Дон Кихот І - Мигель де Сервантес

Книга «Дон Кихот І» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Публикация «Дон Кихота» в двух частях состоялась в 1605 и 1615 годах. Благодаря этому произведению автор стал известен во всем мире. С момента публикации книга стала устным романом и первым в литературе современным романом

Дон Кихот І - Мигель де Сервантес читать онлайн бесплатно полную версию книги

— Жаратқан ием, өле-өлгенше шапағат-мейірімінен айырмағай — ең бастысы осы. Ал, енді, білгіңіз келсе, одан әрі мынадай жағдайлар орын алды. Немере ағасы келіп жүрген дәмелілер жайында құлағына қанша құймасын және айттыра келгендердің әрқайсысының қадір-қасиетін қанша түсіндірмесін, жүрегі қалаған біреуін таңдап, соған күйеуге шығуға қанша үгіттемесін, Марсела тұрмыс құрғым келмейді, әлі жаспын, жұбайылық өмірдің ауыртпалығын көтере алмаймын, деп жалтарумен болды. Оның бұл уәжі ағасына өте орынды көрініп, есейе келе өмірлік серік етер адамды өзі-ақ таңдап алар деген үмітпен мазалай бергенін қойды, өйткені, балаларының тағдырына қол сұғу ата-анаға абырой әпермейді деген байламға келген болатын және онысы өте орынды да еді. Сөйтіп, арада бірсыпыра уақыт өткенде бір күні ерікті Марсела ойламаған жерден бақташы қыз боп киініп шыға келді де, немере ағасы мен селоластарының жалынғанын құлағына да қыстырмай, бақташы қыздарға қосылып жайылымға шығып, өз отарын бағуға кірісті. Қыздың жұрт алдында жүз көрсеткені, ажарына көз сұғын қадауға еркіндік тигені сол екен, байшыкеш бозбалалар мен идальголар, қарапайым диқандар аралас қарақұрым адам иықтарына Хризостом секілді сәнді киімдерін іліп қызға қырындауға кірісті, солардың арасында, әлгінде айтып өткенімдей, біздің марқұм досымыз да болды; жұрт Хризостом қызды жай ғана ұнатып қоймай, оны әулиедей ардақ тұтады екен деген қауесет те таратып үлгерді. Алайда, өзімен-өзі боп оңаша жүруге мүлдем дерлік, дұрысын айтқанда, ешқандай мүмкіндік бермейтін еркіндік пен көңілі не қаласа соны істеуіне болатын еріктілікке қол жеткізген Марсела осы арқылы өзінің тазалығы мен ар-ұятын онша қадір тұтпайтынын көрсетті немесе соған емеурін жасады деп ойлаудың қажеті жоқ, — керісінше, пәктігін кіршіксіз сақтауға барын салатындығы сонша, жарамсақтық жасап, ықылас-ниетін аударып алуға әрекеттеніп жүрген пысықайлардың ешқайсысы әлі күнге шейін бұл қыз өзіне үміт жібінің ұшығын болса да ұстатты деп мақтана алған жоқ және, сірә, ешқашан мақтана да алмайтын шығар. Рас, ол бақташылармен бірге болудан қашпайды, олармен әңгіме-дүкен құрудан да жалтармайды, әрдайым сыпайылық білдіріп, жылы шырай танытады, бірақ әлде біреуі оған ынтызарлығын мәлім қылса болды, тіпті бұл бас қосу мақсатындағы заңды да бейкүнә тілек болса да бәрібір, сол бойда-ақ оның жанынан сақпаннан атылған тастай ұшып жөнін табады. Бұның осындай қылықтары біздің жақты бір жаман індет келгеннен бетер шулыған қылып отыр, өйткені сұлулығы мен ақ жарқын мінезі өзін ұнатып, көңілін аулауға тырысатындардың жүрегін қуанышқа бөлесе, салқындығы мен тәкаппарлығы оларды түңілдіріп жібереді, міне сондықтан да олар мұның адамгершілік қасиеттерін сипаттауға келгенде қатыгез, жақсылықты білмейді деген секілді сөздерден басқа теңеу таба алмайды. Егер сіз, сеньор, осында тағы бір күнге қала тұрсаңыз, маңдайы тасқа тиген талапкерлердің сол бұрынғыша әлі де қыздың соңынан жүгіруін қоймай, тау-тасты жаңғыртып қалай зар қағып жүргенін өз құлағыңызбен естір едіңіз. Осы араға жақын маңда жиырма шақты биік шамшат ағашы өсіп тұрған жер бар, соның әрқайсысының жылтыр қабығында Марселаның аты ойып жазылған, ал кей жазудың жоғарғы жағына оған қоса тәж де бейнеленген, бейне бір осынау анық-танық белгілер арқылы ғашық жандар Марселаның сұлулық падишасы екенін айтқысы келгендей. Бір бақташы аһ ұрады, екіншісі өкпе айтады, мына жерде ғашықтық әні шырқалып жатыр, ана жерде күйінішке толы күрсініс. Біреу жартастың етегінде немесе емен ағаштың түбінде жанары жасқа толып, түні бойы кірпік қақпай шығады, тәтті арман жетегімен қиянға қалықтап кеткен оны таңның қызыл шапағы сол жерден табады, ал екінші біреуді шаңқай түстің жан шыдатпас ыстығы толассыз зар төгіп, рақым-мейірі мол жаратқаннан жәрдем сұрап, күйіп тұрған құмда ұзынынан сұлап жатқан күйінде кезіктіреді. Бірақ, басы бос, бейғам Марсела бұлардың жанынан немқұрайды түрде аяңдап өте береді, сонсын, оны өте жақсы білетін біздер өзімізден өзіміз: мұның тәкаппарлығы қашан басылады, мұның асау мінезіне тұсау салып, айтса ауыздың суы құритын сұлулығының рақатын көретін сол бір бақытты жан кім екен деп сұраймыз. Өзіңізге осы айтып бергенімнің бәрі — айна-қатесіз шындық, сондықтан да, менің ойымша, Хризостомның өлімі жайындағы бақташымыз жеткізген әңгіме де ақиқаттан алшақ емес. Осы себепті, сеньор, жерлеуге міндетті түрде барғаныңыз жөн, онда көретін нәрсе аз болмайды, өйткені, марқұмның достары көп, ал оның өзін қоюға өсиет еткен жері осы арадан жарты мильдей ғана.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий