Knigionline.co » Казахские книги » Дон Кихот ІІ

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес

Книга «Дон Кихот ІІ» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Мистер Дон Кихот полюбил рыцарские романы и решил стать рыцарем. Он отправляется вместе со своим оружейником Санчо Пэнси в путешествие во имя любви к Дульсинеи Тобосской. Это путешествие и в наши дни пленяет читателя.

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес читать онлайн бесплатно полную версию книги

— Жоға, достым Санчо, — деді Дон Кихот келіспей, — ондай қылық маған жараспас еді, өйткені біз қарт кісілерді, соның ішінде, әсіресе, рыцарь-қарияларды, оның үстіне жадыланған жандарды, құрмет тұтуға міндеттіміз. Әңгімеміздің одан арғы барысында бір-бірімізбен мейлінше сыпайы болғанымызға кепілдік ете алам.

Осы арада студент сөзге килікті:

— Сеньор Дон Кихот, қалай ғана осынша аз уақыттың ішінде жер астынан соншама көп нәрсені көріп, соншама көп нәрсе жайында пікір алмасып және біліп үлгергенсіз, соған ақылым жетпей отыр.

— Ана жақта қанша болдым өзі? — деп сұрады Дон Кихот.

— Бір сағаттан астам ғана, — деп жауап қатты Санчо.

— Олай болуы мүмкін емес, — деп қарсылық білдірді Дон Кихот. — Ол жақта менің көз алдымда кеш түсті, сосын таңды қарсы алдым, сөйтіп күн мен түн осылай үш мәрте ауысты, демек, өз есебімше, осынау әрі жырақ, әрі көз таса орындарда мен аттай үш күн болдым.

— Мырзамның шындықты айтып отырғанында шүбә жоқ, — деп мәлім етті Санчо. — Егер мұның бәрін ол ғажайып түрде бастан кешсе, онда біздің мұндағы бір сағатымыздың анда, жер астында, үш тәулікке пара-пар болуы да ғажап емес.

— Әбден мүмкін, — деп мақұлдады оны Дон Кихот.

— Ал, сіз онда немен жүрек жалғадыңыз, мархабатты мырзам? — деп сұрады студент.

— Үш күн бойы нәр татқам жоқ, бірақ қарным ашқанын да сезгем жоқ, — деп жауап қатты Дон Кихот.

— Жадыланғандар ше, олар ас іше ме екен өзі? — деп тақымдады студент.

— Жоқ, олар тамақ ішпейді, дәрет сындырмайды, — деп жауап қатты Дон Кихот, — солай бола тұрғанымен, олардың тырнағы мен сақал-шашы өсуін тоқтатпайды деген пікір бар.

— Бірақ жадыланғандар ұйқтауын ұйқтайтын шығар енді, сеньор? — деп сұрады Санчо.

— Әрине, ұйқтамайды, — деп жауап қатты Дон Кихот. — Қалай болған күнде де, әйтеуір, өзім олармен бірге өткізген үш тәулікте ешқайсысы бір сәтке кірпік ілген жоқ, мен де сөйттім.

— “Кіммен аралас-құралас екеніңді айтшы, кім екеніңді айтып берейін” дейтін мақал осы араға өзі сұранып тұр, — деп құлаққағыс етті Санчо. — Сіз, тақсыр, жадыланған ораза ұстаушылармен және ұйқыдан жерігендермен достастыңыз, ендеше солармен жолдас боп жүргенде тамақ ішпегеніңізге және ұйқтамағаныңызға таңырқаудың реті жоқ. Бірақ, маған ренжи көрмеңізші, тақсыр, осы арада бізге жыр ғып айтқандарыңыздың ешқайсысына сенген жоқпын, өтірік айтсам құдай алып-ақ кетсін мені (“шайтан алып-ақ кетсін” дей жаздап шақ қалғанымды қарашы).

— Сонда қалай болғаны? — деп дауыстап жіберді студент. — Сеньор Дон Кихот не үшін өтірік айтуға тиіс? Ол кісі тіпті шынымен сөйткісі келген күнде де, бәрібір, адам сенгісіз осынша көп оқиғаны қолма-қол ойдан шығарып үлгермес еді ғой.

— Мырзам өтірік айтып отыр деп ойламаймын, — деді Санчо келісіңкіремей.

— Сонда қалай деп ойлайсың? — деп сұрады Дон Кихот.

— Менің ойымша, — деп жауап қатты Санчо, — өзіңіз, тақсыр, көрдім деген, анда, төменде, бірге уақыт өткіздім деген әлгі тобырдың бәрін жадылап қойған Мерлин бе әлде басқа сиқыршылар ма, әлгінде бізге айтып берген және қалғанын кейін айтып беретін хикметтермен басыңызды лық толтырып тастаған.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий