Knigionline.co » Казахские книги » Дон Кихот ІІ

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес

Книга «Дон Кихот ІІ» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Мистер Дон Кихот полюбил рыцарские романы и решил стать рыцарем. Он отправляется вместе со своим оружейником Санчо Пэнси в путешествие во имя любви к Дульсинеи Тобосской. Это путешествие и в наши дни пленяет читателя.

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес читать онлайн бесплатно полную версию книги

— Әбден мүмкін, — деді студент. — Адамның басы да, шашы да болды — бұған ешкім күдік келтіре алмайды, ендеше, оның кей-кейде басын қасуы да ықтимал, өйткені ол жер бетінде пайда болған тұңғыш кісі ғой.

— Мен де солай ойлаймын, — деді Санчо, — ал енді айта қойыңызшы, әлемдегі ең алғашқы акробат кім?

— Шынымды айтсам, туысқан, — деді студент, — бұл сұрағыңа қазір жауап бере алмаймын, ол арнайы зерттеуді қажет етеді. Бұл шаруамен үйге барған соң айналысам, — онда қажет кітаптың бәрі бар, — сосын қайта кездескенімізде саған қанағаттанарлық жауап беретін болам; біз тағы да жүздесерміз деп сенем.

— Жә, сеньор, босқа арам тер боп қайтесіз, — деді Санчо, — өзім аңғарып та қойдым. Білмесеңіз біліп алыңыз, әлемдегі ең алғашқы акробат — Люцифер19 : нәлет айтылып, аспаннан лақтырылған кезде тозаққа барып жеткенше тоңқалаң асумен болған.

— Дұрыс айтасың, туысқан, — деп қоштады оны студент.

Ал, Дон Кихот:

— Бұл сұрағың мен жауабыңды өзің ойлап тапқан жоқсың, Санчо: бұларды бір жерден естігенсің, — деді.

— О не дегеніңіз, сеньор, — деді Санчо келіспей, — сұрақ қою мен жауап қайтаруға бір кіріссем, оллаһи шыным, мені ертеңге шейін тоқтата алмайсыз. Түкке тұрғысыз нәрсе жайында сұрақ қойып, түкке тұрмайтын жауап қайтару үшін көршіден көмек сұраудың қажеті жоқ.

— Қандай бағалы сөз айтқаныңды өзің де білмейсің, Санчо, — деп құлаққағыс етті Дон Кихот. — Әлдебір нәрсенің құпиясын анықтап білуге кейбіреулер соншалықты көп күш жұмсайды, ал ақыры анықтап білген кездерінде мұның ақыл-ойымыз үшін де, қаперіміз үшін де қара тырнақтай құндылығы жоғы мәлім боп шығады.

Олардың бір күні осындай және осыған ұқсас ұнамды әңгімемен өтті, ал түнемеге олар бір шағын деревняға тоқтады, сол жерде студент Дон Кихотқа Монтесинос үңгірі осы арадан екі мильдей ғана жерде екенін, егер оның ішіне дендеп ену жөніндегі шешімінен таймаса, төмен түсу үшін белге байланатын арқан тауып алу керегін айтты; Дон Кихот ол әншейін үңгір емес, құрдым болған күнде де түбіне жетуге борышты екенін паш етті; сол мақсат үшін олар ұзындығы жүз брасқа жуық арқан сатып алды да, ертеңіне түс ауа сағат екілерде үңгірге келіп жетті: оның төмен қарай бастайтын даладай кең ауызын шомырт, қурай, жабайы інжір мен қара бүлдірген бұталарының ну жыныс боп өскен қорысы көзден жасырып көрсетпей тұрған. Үңгірге жақындаған соң студент, Санчо және Дон Кихот көліктерінен түсті, бұдан соң алғашқы екеуі Дон Кихоттың беліне арқанды шешілместей ғып байлап берді; оның белін осылай байлап-матап жатқан кезде Санчо оған былай деп тіл қатты:

— Не істегелі жатқаныңыз жайында ойланып көрсеңіз етті, мархабатты мырзам, өзіңізді өзіңізді тірілей жерлемесеңізші және салқындату үшін құдыққа түсіретін бөтелкеге ұқсамасаңызшы. Шынында да, тақсыр, үңгірді зерттеу деген сіз айналысатын іс емес қой, мұның сізге түкке де қажеті жоқ қой, оның үстіне, шамасы, бұл зындан атаулының бәрінен де жаман шығар.

— Сөзді қой да, дұрыстап байла. Бұл, достым Санчо, тек маған ғана арналған ерлік, — деді Дон Кихот.

Сол арада жол бастаушы сөзге килікті:

— Құдай ақы, сеньор Дон Кихот, барынша сақ болыңыз, ана жақта, тереңде өзіңізге жолығатын нәрселердің бәрін ықыласпен зерделеңіз, — бәлкім кейбірін Құбылыстар жайындағы кітабыма кіргізетін де шығармын.

— Ғалымды оқытып опа таппайсың, — деп құлаққағыс етті Санчо.

Байланып (сауыт-сайманының сыртынан емес, камзолының сыртынан) болғаннан кейін Дон Кихот былай деді:

— Біз бір аңғалдық жасап алдық: құйттай қоңырау ала шығуымыз керек еді — соны арқанға іліп қойғанда, қоңырау соғып сендерге өзімнің әлі тірі екенімнен, төмен қарай түсіп бара жатқанымнан белгі беріп тұрар едім, алайда енді ондай мүмкіндіктен айрылғандықтан мен тек жаратқанға ғана сенім артам және жолымды соған тапсырам.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий