Дон Кихот І - Мигель де Сервантес

Книга «Дон Кихот І» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Публикация «Дон Кихота» в двух частях состоялась в 1605 и 1615 годах. Благодаря этому произведению автор стал известен во всем мире. С момента публикации книга стала устным романом и первым в литературе современным романом

Дон Кихот І - Мигель де Сервантес читать онлайн бесплатно полную версию книги

— Әрине, барғанда қандай, міндетті түрде барамын, — деді Дон Кихот. — Ал, қазір өте қызықты әңгімеңмен жанымды жадыратып тастағаның үшін өзіңе алғысымды айтуға рұқсат ет.

— Расында, мен Марселаға ғашықтар бастан кешкен кептің бар-жоғы тек жартысын ғана білемін! — деп қарсылық айтты ешкі бағушы. — Бірақ, ертең жолшыбай бақташылардың біреу-міреуін кездестіріп қалуымыз, сол бәрін түгел айтып беруі әбден мүмкін. Ал, қазір баспанаға барып жайғасып көз шырымын алғаныңыз артық болмас еді: түнгі салқын жарақатыңызға жайлы тимеуі мүмкін, бірақ, шындығында, жапсырмамның жақсылығы сол, жаңа бір дерт жамап алам деп қауіптенбеуіңізге болады.

Санчо Панса сөзуар бақташыға әлдеқашан-ақ іштей нәлет жаудырып қойған, енді қазір ол да бір жақтан қабаттасып Дон Кихотты Педроның лашығында ұйқтап шығуға үгіттей бастады. Анау ақыры көніп, түннің қалған бөлегін Марселаның ғашықтарына еліктеп, жүрегінің әміршісі Дульсинея жайында арманға берілумен өткізді. Санчо Панса Росинант пен есегінің екі ортасына жайғасып, күдері үзілген ғашық жандай емес, сілейтіп сабаған біреудей қатып ұйқтап қалды.

ХІІІ тарау

Бақташы қыз Марсела жайындағы әңгіменің соңы және басқа да оқиғалар туралы

Шығыс көкжиектің жабығынан күн дидары қылаң бергені сол, алты бақташының бесеуі орындарынан тұра-тұра келіп, Дон Кихотты оятып, одан Хризостомның салтанатты жерлеуіне бармақ ниетіңізден айнып қалған жоқсыз ба деп сұрап, оны сол жерге бастап бармақ болысты. Дон Кихотқа керегі де сол еді; ол тұрып, Санчоға ат пен есекті ерттеуге әмір етті, анау ылдым-жылдым қимылдап әмірді тез орындады, аналар да қалыспай жолға шапшаң жиналды. Бірақ, олар ширек мильдей де шығып үлгермей-ақ, үстеріне қара тұлып киген, бастарында олеандр мен кипаристен гүлдестелері бар алты бақташының өздері жүріп келе жатқан соқпаққа түскенін көрді. Бәрі де жуан таяққа сүйенген. Олардан сәл әрменіректе әсем де сәнді жол киімін киген екі дворян салт атпен келе жатыр, соңдарынан үш малай жаяу еріп келеді. Қатарласқан кездерінде екі топ та сыпайыгершілікпен бас иіп сәлемдесіп, кімнің қайда бет алғаны жайында жол сұрасты, бәрінің де жерлеуге бара жатқаны белгілі болғаннан кейін бірге жүріп кетті.

Салт аттының бірі екіншісіне қарап:

— Сеньор Вивальдо, осынау әдеттен тыс жерлеуге қатыссақ, уақытымызды босқа өткіздік-ау деп өкінбейтін сияқтымыз: қайтыс болған бақташы мен оның түбіне жеткен бақташы қыз жайында серіктеріміз айтқан таңғаларлық әңгімелерге қарағанда, бұл өзі, шын мәнінде де, елден ерек нәрсе болғалы тұр, — деді.

— Маған да солай сияқты, — деп жауап қатты Вивальдо. — Осы жерлеуді көру үшін өз басым бір емес, бірнеше күнді арнауға бармын.

Дон Кихот олардан Марсела мен Хризостом жайында не естігендерін сұрады. Жолаушы оған таң алагеуімде бақташыларды жолықтырып қалғандарын, үстеріне киіп алған қаралы киімдерін көріп, аза тұтуға мәжбүр еткен не жағдай екенін сұрағандарын, сол кезде бақташылардың бірі өздеріне көрікті де кінәмшіл бақташы қыз Марсела жайында, оның сансыз көп дәмелілері жайында және, ақырында, өздері қоштасуға бара жатқан Хризостомның өлімі жайында егжей-тегжейлі айтып, түсіндіріп бергенін баян етті. Тоқ етері, жолаушы Дон Кихотқа өзі бұрын Педродан естіп алғандарының бәрін хабар етті.

Бірақ, сол арада әңгіме мүлдем басқа арнаға ауып кетті, өйткені әлгі Вивальдо есімді адам Дон Кихоттан осынау ел аман, жұрт тынышта қолына қару алып ел аралауға қандай мұқтаждық болғанын сұрады. Оған Дон Кихот былай деп жауап қатты:

— Таңдап алған ісім басқадай кейіпте бой көрсетуге жол бермейді және рұқсат та етпейді. Жанға жайлы тірлік, сән-салтанат пен алаңсыздық —астананың нәуетек тұрғындарының сыбағасы, ал ауыртпалық арқалау, мазасыз күй кешу мен әскери ерліктер — әдетте жұрт кезбе рыцарь деп атайтындар үшін жаратылып, солар бастан кешуге арналған, мен пақыр өзімді солардың ең соңғысы санаймын.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий