Дон Кихот І - Мигель де Сервантес

Книга «Дон Кихот І» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Публикация «Дон Кихота» в двух частях состоялась в 1605 и 1615 годах. Благодаря этому произведению автор стал известен во всем мире. С момента публикации книга стала устным романом и первым в литературе современным романом

Дон Кихот І - Мигель де Сервантес читать онлайн бесплатно полную версию книги

Бірақ жылқышылар сол арада өздерінің өте көп, ал тап берушілердің бар болғаны екеу-ақ екенін көріп, сойылдарына жармасты да, дұшпандарын қоршауға алып, айрықша құлшыныспен және аса бір қызбалықпен төмпештің астына алуға кірісті. Шындығын айтқанда, Санчоның жерге сұлап түсуіне екі-ақ соққының өзі жетіп қалып еді, ептілік пен жүректілік көрсеткеніне қарамай Дон Кихот та соның кебін киді және басқа бір жерге құламай, әліге шейін тұра алмай, ашулы шаруалардың қолындағы сойылдың қуаты қандай пәрменді болатынына көрнекі дәлел боп жатқан Росинанттың сирағын құша құлады. Өздерінің не істеп қойғанын көрген янгуастықтар ылдым-жылдым қимылдап, жүктерін биелеріне артып алды да, жүріп кетті; тән азабын, одан да гөрі жан азабын көбірек тартып жатқан шытырман оқиға іздеуші екеу ес-түс жоқ сұлаған күйде қала берді.

Алғаш боп Санчо Панса ес жиды; қожайыны қасында жатқанын байқап, әлсіз де аянышты үнмен:

— Сеньор Дон Кихот, а сеньор Дон Кихот! — деп тіл қатты.

— Не болды, Санчо бауырым? — деп сұрады Дон Кихот тап сондай қамығыңқы да қапалы үнмен.

— Рақымшылық жасап, тақсыр, — деді Санчо сөзін жалғап, — сізде әлгі, аты кім еді өзінің, иә Бұйрабастың бальзамы болса, бір-ер жұтым бермес пе екенсіз: бәлкім жарақатқа көмектесетіні сияқты, сыныққа да ол жақсы жәрдемдесетін шығар.

— Мен сорлыға сол керек! — деп дауыстап жіберді Дон Кихот. — Егер қалтамда Фьерабрастың бальзамы болса, онда бізге басқа дәнеңе қажет болмас еді. Бірақ, саған кезбе рыцарьдың атымен ант етем, Санчо Панса, арада екі күн өтпей жатып, — егер тек тағдыр басқаша ұйғарып жүрмесе, — мен соны қалай да тауып алам, таппасам, қолымды кесіп берейін.

— Қалай ойлайсыз, тақсыр, аяғымызға қашан жан бітер екен? — деп сұрады Санчо Панса.

— Менің жайымды білмек болсаң, қашан екенін анық айта алмаймын, — деді соққыға жығылған рыцарь. — Бірақ, бәріне кінәлі өзім ғана: рыцарьлыққа қабылданбағандарға қарсы семсер суырымның қажеті жоқ еді. Міне, енді рыцарьлық заңын бұзғанымның жазасына майдан құдайы өзімді осындай кепке тап болуға душар етті. Сондықтан сен, Санчо Панса, мына қазір айтқалы отырған сөзімді болашақта басшылыққа алуға тиіссің, екеуміздің де пайдамыз үшін осы қолайлы болмақ. Ендеше, тыңдап ал: ендігі жерде әлгіндей тобырдың бізге жаманшылық жасап жатқанын көрсең семсер суырғанымды күтіп тұрып қалма, — оның бос әурешілік болады, — қолма-қол өз қаруыңды ал да, оларды қалауыңша аямай жазала. Егер әлгі тобырға рыцарьлар көмекке келіп жатса, онда сені қатерден құтқарып алуға, оларға есеңгірете соққы беруге қашан да үлгерем ғой, — ал, айбынды білегімнің қуаты қандай екеніне өзің де талай куә болғансың, өйткені оны саған өз көзіңше әлденеше мәрте дәлелдегенмін.

Сормаңдай сеньорымыз, шамасы, бискайлық батырды жеңгенін әлі күнге шейін мақтан тұтып жүрген болды. Алайда, мырзасының әмірі Санчо Пансаның көңіліне онша қонымды көрінбеді, сондықтан үндемей қала алмады:

— Сеньор! — деді наразы атқосшы. — Мен момын, тыныш, бейбіт адаммын, қандай да болсын қорлық-мазақты көтеруге бейілмін, өйткені қатынымды асырап, балларымды адам қатарына қосуым керек. Осы себепті, мейірімді мырзам, есіңізге салып қояр бір сөзім бар, — жай еске салу ғана, ескерту емес, өйткені сізге ескерту жасауға қақым жоқ: рыцарьға қарсы болсын, қара шаруаға қарсы болсын ешбір жағдайда, ешқашан семсер суырмаймын және құдай алдында отырғандай боп айтайын, маған бір кезде жәбір көрсеткен және жәбір көрсетуі мүмкін жандардың бәріне, олардың мансабы мен атағына қарамастан, өзімді жәбірлеген, жәбірлеп жүрген және болашақта бір кезде жәбірлейтіндердің, мейлі олар ақ сүйек пе әлде қара сүйек пе, бай ма әлде кедей ме, мырза ма әлде құл-құтан ба, бәрібір, кім болса ол болғанына қарамастан, бәріне біржола кешірім етем.

Бұған қожайыны былай деп жауап берді:

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий