Дон Кихот І - Мигель де Сервантес

Книга «Дон Кихот І» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Публикация «Дон Кихота» в двух частях состоялась в 1605 и 1615 годах. Благодаря этому произведению автор стал известен во всем мире. С момента публикации книга стала устным романом и первым в литературе современным романом

Дон Кихот І - Мигель де Сервантес читать онлайн бесплатно полную версию книги

Атқосшысының ақкөңілдігіне Дон Кихот күлмей қала алмады, сосын оның қашан болса да, қанша болса да және қажетті жағдайда да, тіпті ешқандай қажеті жоқ жағдайда да ыңқылдап-ыңырана беруіне болатынын мәлім етті, өйткені рыцарьлық жарғыда бұл турасында ештеңе айтылмаған көрінеді. Санчо Дон Кихотқа жүрек жалғап алар уақыт болғанын құлаққағыс етті. Дон Кихот оған әзірше зауқы жоқтығын, ал Санчоның қашан көңілі соқса сонда тамақ іше беруіне болатынын айтты. Рұқсат тиген бойда Санчо есегіне ыңғайын тауып жайғасып отырып алды да, қоржындағы азықтарын шығарып, асықпай тамақ жеуге кірісті; қожайынының соңынан сылбыр аяңмен ілесіп келе жатқан ол торсықтан деміл-деміл сіміріп отырды және сүйсіне қылқылдататыны соншалық, тіпті оған малагалық трактиршілердің өзі де сұқтанарлықтай-ақ еді, ал оларда шарап дегеніңіз судай ағып жатыр ғой. Осылай жайлап жұтып қойып отырған шақта Дон Кихоттың үйіп-төгіп берген уәдесінің бәрі Санчоның басынан бу боп ұшып кетті, ал шытырман, тіпті қатерлі болуы да ықтимал, оқиғалар іздеу әрекеті ендігі жерде мехнаты мол міндет тәрізді көрінбей, таусылмас-бітпес қуаныш секілді көріне бастады.

Бұл түнді олар ағаш саясында өткізді; Дон Кихот бір ағаштан қураған бұтақ сындырып алып, оған темір ұштықты кигізді — сөйтіп, найзаға ұқсас бірдеңе жасап алды. Кітаптардан оқып білген, ормандар мен шөл-шөлейтті далаларда жүрек әміршілері жайындағы армандарын азық қылып, талай түнді ұйқысыз өткізген рыцарьларға барлық істе бірдей ұқсап бағуға тырысқан Дон Кихот та түні бойы кірпік ілмей, аяулы аяшы Дульсинея жайында ойлаумен болды. Санчо Пансаға келсек, ол түнді тіптен басқаша өткізді: қарнын цикор суынан гөрі бөлектеу сусынға мелдектете толтырып алған соң таң атқанша тұяқ серіппеді, әжептәуір биікке көтерілген күннің сәулесі бетінде ойнап, торғай біткен жаңа таңды көңілді шырылмен қуана қарсылап жатса да, Дон Кихот келіп оятпаса, оның әлі де талай уақыт ұйқы соғар түрі бар еді. Сөйтіп ақыры ұйқыдан тұрған, тұрған бойда торсықтан бір жұтып алған Санчо оның кешегіге қарағанда азды-кем жүдеңкіреп қалғанын байқады; бұл көңілін әжептәуір пәсейтіп тастады, өйткені оны таяу арада толықтыруға мүмкіндік туа қоймайтынын білетін. Дон Кихот таңғы астан да бас тартты — бұрын айтып өткеніміздей, ол тек тәтті армандарды ғана азық қылатын. Екеуі жолға барып түскен соң, түс ауа, сағат үштер шамасында алыстан Лаписе шатқалы көлденеңдеді.

— Осы арада, бауырым Санчо, — деді шатқалды көзі шалған Дон Кихот, — не қилы шытырман оқиғаға кеңірдектен келгенше тоятын боламыз. Бірақ, ескертіп қояйын, маған қандай қатер төнсін мейлі, семсеріңді қынаптан суырушы болма, ал егер құл-құтандар, осынау нәсілсіз найсаптар, шабуыл жасап жатқанын көрсең, онда көмектесуіңе болады. Егер де бұлар рыцарьлар болса, онда, рыцарьлық қағидаларында көрсетілгеніндей, рыцарь қатарына әлі қабылданбағаның себепті маған болысуға да тиіс емессің және оған ешқандай қақың да жоқ.

— Бұл жағына қам жемей-ақ қоюыңызға болады, сеньор: айтқаныңызды бұлжытпай орындаймын, — деді Санчо. — Оның үстіне мінезім жұмсақ адаммын: жағаласа кету, ұрыс-керіске араласу дегендер маған жат нәрсе. Ал, енді біреу-міреу өзі кеп тиісіп жатса, онда мен, шынымды айтайын, рыцарьлық қағида-ереже дегендеріңе қарамаймын: өйткені, жаратқан иеміздің де, адамзат баласының да заңдары қорғануға ешкімге тиым салмайды ғой.

— Бұл айтқаныңмен әбден келісем, — деді Дон Кихот. — Маған тек рыцарьлар тап берген жағдайларда ғана өз табиғи тілегіңді тежеуіңе тура келеді.

— Міндетті түрде тежеймін, — деді Санчо, — бұл әміріңізді жексенбі күнгі демалыс секілді айрықша қастерлейтін болам.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий