып король болсам, онда Хуана Гутьеррес, біздің үйдегі әйелді айтам, ең аз дегенде королева, ал балаларым — инфанттар17 деп атанатын болғаны ма?

— Оған кімнің қандай күмәні бар? — деді Дон Кихот жаратпай.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий