Дон Кихот І - Мигель де Сервантес

Книга «Дон Кихот І» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Публикация «Дон Кихота» в двух частях состоялась в 1605 и 1615 годах. Благодаря этому произведению автор стал известен во всем мире. С момента публикации книга стала устным романом и первым в литературе современным романом

Дон Кихот І - Мигель де Сервантес читать онлайн бесплатно полную версию книги

— Қалай болғанда да, сенің шын берілгендігің мен адамгершілігіңе сенем, — деді Дон Кихот. — Сөйтіп, енді біліп қойғаның артық болмас, бүгін түнде мақтан тұтып айтуыма тұрарлық таңғажайып оқиғаның бірін бастан кештім. Тоқ етерін айтқанда, сен де бұдан мағлұмдар бол, әлгінде осы қамал-сарай иесінің қызы қойныма келді, сондай сүйкімді және сондай нәзік, ондай қызды жер-дүниеден іздесең таппайсың. Иығына ілген киімін кім суреттеп бере алар? Ақыл-ойының зеректігін ше? Жүрегімнің әміршісі Дульсинея Тобосскаяға адалдығымды сақтауым себепті бұл арада өзім сөз етпеуге және ауызға алмауға мәжбүр болып отырған, көз таса мүшелерін ше? Айтарым тек біреу ғана: әлде қолыма кездейсоқ жағдай әкеп қондырған бақыт құсын құдіретті күштер қызғанды ма, әлде, бәлкім, — жоқ, бұған күмән жоқ, — бұрын айтқанымдай, дуаланған қамал-сарайда отырғандығымыздан ба, әйтеуір тек екеуіміз бір-бірімізге деген сүйіспеншілігімізді керемет тәтті сөздермен жеткізе бастағанымыз сол еді, әлдебір жексұрын дәудің көзге көрінбейтін әрі қайдан тап болғаны беймәлім жұдырығы шықшытымнан сұрапыл күшпен сарт ете қалғаны, әліге шейін қан түкіріп жатырмын, одан соң оның мені сілейтіп салғаны сонша, Росинанттың кешегі көргенсіздігі салдарынан жылқышылардың бізге көрсеткен, өзің жақсы білетін, жәбір-жапасынан кейінгі жағдайдан да нашар жағдайға душар болдым. Осыған қарап, бұл қыздың сұлулық қазынасын әлдебір жадыланған мавр күзетеді-ау және оның қызығын көруді маған жазбаған-ау деген тоқтамға келдім.

— Маған да жазбаған, — деп Санчо іліп әкетті, — мені төрт жүзден астам мавр төмпешке алды және өлермендікке салынғандары сонша, жылқышылардың жегізген сойылдары маған дәмді бәліш пен тәтті тоқаш тәрізді көрінді. Бірақ, әділін айтыңызшы, сеньор, екеуіміз бірдей қол-аяғымызды қимылдатудан қалып сұлап жатсақ, бұны сирек кездесетін әрі керемет қуанышты оқиға деп айтуға бола ма? Сіздің, әйтеуір, аздап та болса жолыңыз болды: әлгінде айтқаныңыздай, құшағыңызда айдай сұлу ару отырды. Ал, мен ше? Мен болсам, жұдырық қана жедім және әбден тойдырғаны сондай, енді өле-өлгенше сонша жұдырық жей қоймаспын деп ойлаймын. Шамасы, өзім осындай сормаңдай боп жаратылғанмын ғой деймін: кезбе рыцарь емеспін және ешқашан болмайтын да шығармын, бірақ пәле-жала атаулының бәрі дерлік мені іздеп табады!

— Сонда, сені де сабағаны ма олардың? — деп сұрады Дон Кихот.

— Ау, мен сізге не жайында айтып жатырмын, жекжат-жұрағатымды түп-тұқиянымен шайтан алғыр? — деп Санчо оған қарсы сұрақ қойды.

— Қиқарланба, достым, — деп жуаси сөйледі Дон Кихот. — Қазір мен шипалы бальзам әзірлеуге кірісем, сосын екеуіміз қас пен көздің арасында құр аттай боп шыға келеміз.

Азар дегенде май шам тауып жаққан жасауыл дәл осы сәтте жалған өліктің ау-жайын білмекке бас сұға қалған-ды; үстіне жалғыз ғана жейде киген, басына орамал байлап алған, қолына май шам ұстаған, ашу мен ызадан түрі әлемтапырық боп кеткен жасауылды көрген Санчо қожайынына қарап еріксізден-еріксіз:

— Сеньор! Мынау әлгі жадыланған мавр емес пе, дымымызды біржола құртқалы келіп тұрған жоқ па? — деген сұрақ қойды.

— Оның мавр болуы мүмкін емес, сиқырлағандар көзге көрінбейді, — деп жауап қатты Дон Кихот.

— Бәлкім, көрінбесе көрінбейтін де шығар, бірақ сезінуге әбден болады, — деп қарсылық білдірді Санчо. — Бұл жайында сізге қабырғаларым сарнап бере алады.

— Менікі де, — деп мойындады Дон Кихот. — Алайда соған қарап қарсы алдымызда тұрған мына адамды жадыланған мавр деудің еш қисыны жоқ.

Жасауыл бермен жақындап, екеуінің өзді-өзі кәкір-шүкір әңгіме айтып жатқанын көріп, аң-таң боп тұрып қалды. Осы арада айтар кетер бір жәйт, Дон Кихот әлі шалқасынан сұлап жатқан болатын: өлімші боп таяққа жығылған және тұла бойына түгел пластырь жапсырылған оның қозғалар шамасы жоқ-ты. Сол арада жасауыл қасына келіп:

— Халың қалай, сен бейбақтың? — деді.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий