Knigionline.co » Казахские книги » Дон Кихот ІІ

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес

Книга «Дон Кихот ІІ» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Мистер Дон Кихот полюбил рыцарские романы и решил стать рыцарем. Он отправляется вместе со своим оружейником Санчо Пэнси в путешествие во имя любви к Дульсинеи Тобосской. Это путешествие и в наши дни пленяет читателя.

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес читать онлайн бесплатно полную версию книги

Сөйтіп олар жас жұбайларда үш күн қонақ болды, жұбайлар бұларды патшадай құрмет тұтып, төбелеріне көтерді. Дон Кихот сайыскер-лиценциаттан өздерін Монтесинос үңгіріне бастап баратын жолбасшы тауып беруін сұрады, өйткені соның ішіне дендеп еніп, осы төңіректегі жұрттың ондағы ғажайыптар жайында айтып жүргені шын әлде жалған екеніне іс жүзінде көз жеткізуге ынтық боп тұр еді. Лиценциат оған немере інісін қосып беретінін, оның үздік үлгерімді студент әрі рыцарьлық романдарды керемет ұнататын жігіт екенін айтты, сондай-ақ бұл студенттің оларды үңгірдің аузына дейін алып баратынын, одан соң жалғыз тек Ламанчаға ғана емес, мұқым Испанияға даңқы жайылған Руидера айдындарын да көрсететінін хабарлады; оған қоса, лиценциат Дон Кихоттың студентпен екеуара әңгімеден де ләззат таба алатынын, өйткені оның баспа жүзін көруге және шонжарларға бағышталуға әбден лайық кітаптар жазып жүргенін құлаққағыс етті. Айтқандай-ақ, ұзамай ерттелген еріне әлде алабажақ кілем, әлде алабажақ кендір мата жабылған буаз мәші мінген студент те төбе көрсетті. Санчо Росинантты ерттеп, сұр жорғасын әзір қылды, қоржынын да сықай толтырып алды, — айта кетерлігі, студенттің қоржыны да аузы-мұрнынан шығып тұрған-ды, — сөйтіп, құдайдан тілеу тілеп, үй иелерімен қоштасқан жолаушылар атақты Монтесинос үңгіріне қарай бағыт ұстады.

Жолшыбай Дон Кихот студенттен қай бағытта ізденіс жасап, немен айналысып жүргенін сұрады, студент болса, зайырлы ғылымдармен шұғылданатынын, ал ізденістері мемлекет үшін мейлінше пайдалы әрі оқуға да өте қызықты кітаптар жазуға арналғанын айтты; кітаптарының бірі Костюмдер жайында деп аталатынын, мұнда жеті жүз үш түрлі костюмге, бұлардың түсіне, девизі мен эмблемасына сипаттама берілетінін, сондықтан мерекелер мен ойын-сауықтар кезінде сарай адамдарының басқа біреулерден ақыл-кеңес сұрап немесе қажеті мен талғамына сай келетін костюм жайында бас қатырып әуре-сарсаңға түспей-ақ мұның кітабынан өздеріне ұнайтын кез-келген үлгіні іздеп тауып алуына болатынын хабарлады.

— Менде қызғаншаққа да, тауы қайтқанға да, ұмыт қалғанға да, сағынышта жүргенге де лайық костюм бар және оларға өте жарасады. Бұдан басқа менде жаңалығы мен өзіндік ерекшелігі мол тағы бір кітап бар, оны Метаморфозалар немесе Испандық Овидий деп атағым келеді: онда мен Овидийді қалжыңбасқа айналдырам да, Хиральда Севильская мен Магдалина періштесі деген кім, кордовалық Каньо де Весингерра деген кім, Гисандо бұқалары, Сьерра Морена, мадридтік Леганитос пен Лавапьес фонтандары, сондай-ақ Пьохо, Каньо Дорадо мен Приора деген не — міне осылар жайында әңгімелеймін, астарлы сөздер мен ауыспалы мағынадағы сөздерді, сондай-ақ сөз ойнату тәсілдерін аямай қолданам, сондықтан кітабым әрі көңіл көтеріп, әрі таң-тамаша қалдырып, әрі тағылым беретін болады. Бұдан басқа Вергилий Полидорға қосымша деп атамақшы тағы бір кітабым бар; мұнда түрлі нәрсенің қалай ойлап табылғаны жайында сөз болады, бұл кітап менен терең білім мен тер төгіп еңбек етуді керек етті, себебі Вергилий қалыс қалдырған көп нәрсенің жай-жапсарын өзімнің анықтауыма тура келді және мұны көркем тілмен әңгімелеп берем. Мәселен, Вергилий дүниеде кімнің ең алғаш тұмау тиіп ауырғанын және француз сырқатынан сауығу үшін сылауды кімнің ең алғаш қолданғанын айтуды ұмытып кеткен, ал мен бұлар жайында зәредей шүбә келтіруге болмайтын мәлімет берем және жиырма бестен астам авторға жүгінем — бұл кітаптың маған қандай күшке түскенін және оның барша жұртқа қаншалықты пайдалы болатынын енді өзіңіз бажайлай беріңіз.

Студенттің әңгімесін мейлінше мұқият тыңдаған Санчо былай деп тіл қатты:

— Құдай оңғарып, кітапшаларыңыздың бәрін басып шығаруға жазсын, сеньор, ал енді сіз маған мынаны айта аласыз ба, — жә, не деп тұрмын өзі, әрине, айта аласыз, өйткені бәрін білесіз ғой, — дүниеде ең алғаш басын қасыған кім? Мен өзім бұл түп атамыз Адам деген пікірді ұстанам.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий