Knigionline.co » Казахские книги » Дон Кихот ІІ

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес

Книга «Дон Кихот ІІ» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Мистер Дон Кихот полюбил рыцарские романы и решил стать рыцарем. Он отправляется вместе со своим оружейником Санчо Пэнси в путешествие во имя любви к Дульсинеи Тобосской. Это путешествие и в наши дни пленяет читателя.

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес читать онлайн бесплатно полную версию книги

Асып-сасып, не істерін білмей дағдарып қалған священник жүгіріп барып оның жарақатын қолымен сипап көре бастады, сөйтіп семсердің жүзі жігіт денесінің жұмсақ еті мен қабырғаларынан өтпей, осы араға асқан шеберлікпен орнатылған және қан толтырылған, — кейін мәлім болғанындай, айрықша тәсілмен әзірленгендіктен қан ұйымапты, — темір түтік арқылы өткеніне көз жеткізді. Ақыр аяғында священник, Камачо және сол жерде болғандардың бәрі дерлік Басильоның өздерін ақымақ қып, тақыршаққа отырғызып кеткенін түсінді. Алайда, бұл қалжың қалыңдықты, шамасы, онша өкіндірмеген секілді, — керісінше, некесі алдап-арбау арқылы қиылды, сондықтан заңды деп есептелмейді дегенді естігенде, берген сөзін қайтып алмайтынын мәлім етті, осыған қарап жұрт мұның бәрін Китерия мен Басильо өздері ұйымдастырған, екеуінің ым-жымы бір болған деген байламға келді; Камачо мен оның куәлары болса, қатты ашуға мініп, бақталастан кек қайтару үшін қару қолдануды ұйғарды, сөйтіп семсерлерін суырып Басильоға тұра ұмтылды, алайда сол қас қағымда Басильоны қорғау мақсатында да соншама семсер суырылды, тіпті Дон Кихоттың өзі де атқа қонып, найзасын қолына ұстап, қалқанымен барынша оңтайлы көлегейленіп, топты жарып өтіп алға шықты. Мұндай жағымсыз істер өзіне ешқашан ұнап көрмеген және қызықтырмаған Санчо қазандардың қалтарысына, — соның бірінен аса дәмді сүйек-саяқ алып та үлгерген жайы бар-ды, — бой тасалады, өйткені бұл жердің киелі екеніне және кім-кімге де қастерлі саналатынына сенімі нық болатын. Сол екі аралықта Дон Кихот қатты дауыстап сөйлеп кетті:

— Тоқтаңдар, сеньорлар, тоқтай қалыңдар! Махаббаттан көрген жәбірі үшін кек қайтаруға ешкімнің қақы жоқ. Махаббат пен соғыстың бір-бірінен айырмасы аз екенін қаперге алыңдар, ендеше жауды жеңу үшін соғыста түрлі айла-шарғы қолдану — рұқсат етілген және әдеттегі әрекет болса, махаббат майдандары мен сайыстарында да көздеген мақсатқа жету үшін не қилы қитұрқыға барудың сөкеттігі жоқ — тек бұл амалдар сүйген адамын жәбірлеп, абыройын төкпесе болды. Китерияға Басильомен, Басильоға Китериямен табысу жазған болатын: жаратқанның әділ де ұнамды шешімі осындай еді. Камачо — бай адам, өзі ұнатқанның бәрін қай жерден болсын, қашан болсын және қалай зауқы соқса солай сатып ала алады. Ал, Басильоның, жұрт айтатындай, жалғыз тоқтысы ғана бар, ал оны одан тартып алуға, қаншалықты құдіретті болсын мейлі, ешкімнің қақы жоқ, өйткені құдай қосқанды адам ажыратпауға тиіс, ал кімде-кім ажыратуға талап қылса, ол ең алдымен найзамның өткір ұштығынан дәм татуға тиіс болады.

Сол арада оның найзасын бар күшпен екіленіп және ерекше ептілікпен оңды-солды бұлғағаны сонша, оны танымайтындардың аза бойы қаза болды. Ал Китерияның менсінбеушілігі Камачоның көңілін жер қылғаны сондай, одан сол бойда-ақ жерініп кетті, сол себепті әр нәрсенің ретін білетін, көргені көп священниктің жұбату сөздері Камачо мен жақтастарының көкейінен шыққандықтан, көңілі жай тапқан олар сабасына түсіп, семсерлерін қынға сұқты; енді олар айлакерлік жасаған Басильодан гөрі, тұрақсыздық жасаған Китерияны көбірек кінәлап жатқан-ды; Ал, Камачо болса, Басильоны жастайынан ұнататын Китерия күйеуге шыққан күнде де, бәрібір, оны ұнатуын қоймас еді, сондықтан ол, Камачо, Китериядан құтылғаны үшін құдайға көптен-көп алғыс айтуға тиіс, бірақ ешқандай наразылық білдірмегені жөн деген тоқтамға келді.

Камачо мен оның жасағы жуасып, сабасына түскен соң Басильоның жасағы да тыныш тапты, ал Камачо бай қалжыңға ренжімегенін, оған бәлендей мән бермейтінін көрсетпекке, бейне бір шынымен-ақ өзінің үйлену тойы өтіп жатқандай, ойын-сауықты одан әрі жалғастыруға ниет қылды, алайда Басильо мен қалыңдығы, сондай-ақ олардың тілеулестері бұл мейрамға қатысуға ықылас білдірмей, Басильо тұратын селоға аттанып кетті: байлардың жанында жағымпаздар мен құйыршықтар қашанда қаптап жүретіні секілді, кедейлерде де, егер олар ізгі ниетті және парасатты адам болса, бірге еріп жүретін, құрметтейтін және қорғайтын достар болады.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий