Knigionline.co » Казахские книги » Дон Кихот ІІ

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес

Книга «Дон Кихот ІІ» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Мистер Дон Кихот полюбил рыцарские романы и решил стать рыцарем. Он отправляется вместе со своим оружейником Санчо Пэнси в путешествие во имя любви к Дульсинеи Тобосской. Это путешествие и в наши дни пленяет читателя.

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес читать онлайн бесплатно полную версию книги

“Беу, сеньор Дурандарт, ғазиз бауырым! Өзіміз жеңіліс тауып, қасірет жамылған сол күні өзің берген әмірді мен бұлжытпай орындап та қойдым: кеудеңде титімдей де түйірін қалдырмай, жүрегіңді барынша мұқият түрде ойып алдым, оны шілтерлі орамалмен сүрттім, сосын тәніңді жерледім: сонда егіл-тегіл еңіреп жылағаным сонша, көзімнің жасы кеудеңе сұққанда боялып шыққан қолымның қанын шайып кетті, одан соң жүрегіңді алдым да Францияға қарай ұшырттым. Соған мынау тағы бір дәлелдеме, ардақты бауырым: иістеніп кетпеуі үшін және сеньора Белермаға сол күйінде жеткізе алмасам, тым құрығанда, тұздалған күйінде табыс ету үшін Ронсевальдан шыққаннан кейін ұшырасқан ең алғашқы елді мекенде жүрегіңе аз-маз тұз септім; алайда данагөй Мерлин өзіңмен бірге, менімен, атқосшың Гуадианамен, дуэнья Руидерамен және оның жеті қызы, екі немере жиенімен, сол сияқты көптеген досыңмен және танысыңмен бірге сеньора Белерманы да ұзақ жылдар бойы осында, жадыланған патшалықта ұстап отыр, содан бері арада бес жүз жылдан астам уақыт өткенімен осы кезге шейін ешқайсымыз өлгеніміз жоқ, — арамызда тек Руидера, оның қыздары мен немере жиендері ғана жоқ: олардың көзі кеппей жылағаны сондай, сірә, жаны ашығандықтан шығар, Мерлин оларды айдынға айналдырып жіберді, енді қазір тірілер әлемінде, соның ішінде Ламанча провинциясында, оларды Руидера айдындары деп атайды. Жеті қызы Испания короліне, екі немере жиені Шоқындырушы Иоанн ордені аталатын қасиетті орденнің рыцарьларына қарайды. Басыңа түскен қасіретті халге бізбен бірге қатты қайғырып жылаған атқосшың Гуадиана өз атымен аталатын өзенге айналдырылды, бірақ бұл өзен жер бетіне шығып, жарқыраған күн көзін көрген бойда өзіңнен айрылып қалғанына жүрегі қан жылап, қайтадан жер қойнына сіңіп кетті, алайда өзен атаулы өзінің табиғи арнасына бой ұсынбай тұра алмайды, сондықтан ара-тұра жер бетіне шығып, күнге және адамдарға жүз көрсетіп қояды. Аталмыш айдындар оны өз суымен қоректендіреді, сөйтіп осылармен және өзіне келіп құятын басқа да бұлақтармен толыққан ол асып-тасып, асқақтап, толқындарын Португалияға қарай лықсытады. Алайда бара жатқан жолының бәрінде ол қайғыру мен қамығудан арыла алмағанын аңғартып отырады, осы себепті өз суында алтын арна Тахо секілді дәмді де қымбат балық өсіруге құлық танытпайды, — тікенекке толы, жеуге жарамсыз балықты ғана өсіреді. Осы қазір өзіңе баян еткен нәрсемнің бәрін, беу, бауырым, саған бұрын да бәленбай рет айтқанмын, бірақ жауап қатпайтыныңа қарағанда, өз ойымша, маған сенбейтін секілдісің әлде естімей ме екенсің, ал мұның қалай жаныма бататыны бір құдайдың өзіне ғана аян. Саған бүгін жаңа хабар әкелдім, бұл жүрегіңнің азабын азайтпағанымен, әйтеуір оны өршітпейтіні анық. Біле білсең, алдыңда тұрған адам — көзіңді ашсаң болды, өзің де көресің — данагөй Мерлин сан рет сәуегейлік жасаған айтулы рыцарьдың тап өзі, әлдеқашан ұмыт болған рыцарьлықты өткен замандардағыдан гөрі көбірек пайдасы тиетіндей етіп біздің заманымызда қайта тірілткен тап сол Ламанчалық Дон Кихот; бәлкім, оның көмегі мен қамқорлығы арқасында жадылаудан арылатын да шығармыз, өйткені ұлы адамдарға ұлы істерді атқару жазған ғой”.

“Ал егер олай болмай шықса, — деді азап шегіп жатқан Дурандарт әлсіз де қарлығыңқы үнмен, — ал егер олай болмай шықса, беу, бауырым, саған айтарым мынау ғана: “Жә, ұтылсақ ұтылған шығармыз — тарат тағы қайтадан”.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий