Дон Кихот І - Мигель де Сервантес

Книга «Дон Кихот І» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Публикация «Дон Кихота» в двух частях состоялась в 1605 и 1615 годах. Благодаря этому произведению автор стал известен во всем мире. С момента публикации книга стала устным романом и первым в литературе современным романом

Дон Кихот І - Мигель де Сервантес читать онлайн бесплатно полную версию книги

— Соған әуелі өзім сене алмай тұрмын ғой, — деп жауап қатты Санчо Панса, — өйткені, құдайдың құдіретімен король тәждері аспаннан жаңбыр боп жауған күннің өзінде де, солардың бірде бірі менің қатынымның басына қона кетердей шақ бола қоймайды-ау деп қорқам. Шын сөзім, сеньор, одан ешқандай королева шықпайды. Графиня атанса — оны, былай енді, ептеп алқам-шүкір деуге болар, бірақ оның өзін де оңдырар-оңдырмасын итім білсін.

— Сен, Санчо, қайдағы бір хайуанаттан емес, жаратқаннан сұран, — деді Дон Кихот, — сөйтсең, ол зайыбыңа өзіне не лайықты болса, соны тарту етеді. Ал, өзің тым төменшіктей бермей, генерал-губернатор қызметін атқаруға дайындал, одан төмен мансапқа ешқашан келісуші болма.

— Жоға, ешқашан да келіспеймін, мархабатты мырзам, — деді Санчо. — Өзіңіз секілді мәртебелі адамның, тақсыр, өзіме лайықты және заңды қақым бар нәрсені маған қашан да тауып бере алатынын білем.

ҮІІІ тарау

Айбынды Дон Кихоттың жел диірмендерімен бұрын-соңды болып көрмеген сұрапыл айқастағы айтулы жеңісі және өзіміз сүйсіне мағлұм етпекші басқа да оқиғалар жайында

Сол екі арада олардың көз алдына жазықтың қақ ортасына жайғасқан әлде отыз ба, әлде қырық па жел диірмен шоғыры көлденеңдеп тұра қалды, соны көрген бойда Дон Кихот атқосшысына былай деп тіл қатты:

— Тағдыр бізді тура жолмен бастап келе жатыр. Анаң қара, достым Санчо Панса, әне жерде отыз шақты дүлей дәу тұр — мен қазір солармен шайқасқа кіріп, бірін қалдырмай қырып салам, ал қолға түсірген олжамыз әл-ауқатымыздың арқауына айналады. Бұл әділетті соғыс: қара ниетті сұмдардың тамырын жер бетінен сылып тастау — құдай жолына бар ынты-шынтыңмен адал қызмет ету деген сөз.

— Ау, қайдағы дәулерді айтып тұрсыз? — деп сұрады Санчо Панса.

— Әне тұрған жоқ па, қолдарын созып, — деп жауап қатты мырзасы. — Кейбірінің қолының ұзындығы екі-үш шақырым боп қалады.

— О не дегеніңіз, сеньор, — деп қарсылық білдірді Санчо, — көріп тұрғаныңыз әсте де дәулер емес, жел диірмендер ғой; ал қол деп тұрғаныңыз — қалбағайлары ғой: олар желдің күшімен шыр айналып диірмен тасын қозғалысқа келтіреді.

— Тәжірибесі жұтаң шытырман оқиға іздеуші екенің байқалды, — деп тұжырды Дон Кихот. — Бұлар — дәулер. Қорықсаң, былайырақ барып тұр да, дұғаңды оқы, ал мен өзім олармен жалғыздығыма қарамай қанды шайқас бастаймын.

Дәулермен емес, ақиқат шындығында жел диірмендермен шайқасқа бара жатқанын ескертіп Санчоның жалынып-жалбарынғанына құлақ аспаған Дон Кихот осы сөздерді айтқан бойда Росинантты шпормен бүйірден бір тебініп шаба жөнелді. Бұлардың дәулер екеніне оның зәредей күмәні жоқ-ты, сондықтан атқосшысының айқайын құлағына қыстырмаған және жел диірмендердің жанына тым жақын келсе де көзі бұлдырап түк ештеңе көрмеген ол бар дауысымен ақырып:

— Қашпаңдар, қоян жүрек, қара ниет хайуандар! Сендерге шабуыл жасап келе жатқан жалғыз-ақ рыцарь ғой, — деді.

Осы тұста шамалы жел тұрған болатын, соның салдарынан диірмендердің қолақпандай қалбағайлары ақырын-ақырын қозғала бастағанын көрген Дон Кихот айқайды салып:

— Бұлғаңдар, бұлғай беріңдер қолдарыңды! Қолдарың тіпті Бриарей дәудің қолынан көп болса да бәрібір сазайларыңды тартпай қалмас едіңдер! — деді.

Соны айтып, тағдырын толайым-тұтас жүрегінің әміршісі Дульсинеяның шарапатына тапсырып, одан осынау ауыр сынақтан аман өтуіне көмектесуін сұрап жалбарынды да, қалқанын кеудесіне тосып, Росинантпен шоқырақтай шауып барып жақындау тұрған диірменнің қалбағайына найзасын салып кеп жіберді; бірақ дәл осы кезде жел қалбағайды құтырта қозғалтып жібергендіктен найзасы пәрше-пәрше боп сынып кетті, ал қалбағай болса атты да, аса бір аянышты ахуалда қалған адамды да ілестіріп әкете жаздап барып, ақыры Дон Кихотты жерге атып ұрды. Есегін бар пәрменімен тапырақтата шауып көмекке жеткен Санчо Панса қожайыны жанына таяп келіп оның қозғалуға халы жоқ сұлық жатқанын көрді — анау Росинанттан оңбай құлап түскен-ді.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий