Дон Кихот І - Мигель де Сервантес

Книга «Дон Кихот І» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Публикация «Дон Кихота» в двух частях состоялась в 1605 и 1615 годах. Благодаря этому произведению автор стал известен во всем мире. С момента публикации книга стала устным романом и первым в литературе современным романом

Дон Кихот І - Мигель де Сервантес читать онлайн бесплатно полную версию книги

Дон Кихоттың есектің үстінде көлденең жатқанын көрген бекетші Санчодан бұған не болғанын сұрады. Санчо оған бәлендей ештеңе болмағанын, жартастан құлап кетіп, қабырғаларын аздап ауыртып алғанын айтты. Бекетшінің жұбайы трактирші әйелге ұқсамайтын: бұл өзі өте инабатты, басына іс түскен жанның қайғысын жеңілдетуге көмегі дайын адам еді; сол бойда-ақ Дон Кихотқа жәрдем көрсетуге кірісіп, қызына, жап-жас әрі сүйкімді бойжеткенге, қонаққа күтім жасауға қолғабыс етуге әмір етті. Қожайындар қарамағында Астурияда туып-өскен, жалпақ бет, пісте мұрын, шашын желкесінен шорт қиған, бір көзі қыли, — әділін айтқанда, екінші көзі де қитарлау бір күтуші бикеш бар-тын. Рас, денесі мейлінше мүсінді еді, осынысы басқа кемшіліктерінің бәрін жуып-шайып кететін: егер оны басынан бақайшағына дейін өлшейтін болса, аршынның23 жеті ширегінен аса қоймаған болар еді, ал шамадан тыс тіктеу иығы бәлендей мұқтаждық болмаса да аяғының астына мұқиятырақ көз тігіп жүруге мәжбүр ететін. Осы бір келісті бикеш бекетші қызына көмекке келіп, бұрын ұзақ жылдар бойы шөп қора болған-ау деген ойға жетелейтін шоланнан екеуі Дон Кихотқа арнап мардымсыз қоналқалық орын әзірледі. Осы жерде әлдебір малшы қонып жатыр еді және оның орыны Дон Кихот төсегінен онша қашық та емес-ті; оған жабу мен ерден басқа ештеңе төселмегенімен, жағдайы Дон Кихотқа қарағанда анағұрлым жақсырақ болатын, өйткені рыцарымыздың жамбас басар жері орнықтылығы осалдау екі сәкінің үстіне төселген, кедір-бұдырлы төрт тақтайдан, жұқалығы сырмақ көрпені еске салатын және тығыздығы сонша, жыртық-тесіктерінен шығып тұрған жүннің титімдей собалағының өзі жамбасқа тас секілді бататын жұқа төсеніштен, кәдімгі қалқан жасауға арналған теріден тігілген бе деп ойлап қалуға болатын екі сейсептен, сондай-ақ қанша қылшық қылтиып тұрғанын санап шығуға және бір де бір рет жаңылысып кетпеуге болатын жүн көрпеден тұратын.

Дон Кихот осынау түкке алғысыз төсегіне келіп қисайды да, сол арада оған үй иесі әйел мен қызы екеуі ем жасай бастады, сөйтіп шамалыдан соң оның денесіне басынан аяғына шейін жыпырлатып пластырь жапсырылып тасталды, ал Мариторнес — астуриялық бикешті осылай атайтын — бұларға жарық түсіріп тұрды. Ем жасаумен айналысып жатқан үй иесі әйел Дон Кихоттың денесі көк ала қойдай екенін көріп, бұл көгерген дақтар, сірә, құлағаннан болмас, сабағаннан болар деген болжам айтты.

— Жоға, сабағаннан емес, — деп қарсылық білдірді Санчо. — Сор айдағанда, кедір-бұдырлы үшкір тастан жаратылған жартас тап болып, соның әр бұдыры денеге бір дақ тастап отырды ғой. Осы сөзіме сеніңіз, сеньора, — деп қосып қойды ол сосын, — мына қара майыңыздан азын-аулақ артылар болса, оған құштарлар табылады: менің де белім біртүрлі сырқырап тұр.

— Онда, сіз де, шамасы, құлап қалған болдыңыз ғой? — деп сұрады үй иесі әйел.

— Жоға, мен құлағам жоқ, — деп жауап қатты Санчо. — Бірақ, қожайынымның құлағанынан қатты шошынғаным сонша, құдды өзім де таяққа жығылғандай, тұла бойым түгел ауырып тұр.

— Ондай-ондай болады, — деді қыз. — Мен де өзім жиі-жиі түс көрем, түсімде биік мұнарадан құлап кеткендей, бірақ жерге әлі құлап түспегендей күй кешем, сосын оянғанымда бейне бір шынымен-ақ құлап түскендей тұла бойым езіліп, қатты шаршап тұрам.

— Мәселе қымқа басқашалау, сеньора, — деп қарсылық білдірді Санчо, — қожайыным Дон Кихоттың денесі қанша жерден көгерсе, өз денемнің де сонша жерден дерлік көгергенін сезінгенімді әсте түсімде емес, өңімде және дәл қазіргіден әлдеқайда сергектеу әрі ширақтау кезімде бастан өткергем.

— Мына кавальероның есімі кім? — деп сұрады астуриялық бикеш Мариторнес.

— Ламанчалық Дон Кихот, — деп жауап қатты Санчо Панса. — Ол — кезбе рыцарь, жер бітіп, су аққалы ғұмыр кешкен рыцарьлардың ішіндегі ең жүректісі әрі мықтысы.

— Кезбе рыцарь деген не? — деп сұрады күтуші.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий