Knigionline.co » Казахские книги » Дон Кихот ІІ

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес

Книга «Дон Кихот ІІ» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Мистер Дон Кихот полюбил рыцарские романы и решил стать рыцарем. Он отправляется вместе со своим оружейником Санчо Пэнси в путешествие во имя любви к Дульсинеи Тобосской. Это путешествие и в наши дни пленяет читателя.

Дон Кихот ІІ - Мигель де Сервантес читать онлайн бесплатно полную версию книги

— Бұларды арнауға болатын сеньорлар мен грандтар Испанияда баршылық қой, — деді студент.

— Олар онша көп те емес, — деді Дон Кихот келіспей, — және мәселе олардың мұндай арнауға татымайтынында да емес, мәселе олардың мұны қабыл алмайтынында болып тұр, себебі еткен еңбегі мен көрсеткен құрметі үшін авторларға сый-сияпат жасауға өздерін борышты санағылары келмейді. Солай бола тұрғанымен, арнаудан бас тартатындардың барлығын бір өзі алмастыра алатын жоғары лауазымды бір адамды білем, егер осынау мәртебелі мырза жайында егжей-тегжейлі айта бастасам, ізгі ниетті талай жүректе қызғаныш қоздар еді, сондықтан бұл әңгімені қолайы келген кезге дейін қалдыра тұрайық, ал қазір қайда қонып шығатынымыздың жайын қарастырайық.

— Осы араға таяу маңда шағын рақыпхана бар, сонда бір тақуа тұрады, — деп хабарлады студент. — Жұрттың айтуынша, ол бұрын солдат болыпты, сондай-ақ, оны ізгі ниетті христиан, байсалды да биязы адам деседі. Рақыпхананың жанында кішкене үйшік бар, оны өзі салып алыпты, баспана шағын болғанымен, меймандар жайғасатын орын табылады.

— Ол тақуада тауық жоқ па екен, білмедің бе? — деп сұрады Санчо.

— Қазіргі кезде тауығы жоқ тақуа аз, — деп жауап қатты Дон Кихот. — Қазіргі тақуалар Мысыр шөлінде жан сауғалап, пальма жапырағымен әбүйірін жауып, шөп тамырын талғажау еткендерге мүлдем ұқсамайды. Алайда, мені бұрынғы тақуаларды асқақтату арқылы бүгінгілерді төменшіктетіп отыр екен деп ойлап қалмаңдар, — айтайын дегенім, қазіргі тақуалық тірлік бұрынғы кездердегідей зор қиыншылық пен жоқшылықты білмейді, бірақ бұдан бүгінгі тақуалар жаман адам деген ой тумайды; керісінше, мен олардың бәрін де жақсы адамға балаймын, тіпті іштерінде ондай-мұндайы кездесе қалған күнде де, бәрібір ізгі ниетті болғансып жүрген мүттәйім көпе-көрнеу күнәкардан гөрі аз зұлымдық жасайды.

Осындай әңгіме-дүкен құрып келе жатқан олар қарсы алдарынан әлдекімнің шапшаң адымдап, найза мен алебарда22 артылған қашырын асығыс айдап келе жатқанын көрді. Бұлармен қатарласқан жолаушы бас иіп сәлемдесті де, әрмен қарай аса берді. Дон Кихот оған айқайлап:

— Тоқтай тұрыңыз, туысқан! Байқауымша, қашырыңыз қалағаннан гөрі қаттырақ жүріп бара жатқан сияқтысыз, — деді.

— Тоқтай алмаймын, сеньор, — деп қарсылық білдірді бейтаныс, — өзім әкеле жатқан, мына өзіңіз көріп тұрған қару-жарақ күні ертең керек болғалы тұр, сондықтан тоқтауға қақым жоқ, ендеше, сау болыңыз. Егер мұны не үшін әкеле жатқаныма ынтық болсаңыз, онда біліп қойыңыз, мен рақыпханаға жақын маңдағы бекетте түнемекпін, өзіңіз де сонда бара жатсаңыз, сол жерден кездесерміз, сонда не түрлі ғажайыптар жайында айтып берермін. Ал, әзірше тағы да аман-сау болыңыз.

Бұдан соң бейтаныс қашырын қуалай жөнелді де, Дон Кихот одан қандай ғажайыптар жайында айтпақшы екенін сұрап үлгере алмай қалды. Аса бір әуесқой, жаңалыққұмар адам болғандықтан Дон Кихот дереу жүріп кетуге, студент өзін шақырған рақыпханаға соқпай-ақ, бекетке барып түнеуге әмір етті.

Оның әмірі бұлжытпай орындалды: үшеуі көліктеріне мініп, бекетті бетке ұстап тартып кетті де, онда қараңғы түспей-ақ жетті. Жолшыбай студент Дон Кихотқа тақуаға соғып, тамақ жібітіп алу жөнінде ұсыныс айтқан. Соны естіген бойда Санчо сөзге келместен есегінің басын солай қарай бұра қойған, Дон Кихот пен студент те соңынан ерген, алайда мейірімсіз тағдыр Санчоға қасақана тақуаның сол тұста үйінде болмай шығуын қарастырып қойыпты, мұны оларға өздері рақыпханадан жолықтырған қызметші әйел хабарлады. Бұлар әйелден қымбаттау шарап сұрады, әйел қожайыны шарап сақтамайтынын, егер арзан бағаға ауыз су керек болса, онда қуана-қуана бұлардың шөлін қандыратынын айтты.

— Ау, су ішкім келсе, жол бойындағы кез-келген құдықтан мелдектеп алмаймын ба, — деді Санчо. — Аһ, шіркін, Камачоның тойын-ай, дон Дьегоның дәулеті тасыған үйін-ай! Ұмытпаспын сендерді ешқашан!

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий