Knigionline.co » Казахские книги » Дон Кихот ІІ

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес

Книга «Дон Кихот ІІ» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Мистер Дон Кихот полюбил рыцарские романы и решил стать рыцарем. Он отправляется вместе со своим оружейником Санчо Пэнси в путешествие во имя любви к Дульсинеи Тобосской. Это путешествие и в наши дни пленяет читателя.

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес читать онлайн бесплатно полную версию книги

— Жер астындағы мына қапаста, оң қол жақта, он екі ме әлде он төрт пе сажындай20 тереңдікте, қашыр жегілген ырдуан арба сиятындай ойпаң бар. Жердің бетіне дейін жетіп жатқан саңылаулардан ба әлде сызаттардан ба, болмашы жарық себезеленіп тұр. Бұл кеуек пен кеңістікті арқанға ілініп, салбырап тұрған кезімде, әл-қуатым азайып, осынау қараңғылық патшалығына жол жоқ, жоба жоқ, жорамалдап түсіп келе жатқаным жынымды келтіре бастаған шақта байқап қалғам, сондықтан осы кеуектің ішіне кіріп кішкене демалғанды жөн көрдім. Өзім жібер дегенше арқанды жібермей тұра тұрыңдар деп сендерге айқайлап едім, шамасы, естімегенсіңдер ғой. Өздерің үсті-үстіне жіберіп жатқан жіпті жинап алдым да, оны тайлап, басқаша айтқанда, будалап, соның үстіне отырып, енді қазір ешкім сүйемелдемейтіндіктен құрдымның түбіне қалай түсуіме болатыны жайында қатты қамығып ой кештім; осылайша көңілім алай-түлей боп ауыр ойдың үстінде отырған шағымда аяқ астынан және еркімнен тыс түрде мені қалың ұйқы қамады, одан соң күтпеген жерден, қалай, неліктен және не себепті екенін өзім де білместен, одан әдеміні табиғаттың өзі де жарата алмайтын, адамның ең оралымды ой-қиялы да туындата алмайтын, керемет сүйкімді, көркіне көз тоймайтын көк шалғында тұрған жерімнен бір-ақ ояндым. Бірден сергіп, көзімді уқалап жіберіп, ұйқтап жатпағаныма, мұның бәрін түсімде емес, өңімде көріп тұрғаныма көз жеткіздім. Әйтсе де, мына шалғында тұрған кім: мына менің өзім бе, жадыланған біреу ме әлде құр әншейін қиял ма, соған қапысыз болмаққа бетім мен кеудемді сипалап көрдім, алайда түйсігім де, сезімім де, басыма келген ойлардың қисындылығы да — бәрі-бәрі дәл қазір қарсы алдарыңда отырғанда қандай болсам, сол жерде және сол кезде тап сондай болғаныма еш күмән қалдырған жоқ. Одан соң көз алдымнан қабырғалары таза да мөлдір хрустальдан жасалған керемет әсем король сарайы ма, әлде қамал-сарай ма, бір ғимарат көрініс берді. Үлкен қақпа айқара ашылып, ар жақтан үстінде етегі жерге сүйретілген ұзын, күлгін-қоңыр бәйке плащы бар әлдебір қадірменді ақсақал шығып, маған қарай жүрді; плащының сыртынан иығы мен кеудесін коллегия тәлімгерлері тағатындай жасыл атлас лента жауып тұр, басына миландық қара телпек киіпті; аппақ қардай сақалы белінен келеді; қолына ұстағаны әлденендей қару емес, бар-жоғы таспиық қана екен, моншақтарының үлкендігі орташалау көлемдегі жаңғақтан да ірілеу, ал әрбір оныншы моншақтың үлкендігі — түйеқұстың кішілеу жұмыртқасындай; қарияның кескін-келбеті, аяқ алысы, маңғаздығы мен әлпетінің айбындылығы — осының бәрі мені қайран қалдырып, есімді шығарды. Ол қасыма жақындап, әуелі мені құшағына алды, сосын былай деп сөйлеп кетті:

“Монтесинос үңгірі деп аталатын мына терең үңгірдің ішінде не барын, бойында не жасырып жатқанын әлемге жария етуіңді күтіп, осынау жадыланған жабырқау қапаста сені, айбынды рыцарь Ламанчалық Дон Кихот, тосып жатқанымызға көп жылдың жүзі болды. Мұнда енуің арқылы сен бір өзіңе ғана арналған ерлікті іске асырдың және мұндай ерлікке қайтпас-қайсар батыл және таңғаларлық табанды адам болғандықтан тек сен ғана тәуекел ете алар едің. Ер соңымнан, қадірменді сеньор, саған мына мөлдір сарайда жасырулы жатқан ғажайыптарды көрсеткім келеді. Мен мұның алькайды және тұрақты бас бақылаушысымын, өйткені осы үңгірге есімі берілген Монтесинос деген мен болам”.

Ол өзін Монтесиноспын деген бойда одан ең жақын досы Дурандарттың жүрегін көкірегінен кішкене қанжармен ойып алып, — дүние саларының алдында Дурандарттың өзі өсиет еткендей, — сеньора Белермаға апарып бергені жөнінде біздегі, жоғары жақтағы, жұрттың айтып жүрген әңгімесі шын ба деп сұрадым. Қария қанжардан басқасының бәрі шын екенін, кішкене қанжармен емес, бізден де үшкір үш қырлы стилетпен ойып алғанын айтты.

— Шамасы, бұл севильялық Рамон де Осес жасаған стилет болды ғой, — деп сол арада Санчо Панса сөзге араласты.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий