Дон Кихот І - Мигель де Сервантес

Книга «Дон Кихот І» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Публикация «Дон Кихота» в двух частях состоялась в 1605 и 1615 годах. Благодаря этому произведению автор стал известен во всем мире. С момента публикации книга стала устным романом и первым в литературе современным романом

Дон Кихот І - Мигель де Сервантес читать онлайн бесплатно полную версию книги

— Олардың серті де осындай қатаң болуы әбден мүмкін, — деп қарсылық білдірді Дон Кихот, — бірақ одан жұртқа дәл мұндай пайда келе ме, келмей ме, оған кепілдік бере алмаймын. Ал, енді ашығына көшсек, әскербасының әмірін орындайтын жауынгер де сол бұйрықты беріп тұрған әскербасыдан кем маңызды іс атқармайды. Айтайын дегенім, күллі өмірін тып-тыныш жерде, қамсыз-мұңсыз өткізетін иноктар жаратқан иемізден жер бетіне береке жаудыруын сұрап жалбарынады, ал біздер, жауынгерлер мен рыцарьлар болсақ, олардың сол жалбарынып сұрағандарын білегіміздің күшімен, семсеріміздің ұшымен жүзеге асырамыз және ықтасында отырып емес, ашық аспан астында жүріп, кеудемізді жазда күннің қайнаған ыстығына қақтап, қыста сақылдаған сары аязына тосып, жер-дүниені қорғаймыз. Қорытып айтқанда, біз — құдайдың жер бетіндегі құлымыз, біз — оның әділ үкімін орындайтын құралымыз. Бірақ, жауынгерлік міндет пен

содан туындайтын және соған қатысы бар нәрсенің бәрін іске асыру үшін бізге ғаламат көп күш жұмсап, тер төгуге тура келеді, олай болатын болса, өзіне осындай парыз арқалаған жанның бейбіт те тыныш, жайлы құжыраларда отырып құдайдан кембағалдарға жәрдем сұрап жалынатындардан гөрі көбірек күш-қайрат жұмсайтыны айдан анық. Әлбетте, мен кезбе рыцарьдың ерлігі мен құжырада қамалып отыратындар ерлігінің екеуі де қастерлі дегенді айтайын деп тұрғам жоқ және ондай ойдан да мүлдем аулақпын, бірақ өзімнің ащы тәжірибемнің негізінде қашан да жейтін ас, ішетін суға зәру, бейнет шегіп, сілесі қатқан, басында баспана, үстінде жөнді киім жоқ, бит пен бүргеге жем болып жүрген кезбе рыцарьдың тақуадан гөрі көбірек мехнат шегеріне көзім анық жетті, өйткені бағзы замандардағы кезбе рыцарьдың қадам басқан сайын қасіретке жолығып отырғанына ешкім күмән келтіре алмайды. Егер де солардың ішіндегі біреу ақ білегінің күшімен император тәжін жаулап алған болса, онда осының жолында, бұл сөзіме кәміл сенуіңізге болады, оның едәуір мөлшерде қан мен тер төгуіне тура келгені кәміл және егер осындай жоғары дәрежелерге ие болғандарға данагөйлер мен сиқыршылар дер кезінде көмек қолын ұсынбаса, онда өз армандары мен үміттерінің алдамшы елес пен бос қиял боп шыққанына олардың көп ұзамай-ақ көздері жетер еді.

— Мен де солай ойлаймын, — деді жолаушы. — Бірақ, кезбе рыцарьлардың бойындағы маған ұнамайтын бір қасиет: өлімге бас тігуге тура келетін аса қауіпті шытырман оқиғаға тап болар сәттерінде олар христианға тән жорамен осындай қатерлі шақта өзіне қамқорлық жасауды құдайға тапсырудың орнына, ханымдарына тапсырады және құдды бір сол әйелдерді құдірет санайтындай, құдайға сиынғандай құлшыныспен, айрықша тебіреніспен жалынып-жалбарынады. Жасыратыны жоқ, бұдан әлденендей бір мәжусиліктің иісі сезіліп тұрғандай.

— Бұл әманда солай болуға тиісті де, сеньор, — деп қарсылық білдірді Дон Кихот, — әйтпесе кезбе рыцарь масқара болар еді: кезбе рыцарьлар қауымының әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрі бойынша әскери ерлік жасар алдында кезбе рыцарь жүрегінің әміршісіне айналған әйелден тілекші болуды, өзін тосып тұрған қатаң сынақтан сүрінбей өтуіне көмектесуді сұрағандай, оған ойша жылы да мейірімді жанармен көз салуға міндетті. Тіпті ешкім естіп тұрмаса да, бәрібір, оның қамқорлығына өзін басы-бүтін табыстап, осынау бірнеше сөзді дауыстап айтуға тиіс, — мұның сан жетпес мысалын романдардан таба аласыз. Бірақ, бұған қарап рыцарьлар құдайдан пәрмен сұрамайды екен дейтін байлам жасауға болмайды, өйткені айқастың қызған шағында одан көмек сұрауға уақыт та, себеп те оларға әр кез табылып жатады.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий