Knigionline.co » Казахские книги » Дон Кихот ІІ

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес

Книга «Дон Кихот ІІ» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Мистер Дон Кихот полюбил рыцарские романы и решил стать рыцарем. Он отправляется вместе со своим оружейником Санчо Пэнси в путешествие во имя любви к Дульсинеи Тобосской. Это путешествие и в наши дни пленяет читателя.

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес читать онлайн бесплатно полную версию книги

Осы сөздерді айтып Басильо жерге қадаулы тұрған таяғына жармасты, тартып қалғанында төменгі бөлегі жерде қалып қойды: ол — қын болып шықты, ал қынға қысқалау семсер сұғулы тұр екен; семсердің тұтқа жақ екінші ұшын жерге қадап жіберген Басильо ес-түс жоқ асығыстықпен және алған беттен айнымас батылдықпен семсерге құлай кетті, қанға боялған семсер қас қағым сәтте-ақ денесіне жартысына шейін кіріп, жарып өтті, сөйтіп өз қаруына шаншылған бейбақ қанға малшынып жерге құлап түсті.

Басильоның басына түскен бақытсыздық пен мына келеңсіз жағдайдан жүрегі қан жылаған достары оған көмек беруге ұмтылды; Росинантын былай қалдырған Дон Кихот та асыға жетіп, оны қолына көтеріп алып, әрең тыныстап жатқанына көз жеткізді. Семсерді суырып тастағылары келген, алайда сол жерде тұрған священник арыздасуға дейін алмай тұра тұру керегін айтты, әйтпесе, семсерді суырып алсаңдар, Басильо сол бойда жан тапсырады, деді. Бұл екі аралықта Басильо тіршілік белгісін білдіре бастады, сосын әлсіз де аянышты үнмен былай деді:

— Егер сен, рақымсыз Китерия, өлім аузында жатқан маған әйелім болуға ырза екеніңді білдіріп қолыңды берсең, онда мен есалаңдығымды ақтап алатын сылтауым бар деген оймен өлген болар ем, өйткені тек соның арқасында ғана сендік болу рақатына бөленер ем.

Бұған жауап ретінде священник Басильоға тән қызығынан гөрі жанының жаһаннамнан аман қалуы турасында ой кешкені мақұл болатынын, құдайдан күнәлары мен қатыгез қылығын кешіруін сұрап жалынып-жалбарынуы керегін айтты. Басильо Китерия өзіне келісім бермейінше өліп кетсе де арыздаспайтынын, тек осы қуаныш қана ерік-жігерін нығайтып, арыздасарлық күш тауып беретінін мәлім етті.

Жаралының сөзін естіген Дон Кихот қатты дауыстап, оның өтініші әбден заңды да қисынды, оған қоса орындауға жеңіл екенін, егерде сеньор Камачо сеньора Китериямен ізгі ниетті Басильоның жесірі ретінде некеге тұрса, онда оның қызды әкесінің өз қолынан алумен тең дәрежеде құрметке бөленетінін жария қылды:

— Қазір тек “иә” деген сөзді айту ғана талап етіледі және бұл сөзді айту қалыңдыққа ешқандай міндет жүктемейді, өйткені күйеу жігітке неке төсегі қабірден бұйырғалы тұр.

Камачо мұның бәрін естіп тұрды және мұның бәрі оны әрі ашындырып, әрі абыржытып жібергендіктен не істеп, не қоярын да, қандай жауап қайтарарын да білмеді; алайда Басильо достарының оған Китерияның өлім аузында жатқан адаммен некеге тұруына кеңшілік жасауы керегін, өйтпеген жағдайда ана дүниеге көңілі тыншымай аттанған Басильоның жаны жабырқау болатынын айтып табандап тұрып алғаны сонша, ақыр соңында олар Камачоны егер Китерия келіссе қарсылық білдірмейтінін, өйткені өз тілегінің орындалуы тек кірпік қағымға ғана кейін шегінетінін айтуға көндірді, дұрысырағы, мәжбүр етті.

Сол арада бәрі Китерияға жүгіріп келіп, бірі жылап, бірі жалбарынып, енді бірі орынды дәлел келтіріп бейшара Басильоға келісімін беруге үгіттей бастады, қыз болса, мәрмәрден бетер жансыз, мүсіннен бетер қимылсыз секілді боп көрінді, шамасы, не дерін білмей тұрған сияқты еді, ал, расында, жауап қайтаруға ынтасы да, ықыласы да жоқ-ты, егер священник бір шешімге келуі керегін, өйткені Басильоның жаны тәнінен ажырауға жақын қалғанын, не де болса бір жағына шығуы қажет екенін айтпағанда, бәлкім, жауап қайтармас та еді. Бұдан соң абыржып-абдыраған, кейіп-кескінінен қатты қайғырып, өкінішке батқаны айқын аңғарылып тұрған Китерия сұлу ләм деп жақ ашпастан Басильоға қарай бет алды, ал анау болса бұл кезде көзі аларып, жиі-жиі әрі үздіге тыныс алып, Китерияның есімін естілер-естілмес күбірлеп жатқан және осындай нышандарына қарағанда христиан боп емес, мәжуси боп өлетіндей көрінген. Китерия оның қасына жақындап келді де, тіл қатпастан жүрелеп отыра кетіп, оған қолыңды соз деген ишарат жасады. Басильо көзін ашып, қызға тесіле қарап қалды, сосын былай деп сөйлеп кетті:

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий